
Бектенов шахтадағы апатқа қатысты: мұқият тексеріп, зардабын жою керек
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау облысы Жомарт шахтасындағы апаттан қаза тапқан жұмысшылардың отбасына көңіл айтты, — деп хабарлайды kaz.inform.kz.
— Бүгінгі отырысты Ұлытау облысындағы төтенше жағдайдан бастаймыз. Үкіметтің атынан шахтадағы апат салдарынан қаза тапқан кеншілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Марқұмдардың отбасына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр, — деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттың себептерін тексеру және зардаптарды жою бойынша үкіметтік комиссия құрылды.
— Оны менің орынбасарым Қанат Алдабергенұлы Бозымбаев басқарды. Оқиғаның мән-жайын мұқият тексеріп, зардаптарын жою керек, — деді ол.
Бұған дейін Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев Ұлытау облысы Жомарт шахтасындағы апаттың себебі 10 күннің ішінде аяқтайтынын айтты.
Еске сала кетсек, 17 ақпанда Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам төтенше жағдайда қалған еді.
Кейін кабельдердің үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс жоқтығы айтылды.
Шахта астында қалған қалған жұмысшылардың барлығы мерт болғаны анықталды.
Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Айта кетейік, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалады.
Сондай-ақ Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды.