Бекіре тұқымдастарға «төлқұжат» беріледі
Atr.kz/10 маусым, 2019 жыл. Қазақстанда бекіре тұқымдас балықтар үшін генетикалық паспорттар жасақталып жатыр. Бұндай жұмыстар бірнеше жыл жүргізілуде.
Негізгі мақсаты: бекіре тұқымдастардың миграциялық жолдарын зерттеу, сондай-ақ, табиғи және жасанды популяция деңгейін анықтау.
— Әрбір ұсталған тұқым беруші балыққа және жас балыққа мамандар генетикалық паспорт жасайды. Соның арқасында кейінірек, балықтың қайдан келгенін, «ата-анасы» кім екенін, қай зауыттан шыққанын немесе табиғи жолмен пайда болғанын анықтай аламыз. Сөйтіп, әрбір елдің, әрбір зауыттың бекіре тұқымдастарды қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесі де белгілі болады,-дейді «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС-нің Атырау филиалының директоры Ерболат Қадимов.
Е.Қадимовтың айтуынша, шабақтардың өміршеңдігі туралы нақты ақпараттың болмауы – бекіре зауыттары бар Каспий маңы мемлекеттері үшін ортақ проблема. Қазір сыналып жатқан гендік – молекулярлық талдау әдістемесі болашақта жасанды және табиғи популяция арасындағы айырмашылықты ажыратып алуға мүмкіндік береді.
Жергілікті екі бекіре зауыты 20 жылда бекіре, қортпа, щоқыр сияқты балықтардың жүз миллионнан астам шабағын теңізге жіберген екен. Егер, қортпа 17-18 жаста жыныстық тұрғыдан ересек балыққа айналатынын ескерсек, кезіндегі шабақтардың қазір уылдырық шашуға шығуы әбден мүмкін.
Дереккөз: Атырау өңірлік коммуникациялар қызметі