Жарнама
Жаңалықтар

Базарда жағдай мәз емес…

Тұрғындардың күнделікті сауда жасайтын орындарының бірі – мал базары. Атырау қаласында мұндай орынның үшеуі бар. Алайда, олардың бәрінде бірдей қызмет көрсету деңгейі мен мәдениеті жоғары деп айту қисынсыз шығар. Бұл – баршаны толғандыратын жайт. Сол себептен Атырау қалалық мәслихатының депутаттарымен бірге шаһардағы мал базарларын аралап, нақты жағдайға қанықтық.

Screenshot_2

Алдымен, маңдай тірегеніміз – «Тума» мал базары. Басқаларынан гөрі сатып алушылар жиірек келетін базарда өкінішке қарай, ветеринариялық және санитариялық нормалардың сақталуына, тиісті құжаттардың заңдылыққа сәйкес жүйелі ресімделуіне жеткілікті мән берілмейді екен. Мұндағы жауапты мамандар базарда жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты мал сою уақытша тоқтатылғанын мәлімдеген. Алайда, қасапханада пышаққа ілінген малдың ішек-қарны мен сирақтарын, әлі де жуылып-шайылмаған қан-жынын көрдік. Лас су ағатын кәріз құбырының беті түрлі қалдықтармен бітелген.

Заңдылыққа сәйкес, сойысқа түсетін түлік арнайы журналға тіркеліп, оның сырғаланғаны, бірдейлендіру нөмірінің салынғаны анықталып, тұтынуға жарамдылығы зертханалық жолмен тексеріліп, бұл жөнінде жазба жүргізіліп отыруы тиіс. Осыған көз жеткізбекке зертханаға да бас сұқтық. Сөйтсек, әлгі журнал биылғы жыл басынан бері дұрыс толтырылмапты. Сойылған малдың тұтынуға болатындығы, қауіпсіздігі туралы ешқандай мәлімет те, дерек те жоқ. Облыстық аумақтық инспекцияның осы базарға бекітілген ветеринар-маманы Еркін Бектелеуовтың түсіндіруінше, мұнда келген малдың барлығы емес, тек күдік тудырғандары ғана визуалды зертханалық тексеруден өткізіледі, дене температурасы арнайы құрылғымен емес, термометрмен өлшенеді. Басқаша айтқанда, қасапқа түсетін 100 қойдың 10-ы ғана тексеріледі. Заманауи тепловизор құрылғысы алынбаған. Оның үстіне, жеке адамдардың қасапханаға әкелген малы тексерілмейді, журналға тіркелмейтін көрінеді. Сойғаны үшін төленетін ақша тікелей қасапшылардың қалтасына түседі, оған ешқандай түбіртек берілмейді. Жеке азаматтар сойылатын малдарын журналға тіркетіп, тексерістен өткізуі, басқа да көрсетілетін қызметтер үшін бекітілген мөлшерде ақы төлеуі керек екен. Бірақ, бұлардың бірде-бірі орындалмайтын болып шықты.

Осында сойылған малдардың бірінен ауру шығып, сол сырқат малдың етінен адамдар уланып қалса не болмақ, оған кім жауап берер еді? Сіздердің, осындағы мемлекеттік ветеринариялық қызметтің өкілдері ретінде осындай келеңсіздікке жол бергендеріңіз қалай? — деген сауалын көлденең тастады депутаттық топтың жетекшісі Қаршыға Жауымбаев.

Базарға бірдейлендіру нөмірінсіз немесе сырғаланбаған малдың әкелінуі дұрыс емес. Соған қарап, сойылатын малдың қайдан шыққанын, иесі мен мекен-жайын, одан да сорақысы оның өзінікі немесе өзгенікі екенін айырып-ажырату мүмкін болмайды. Жөндеу жұмыстарының басталуымен байланысты мал сойылатын орынның жабық тұрғандығын естісек те, базардың шыға берісіндегі алаңқайда екі-үш қойдың аяғы байлаулы жатқанын кім, қалай түсіндіреді?

Screenshot_3

Атырау қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Гүлнәр Латиеваның пікірінше, ондаған жылдар бойына ұдайы қайталанып тұратын тәртіпсіздіктер мен берекесіздіктерге, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін антисанитариялық ахуалдың белең алуы себепті бұл базардың жұмысын тоқтатып, жауып тастауға әлденеше рет жасалған әрекет нәтижесін бермеуде.

Ірі мал саудалайтын орынның бірі – «АсылАгро» шаруа қожалығының базары. Мұнда ірі де, ұсақ та мал сойылады. Алдымен, ауладағы қоршауларда тұрған тұяқтылардың жай-күйіне назар аударып, оралғанша аңқайып ашық тұрған қасапхананың есігі жабылып, құлыпталып қалыпты. Содан оған артқы жағынан айналып кірдік. Аумағы атшаптырым ғимараттың шағындау қосалқы бөлігіне енгенімізде, оның іші тап-таза, мал сойылатын орынға ұқсамайтын болып шықты. Жауапты мамандар негізгі қасапхана ғимаратында жөндеу жұмыстарының қолға алынуымен байланысты малдың уақытша осы жерде пышаққа түсетінін жеткізгенімен, шындығында жағдайдың олай еместігі айқын аңғарылып тұрды. Сөйтсек, жеке адамдардың малдары бауыздалған қасапхана іші тазаланбағандықтан, ашық тұрған қақпаны жаба салғаны мұндағылардың антисанитарияны көрсетпеу үшін ойлап тапқан амалы екен.

Десек те, мұнда тиісті құжаттар уақытылы ресімделіп, журналдар мезгілімен толтырылып отырады. Зертхана да барынша талапқа сай жабдықталып, жарақтандырылған. Әттеген-айы, бұл базарда да сойылатын малдың дене температурасы баяғыша термометрмен өлшенеді екен.

Соңғы аялдаған нүктеміз – қаланың бір шетіндегі «Адал» базары. Жеке кәсіпкер Абат Ерғалиевтің иелігіндегі базарда негізінен халал ет дайындалады, қасапхананың тәуліктік қуаттылығы 30 тоннаны құрайды. Жекеменшік нысан болғанымен, санитарлық ахуалы төмен емес көрінді.

Дегенмен, мал базарларындағы жағдай ойдағыдай деп түйін жасау негізсіз болар. Назар аударып, жолға қояр мәселе аз емес. Солардың ішіндегі ең бастылары, сойылатын малдың денсаулық жағдайы, тұтынуға жарамдылығы жайлы мәліметтер жинақталған жазбалардың жүйелі жүргізілмеуі, қасапханадан шығарылатын қалдықтар мен аурулығына байланысты өлген малдарды көметін арнайы орынжайдың қарастырылмауы болып отыр. Ал, әзірше мал базарларынан шығарылатын қалдықтарды келісім-шарт бойынша «Арнаулы көлік базасы» тасымалдап әкетуде.

Осында сойылған ірі қара және ұсақ малдар тұтасымен қала базарлары мен ірі сауда нүктелеріне жеткізіледі. Сол жерде бұтарланып, тағы да зертханалық тексерістен өткізіледі. Содан соң ғана сатып алушылар мен тұтынушыларға ұсынылады. Мамандар осы екі ортада да кейбір шалағайлықтарға жол беріліп, кемшіліктер орын алатынын жасырмады.

 

Дәулетқали Аруев

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button