БЕЙБІТШІЛІК МАҚСАТЫНДАҒЫ ДИАЛОГ

Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезі өтуде

Ислам – ең толерантты дін

Елбасы өз сөзінде әлемдік әлеуметтік желілер діндер мен дін қызметкерлеріне қарсы толассыз шабуылға толып кеткенін көрмей қалуға болмайтындығын, әлемдік діндердің барлығы да сабырлылыққа, шыдамдылық пен ұстамдылыққа шақыратындығын, адамдар арасында қақтығыстарды тоқтатып, бейбітшілік пен келісімге үндейтіндігін жеткізді.

 

«Әлемнің басқа діндері секілді ең толерантты діннің бірі – ислам. Исламды терроризм мен экстремизмнің кез келген формасын ақтап алу үшін пайдалануға ұмтылу көріністері де орын алып отыр. Бұл – дінді қорлаушылық, –деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Мен бүгінгідей күрделі заманда барлық дін қайраткерлерін өздерінің уағыздарында бейбітшілікке, толеранттылық пен кешірімге шақыруды еселеуге үндеймін. Бірлікті сақтап, оны бағалайтын кез келген халық өлмейді, ол – ұлы халық».

Оның айтуынша, дін бейбітшілікке, кешірімді болуға шақыруы тиіс. Ал, дін атын жамылған лаңкестік ұйымдардың әрекеті әшкереленіп, адамзат баласы оларға қарсы тұруы керек. 

«Қазақстан бірлікті ең жоғары құндылық ретінде қарастыратын әлемнің озық отыз елінің қатарына енуге ұмтылады. Біз «Қазақстан-2050» стратегиялық жобасын жүзеге асырып келеміз. Жаңа институционалдық реформаларға да қадам бастық. Біздің Қазақстанды жаңғыртуға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары этникалық және діни ерекшеліктеріне қарамастан, барша қазақстандықтарға лайықты өмір сапасын қамтамасыз етуге бағытталып отыр», – деді Н.Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан әрқашан Дін лидерлері кеңесін, әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының шешімдерін жан-жақты қолдайтынын жеткізді.

Саяси келіспеушілікке – жол жоқ!

 Барлық БАҚ-ты конфессияаралық араздық тудырмауға шақырған Елбасы өз ойын әрі қарай былайша сабақтады: «Интернетті  қоса алғанда, бұқаралық ақпарат құралдарының барлық түрлері адамдар арасындағы конфессияаралық араздықты тудыру практикасын тоқтатуға шақырамын. Адамдардың санасын көтеру керек. Бұл бағытта өздерін төртінші билік деп санайтын барлық баспалар мен бұқаралық ақпарат құралдары қожайындарының  моральдық жауапкершілігін көтеру қажет деп санаймын», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

«Әлемде әскери және ішкі қақтығыстар күрт артып отыр. Украинаның шығысындағы соғыс еуропалық жаһандық қауіпсіздіктің деңгейін айтарлықтай төмендетуде. Батыс Африкадан Ауғанстанға дейінгі аралық қарулы қарсыластықпен басып алынған», – деп, ойын айтқан Президент «Ислам мемлекеті» жаһандық желімен жасақ жинау арқылы өзінің қатарына әлемнің түрлі елдерінен жастар тартып отырғандығын, оның құрамындағы содырлар жантүршігерлік жаппай өлім жазасын орындап жатқандығын сынға алды.

«Менің ойымша, біз баршамыз бірігіп, осындай қадамға және дінді жамылып мұндай зұлымдықтарды жасауға қарсы ортақ пікірді айтуымыз керек. Олар Ирак пен Сириядағы көп ғасырлық мәдени мұраны қасақана бұзып жатыр. Осы әрекеттердің барлығы адамгершілікке қарсы актілер», – деді Н.Назарбаев.

Елбасы өз сөзінде әлемдегі барлық дін өкілдерін ұстамдылыққа, шыдамдылыққа, зорлық-зомбылыққа бой алдырмауға, келісімге шақырды. 

Ынтымақтастыққа – лайықты  үлес

Елбасы Қазақстанда діни алауыздыққа жол жоқ екенін айтып, еліміздегі әртүрлі діндердің өзара ынтымақ, келісім мен бейбіт қатар өмір сүрудің табысты үлгісін жасап отырғандығын айтты.

«Біз Қазақстанда 18 конфессияның бейбіт қатар өмір сүруін қамтамасыз еттік. Олар өзара ынтымақта, келісімде және бейбіт қатар өмір сүруінің табысты үлгісін жасады. Сіздер Астанада кез келген храмға баруларыңызға болады. Біздің діни бірлестіктер туралы заңнама теңдік және ар-ождан қағидатын негізге алған. Тәуелсіздік жылдары кезінде еліміз руханилықтың жаңғыруы дәуірін бастан кешірді. Кеңес одағы заманында Қазақстанда атеизм болды. Бірақ, біздің халық бір Аллаға деген сенімін жоғалтқан емес. Қазір де елімізде 3312 мешіт, храм, ғибадатхана, синагога және басқа да ғибадат үйлері жұмыс істейді. Бізде діни бағыттағы 47 БАҚ жұмыс жасайды. 500-дей миссионер өз қызметін атқаруда. Ислам мен христиан және басқа да күнтізбелер барша қазақстандықтарға ортақ. Бізде ұрыс-керіске, алауыздыққа жол жоқ», – деді Н.Назарбаев..

Мемлекет басшысы Қазақстанға деген сенім діндердің, халықтардың арасында өте көп екендігіне ризашылық танытты. «Осы миссияны көтеріп жүргеніміз өзімізге қуаныш деп санаймыз. Дүние жүзіндегі бірлікке, бейбітшілікке, дінаралық татулыққа Қазақстан өз үлесін қосып келеді. Қоса береді де. Сіздердің бізге көрсеткен сенімдеріңізге мен ризамын», – деді Елбасы.  

 

Дайындаған Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз