Бейруттегі жарылыстан Қазақстанның дипломатиялық миссия ғимараты жапа шекті (+видео)
Atr.kz/4 тамыз, 2020 жыл. Ливандағы қазақстандық дипломаттардың ақпараты бойынша, ағымдағы жылғы 4 тамызда жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00 шамасында Бейруттағы теңіз портының базасында бірнеше қатты жарылыс болды.
Нәтижесінде, жақын маңда орналасқан үйлерде, сондай-ақ жарылыс эпицентрінен бірнеше шақырым жерде орналасқан ғимараттарда терезелері шағылды, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігі.
«Жергілікті биліктің алдын-ала ақпараты бойынша, теңіз портында пиротехникасы бар кеме жарылған. Жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келтірді. Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған. Консул жұмыста қалған болатын және жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алды» делінген министрлік таратқан ақпаратта.
Қазір Ливандағы ҚР азаматтардың жағдайы туралы ақпарат тексеріліп жатыр. Осы орайда, қазақстандық дипломаттар жергілікті билік органдарымен жедел байланыста екенін айта кеткен жөн.
«Екінші дүниежүзілік соғыстағы атом жарылысынан кем емес»
Алдын ала ақпарат бойынша, Бейруттегі жарылыстың лаңкестік іс-әрекетке қатысы жоқ. Бұл туралы «Аль-Маядин» телеарнасы мәлімдеп отыр.
Ливандық исламдық «Хизбалла» тобы бұл израильдік әскердің әуе соқысы болуы мүмкін деген болжамды жоққа шығарды. Өз кезегінде Израиль де бұл жағдайға еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Ал, Ливанның премьер-министрі Хасан Диаб 5 тамызды ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ол орын алған оқиғаны Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі Хиросиме мен Нагасаки атом жарылыстарына теңеді. «Өмірімде ешқашан мұндай алапат жарылысты көрмедім. Бұл ұлттық деңгейдегі апат» деп мәлімдеді ол.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ