Берешекті жасыру – заңсыз әрекет
Мемлекет қаржысын есептеудің өз тәртібі бар. Алайда, Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті өңірдегі Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты бір нысаннан бюджет қаражатын дұрыс есептемеу дерегін анықтады.
Аудит барысында жалпы сомасы 484 087,4 мың теңге қаражат тексерілген. Нәтижесінде бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есептілікті жасау тәртібі бойынша барлығы 12 698,9 мың теңгенің рәсімдік сипаттағы заң бұзушылықтары анықталды. Атап айтқанда, мемлекет активтерінің дұрыс есебін қамтамасыз етпеу, дебиторлық және кредиторлық берешектерді жасыру, бюджеттік қаражатты тиімсіз пайдалану, бухгалтерлік тәртіпті бұзу, пайдаланылмаған демалыс бойынша қызметкерлерге резерв сомасын есептемеу фактілері белгілі болды. Сонымен қатар, функционалдық міндеттерді толық орындамау жағдайларының орын алғаны байқалған.
Аудиторлық іс-шара өткен жылдың шілде айында басталып, биыл сәуір айына дейінгі кезеңде жүргізілген. Осы уақыт ішінде аудиторлар тексеріс жүргізіп қана қоймай, қаржылық есептілікті заң аясында жүргізудің әдіс-тәсілдерін үйреткен. Сөйтіп, олар заң бұзушылықтарды анықтаумен қатар оларды уақытында жоюды қамтамасыз еткен. Аудит барысында жоғарыда аталған жалпы сомасы 12 698,9 мың теңгенің рәсімдік сипаттағы бұзушылықтары бойынша бухгалтерлік жазбалар беріліп, қалпына келтірілген.
Рүстем ТҮСІПБЕРГЕН,
Атырау облысы бойынша
Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшының орынбасары