Бейбіт күннің батырлары
Atr.kz/18 қазан, 2019 жыл. Әр адамның өмір жолы оның тағдыры екені анық. Біреу өмірлік мамандығын дәрігерліктен тапса, енді бірі тау-тас кезіп археолог болуға құмартады, тағы бірі жас ұрпаққа сапалы білім, өнегелі тәрбие беретін ұстаз болуды қалайды.
Қай мамандық болмасын өзінің қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Тек соны жүрек қалауымен таңдап, болашақтағы өміріне айнымас серік ете білсең, сенен асқан бақытты жан жоқ.
Бүгінгі әңгімеміз өз мамандығын жаңылмай тауып, сол салада еңбектеніп жүрген азамат Бекимов Асылбек Бөлегенұлы туралы болмақ. Ол 1985 жылы Махамбет ауданының Ақжайық ауылында дүниеге келген. Отан алдындағы борышын өтеп келген Асылбек Бөлегенұлы өрт сөндіру саласын таңдайды.
Еңбек жолын 2007 жылы Төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің Атырау қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде өрт сөндіруші қызметінен бастаған. Өзінің ептілігімен, еңбекқорлығымен ерекше көзге түсіп 2011 жылы №4 өрт сөндіру бөліміне бөлімше командирі болып тағайындалды. Ол Атырау қаласында болған ірілі-ұсақты өрттерді ауыздықтаған.
«Тілсіз жаумен күресте асқан ептілік, шапшаңдық, қырағылық қажет. Өрт кезінде отқа оранған ғимаратқа кіріп, ондағы адамдарды шығару керек болады. Дәл осы сәтте өзімді емес, зардап шегуші мен командамның амандағын бірінші орынға қоямын. Сондай үлкен өрттің бірі 2009 жылы қаңтар айының 31 күні таңда Атырау қаласының облыстық ауруханасында орын алды. Ғимараттан 250 адамды шығардық. Сол сәтте ауыр халдегі және төсекке таңылған науқастарды өрттен терезе арқылы арқанмен үшінші қабаттан шығардық. Сондай-ақ, медицина қызметкерлеріне де көмектестік», — дейді Асылбек Бөлегенұлы.
Ал, 2018 жылдың маусым айында «Ақ жайық» қонақ үйінде болған ірі өртте екі адамды апаттық саты бойынша құтқарып шығарса, Ж.Молдағалиев көшесінде орналасқан 5 қабатты үйдің 3-4-ші қабаттарынан 11 адамды (4 ересек, 7 бала) автосаты және дәліз арқылы құтқарып, ажал аузынан аман алып қалды. Бұл нағыз батылдық.
Біздің кейіпкердің адал атқарған қызметі еленіп көптеген марапаттар иеленген. Атап айтқанда,»Төтенше жағдайлар жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» төбелгісімен, «Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін» төсбелгісімен және көптеген алғыс хаттармен марапатталған.
Иә, өрт сөндіру кезінде лаулап жанған ғимаратқа кіруге тек өз ісінің майталманы ғана тәуекелге барады. Осындай ерлік көрсетіп, өз өмірін халқына арнаған ержүрек ерлеріміз барлық мақтауға лайық.
Асылбек Бекимов қазіргі таңда аяулы жар, ардақты әке, отбасының тірегі. Сонымен қатар, тамаша маман, адал дос. Үш ұлдың мақтанышы, асқар тауы. Осы еңбек жолында жас ұрпаққа үлгі боларлықтай тұлға. Тілсіз жаумен күресте командасына дұрыс бағдар бере білуімен әрдайым алдыңғы орында жүреді. Әріптестерінің арасында өзінің сабырлы, салмақты мінезімен өзінің ізін жалғап келе жатқан іні-бауырларына үлгі.
Бұл біздің бейбіт күнде тілсіз жаумен күрескен батырларымыз!