БЕНЗИН БАҒАСЫ ТАҒЫ ДА ҚЫМБАТТАДЫ
Жалпы, турасын айтқанда, сарапшылар биыл жоғары октанды АИ-95 пен АИ-98 бензиндерінің бағасы 3-5 теңгеге қымбаттауы ықтималдығын, олардың тіпті күзге қарай жетіспестігі байқалатынын болжаған. Жыл басынан бері бағамдағанда осындай жанармай шығару 14 пайызға кемуі ықтималдығы да айтылған. Адам таңғаларлық жай – зауыттарда осындай дайын өнім тұрып қалған. Оған себеп – үш жылдан бері елімізде ашық мұнайды экспорттауға тыйым салынуы.
Ал, жұртшылық жиі тұтынатын, тіпті әлеуметтік саналатын дизель отынының, АИ-80 мен АИ-92/92 бензиндерінің сарқылуын сарапшылар республикадағы үш мұнай өңдеу зауытында жаңғырту жұмыстары жүріп жатқандығымен байланыстырады. Бұдан біраз бұрын АИ-92/93 бензинін Қытайдан тасымалдау туралы айтылған-ды. Яғни, оларға арзан бағасына мұнай беріп, орнына жанармай алу көзделген. Мұндай жағдайда біз өзге елдің экономикасын көтеруге жұмыстанамыз. Ал, қазір аталмыш жанармай Қазақстанға Ресейдің Омск мұнай өңдеу зауытынан келіп жатыр. Әрине, қымбат бағасына!
Жалпы, бізбен шекаралас елдердің бәрінде жанармай құны жоғары. Оның бағасын Ресей де, тіпті Қырғызстан да көтерді. Өзбек елі де арзан бензинге иек артпайды. Екі араның ашықтығын пайдаланып, ресейлік жүргізушілер Қазақстанның шекаралас өңірлерінде көліктерін біздің жанармайға толтырып алып, қайтадан әрі асып кететін көрінеді. Міне, соның соңы бізде де бензин бағасын қымбаттатуға соқтырды. Ол қаншаға созылады? Осы шекті баға алдағы уақытта сақтала ма? Оны әзірге ешкім де айта алмайды.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.