Жарнама
Ғибрат

Береке мен мейірімнің бәйтерегі

Еліміздің тарихында мыңдаған тағдырлар, еңбек пен ерлікке толы өмір жолдары бар. Солардың бірі – тыл ардагері, көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері Мәукеш Шайхығалиеваның өмір жолы.

b966f93e dd0e 4540 a76c f25d79a1b791 1

Мәукеш Шайхығалиқызы 1930 жылы бұрынғы Гурьев облысы, Қамысқала округіне қарасты Бабан ауылында, Молотов атындағы колхозда дүниеге келген. Өмір есігін ашқаннан кейінгі балалық шағы ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңге тұспа-тұс келді. Болашақтың жарқын күнін аңсаған қазақ жұрты үшін бұл – ауыр да сындарлы жылдар еді.
Мәукеш Шайхығалиқызы білім жолын Сталин атындағы орта мектепте жалғастырып, оны сәтті аяқтайды. Алайда елде соғыс басталып, тағдырдың басқа беті ашылады. Жасөспірім шағынан еңбекке араласуға тура келеді. 1942 жылдан бастап, тылда жұмыс істеп, елге, еңбекке адал қызмет етеді. Ұжымшардың (колхоз) қара жұмысына араласып, сиыр бағып, сауып, мал азығын дайындауға белсене атсалысады. Сол кезеңде анамыздың төзімділігі, қажырлы еңбегі ел есінде қалатын ерлікпен пара-пар.
Соғыстан кейінгі бейбіт күндерде де еңбек жолын жалғастырады. 1955 жылы өмірлік серігі Қуәтілі Сұлташевпен отау құрып, шаңырақ көтереді. Бұл отбасы берекенің, ұрпақ тәрбиесінің үлгісіне айналады. Мәукеш ана тоғыз перзенттің – алты ұл мен үш қыздың анасы атанып, оларды тәрбиелеп өсірген ардақты ана, ұрпақ сабақтастығының алтын көпірі бола білді.
Мәукеш Шайхығалиқызы еңбек жолын Чапаев атындағы кеңшарда (совхоз) жалғастырып ауыл шаруашылығында тер төкті. 1970 жылдан бастап, қой шаруашылығында еңбек етті. Қай салада болмасын, табандылықпен жұмыс істеп, өз ісіне адалдығы мен жауапкершілігін көрсетті. 1981 жылы еңбек демалысына шығып, зейнеткерлікке жетеді. Еңбектегі табысы мен көпбалалы ана ретіндегі рөлі үшін оған «Тыл ардагері» және «Алтын алқа» құрмет белгілері табысталды.
Биыл тоқсан жастың биігіне шыққан Мәукеш апа – ұрпағының ұйытқысы, немере-жиендерінің сүйікті әжесі. Ол қазіргі таңда Атырау облысы, Исатай ауданы, Аққыстау округіне қарасты №15 темір жол бекетінде тұрып жатыр. Өмір жолы – кейінгі ұрпаққа өнеге, қайсарлықтың, табандылықтың, аналық мейірімнің айқын үлгісі.
Тыл ардагері Мәукеш Шайхығалиқызының ғұмыры – ел үшін еткен еңбек пен ұрпақ үшін төккен тердің шежіресі. Осындай жандардың арқасында тәуелсіз еліміз өсіп-өркендеп келеді.

Алмас ҚАБДОЛ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button