БЕРЕКЕЛІ ІСТІҢ БЕДЕРЛЕРІ
Алға ауылының шырайы
Алға ауылындағы жаңа емхана көктемде пайдалануға берілген болатын. Содан бері «басы ауырып, балтыры сыздаған» ауыл тұрғындары алғашқы көмек, ем-домдарды алу үшін аудан орталығына сабылмайтын болды. Өткен жылы құрылысы басталған ауылдық амбулатория барлық қажетті заттармен толықтай жабдықталған. Орталықтандырылған залалсыздандыру, лор, әйелдерді қабылдау, екпе, күндізгі стационар бөлмелері мен зертхана, химизатор, дәріханамен қамтылған емхана күніне отызға жуық адамды қабылдайды. Бұған қоса, тіс дәрігері бөлмесі толық жабдықталғанмен, маманның жоқтығына байланысты қызмет көрсетпей келген еді. Осы орайда аудандық орталық ауруханада жұмыс істейтін тіс дәрігері Саябек Табжанов аталған дәрігерлік амбулаторияға ауысып, қызметке кірісіп жатыр.
Емдеу мекемесі маңынан облыс әкімінің қолдауымен салынған бір тұрғын үйдің кілті осы тіс дәрігеріне табыс етілсе, екінші пәтерге Алға селолық округі аппаратының маманы, әлеуметтік қызметкер Ботагөз Атулина қоныстанды. Қуаныш иелерін облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов құттықтап, пәтер кілттерін тарту етті.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында мемлекетіміз аз ғана уақыттың ішінде іргесін бекітіп, аяғына тік тұрып, дүниежүзіне танымал елдер қатарына қосылды, — деді облыс басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы пәтер кілттерін иелеріне табыстау салтанатты шарасында сөйлеген сөзінде. — Ең басты байлығымыз – халық тыныштығы мен бірлігі. Жыл сайын еліміздің экономикасы дамып, халқымыздың әл-ауқаты жақсарып келеді. Бұрынғы кездері Жайықтың сол жағымен жүру үлкен бейнет еді. Енді міне, тас жолы салынып жатыр. Бұл жол көп кешікпей Индер ауданына да жетеді. Биыл Жайық өзені бойындағы Алға, Еңбекші, Ортақшыл, Еспол, Ақжайық, Бөдене, Жарсуат, Құрылыс елді мекендеріне кірме жол мен көшелері асфальтталады. Әр ауылдың ішін өзім жеке аралап, қарап шыққан болатынмын. Алға ауылында жеті шақырымды құрайтын алты көшені асфальттауға тапсырма берілді.
Сонымен қатар, аймақ басшысы мемлекеттік бағдарламалар аясында облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Былтыр 1600-ге жуық пәтер тапсырылса, биыл 2000-нан астам пәтер беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, аудан орталықтарында тұрғын үй құрылысының жақсы жүріп жатқандығын айтқан облыс әкімі келесі жылы Махамбет ауданы орталығында алпыс пәтерлік үй салынатынын хабарлады. Мұндай игі іс ауылдық елді мекендерде де жалғаспақшы. Пайдалануға берілген екі тұрғын үй соның бастамасы болды.
«Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде облыста тұрғын үй комбинаты, ірі габаритті және өте ауыр жабдықтарды құрастыру, модульды үй құрылысын шығаратын зауыттар, елуден астам дәрі түрін шығаратын фармацевтика фабрикасы және басқа да нысандар құрылысы қолға алынып жатқанын жеткізді.
— Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында үлкен нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Оның бір көрінісі сол, 2012 жылы картоптың көлемі 57 гектар болса, былтыр бұл көрсеткіш 800 гектарға жетті, ал, биыл 1281 гектарға жеткізіп отырмыз. Көкөніс көлемінде де айтарлықтай өсім бар. 2012 жылы 300 гектар жерге көкөніс егілсе, ағымдағы жылы 2300 гектар аумақты қамтыды. Соңғы жылдары дүние-жүзіне кеңінен еніп жатқан тамшылатып суару технологиясын пайдалану арқылы өнім көлемі ұлғаюда. Соның нәтижесінде бір гектардан 40 тоннаға дейін картоп жинадық. Сондықтан, шағын және орта бизнесті дамыту бағытында мемлекет үлкен қолдау көрсетіп отыр, — деген, облыс әкімі Б.Ізмұхамбетов ауыл халқын еңбек етуге, егін егуге шақырды және жүзеге асып жатқан өзге де жобалармен таныстырды.
Мердігер мекеме «АЯН-АРС» ЖШС-нің директоры Бағдат Солтанбековтың айтуынша, тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың мамыр айында басталып, белгіленген уақытта тапсырылып отыр. Үш бөлмеден тұратын әр үйдің жалпы ауданы — 87м2. Ішінде қонақ бөлме, ас үй, екі жатын бөлме, жуынатын бөлме бар.
Қазір ауданда денсаулық сақтау саласын дамытуға барлық жағдайлар жасалуда. Аудандық аурухананың бас дәрігері Ермек Сабыровтың айтуынша, балалар шетінеуі азайып, демографиялық көрсеткіштер жылдан-жылға жақсарып, халықтың өсімі байқалуда. Туберкулезбен аурушаңдық та 35 пайызға азайып келеді. «Биылдың өзінде ауданда төрт дәрігерлік-амбулаториялық емхана салынып, пайдалануға берілу жоспарланған. Соның ішінде Алға, Таңдай, Ақжайық ауылдарында жаңа емдеу орындары ашылды. Дәрігерлерге қызметтік пәтерлер салынып, кезексіз тапсырылуда. Мұның барлығы — Елбасының және облыс басшылығының ұлт саулығына деген қам-қорлығының арқасы» — дейді бас дәрігер.
Ақжайықтағы қуаныш
Мұндай қуаныш Ақжайық ауылында да жалғасты. Облыстық бюджет есебінен ағымдағы жылдың сәуір айында құрылысы басталған үш бөлмелі екі тұрғын үй пайдалануға берілді.
Пәтер бөлмелері аса ыңғайлы, жарық, барлық инфрақұрылымдық жүйелер жүргізілген. Бұл пәтерлер де аймақ басшысының тапсырмасымен әлеуметтік сала қызметкерлерін тұрғын үймен қамту мақсатында салынған болатын. Қоныс той иелерімен қуанышты бөліскен облыс әкімі ауылдық емхананың жалпы тәжірибе дәрігері Асылбай Сертаев пен «Ақжайық» мәдениет үйінің басшысы Қамбар Жәкиевті құттықтап, баспана кілттерін табыс етті.
Бұдан кейін аймақ басшысы бастаған топ биыл маусым айында пайдалануға берілген ауылдық емхананың жұмысымен танысты. Халық саулығын арттыру мақсатында қызметін жандандырып жатқан емханада тіс дәрігері, акушер-гинеколог, физиотерапевт, қан тапсыру, функционалдық диагностика және басқа да бөлмелер ауыл тұрғындарына қызмет көрсетеді.
Жаңа мәдениет үйі бой көтерді
Жалпы, ағымдағы жыл ақжайықтықтар үшін сәтті кезең болып отыр. Ауылда жаңа мәдениет үйінің ашылуы – соның тағы бір көрінісі.
Айта кетсек, аудандағы мәдениет үйлерінің барлығы кеңес Одағы кезінде салынған ғимараттар болатын. Егемендік алғаннан бері ауданда алғаш рет жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашты. Өнерге шөлдеген ақжайықтықтар үшін бұл айтулы күн ретінде есте қалады.
— Кезінде қызмет көрсетіп, кейін тоқсаныншы жылдардың аласапыран заманында қолды болған әлеуметтік нысандарды қайтадан жаңартып немесе жаңадан салуды қолға алып отырмыз. Соның нәтижесінде облыстың әр аймақтарында мектептер, балабақшалар, емханалар, мәдениет үйлерін салу қолға алынуда. Биыл және келесі жылы облысқа қарасты Исатай ауданының Аққыстау, Индер ауданының Индербор, Құрманғазы ауданының Дәшін, Қызылқоға ауданының Мұқыр селоларында 400 орындық мәдениет үйлері бой көтермекші. Сонымен қатар, Қызылқоға ауданындағы Қарабау, Индер ауданының Есбол елді мекендерінде 300 орындық, Бөдене (Индер ауданы), Жұмыскер, Жаңаталап, Ақжар, Еркінқала (Атырау қаласы), Жанбай (Исатай ауданы) селоларында 200 орынға негізделген дәл осындай мәдениет үйі салынып, іске қосылады деп күтілуде. Атырау – Индер тас жолы биыл толықтай салынып бітеді және Ақжайық ауылының барлық көшелеріне асфальт төселеді. Ауыз сумен қамту жазғы су жүргізу мәселелері қаралуда, — деп облыс басшысы ауыл тұрғындарын жағымды жаңалықтарымен қуантып, облыстың Құрметті азаматы Мұрат Өтешевпен бірге керілген лентаны қиып, ғимаратты аралады.
Сонымен қатар, мәдениет үйіне он домбыра, бір гитара, прима, баян, пианино сынды музыкалық аспаптарды сыйға тартты.
«Фирма АТК» ЖШС құрылыс жұмыстарын өткен жылдың қараша айында бастаған болатын. Содан бері облыс басшысы өзі бірнеше рет барып, құрылыстың жүру деңгейін тікелей бақылауында ұстаған болатын. Екі қабатты мәдениет үйі 200 орынға негізделген. Бірінші қабатта көрермен, оқу, мерзімді басылымдар, би залдары мен асхана және тағы басқа бөлмелер бар. Ал, екінші қабатта дауыс, жарық беретін бөлмелер мен көркем шеберханалар заман талабына сай салынған.
Салтанатты шара Дина Нұрпейісова атындағы академиялық халық аспаптар оркестрінің орындауындағы мәдени кешпен жалғасын тапты.