«Баянды бақ» болған оқиға желісінде жазылды
Махамбет атындағы қазақ драма театрында «Серпер» сыйлығының лауреаты, аудармашы, жазушы Мәлік Отарбаевтың «Баянды бақ» пьесасының премьерасы өтуіне байланысты баспасөз конференциясы ұйымдастырылды. Жаңа туындының тұсаукесеріне Алматыдан жазушы-драматург, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрғали Ораз арнайы келіп қатысты. Сондай-ақ, «Баянды бақ» қойылымының қоюшы режиссері Мұқанғали Томанов пен бас суретшісі Темірбек Мұхтар да журналистер сауалына жауап берді.
Брифингті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрдың көркемдік жетекшісі Рахымжан Отарбаев жүргізіп отырды.
«Пьеса қойылған бойда ойдан шықпауы мүмкін. Бірақ, бес-алты рет сахналанғаннан кейін қалайда өз бағасын алатыны анық», — деген ол бұл қойылымның Атырау сахнасынан кейін Түркияның Анкара қаласында атыраулық әртістердің сомдауымен көрсетілетінін хабарлады. Сондай-ақ, жазушы Түркия елінде күйші Дина Нұрпейісованың атында бақ бар екенін, бірақ, мүсіні қойылмағанын айтты. Алдағы уақытта Дина шешеміздің мүсіні түркиялық әйгілі бақтың қақ ортасында орнатылатын болады. Ол үшін қазір облыс әкімінің қолдауымен жұмыстар жүруде.
— Қойылым қазақ пен түріктің арасындағы бауырмалдық, түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына айтар алғысы анық көрінеді. Қойылым болған оқиға негізінде жазылды. Бұған дейін құжаттарда, ақпарат бетінде ғана жарық көрген еді. Шығарма Рахымжан Қасымғалиұлының қолдауымен көрерменге жол тартуда. «Қазір жазушы жоқ, оқитын кітап та жоқ, жастар жазбайды» деуіміз қате. «Жазушылар көп, соларға қанат бітіретін, қолдау көрсететін тұлғалар жетіспейді» деп ойлаймын», — деді қойылым авторы Мәлік Нұржанұлы.
Мәлік Отарбаев – кәнігі дипломат, Қазақстаннның Түркиядағы елшілігінің бірінші хатшысы. Қазіргі алмағайып заманда дипломат бола тұра, әдебиетпен айналысу, оны қазақ еліне әкеліп сахналау кез келген саяси аренада жүргендердің қолынан келе бермесі анық.
Брифингте Мәлік Нұржанұлына «Алдағы уақытта басқа да еңбектеріңізді сахналау жоспарыңызда бар ма?», «Түркияда әдебиетке деген көзқарас қалай?», «Қойылымда нені баяндадыңыз?» деген секілді сауалдар жолданды.
Өз кезегінде жазушы сауалдардың бәрін қызметімен байланыстырып, төмендегідей жауап берді.
— Түркияда қазақтың ақындары Абай мен Мағжанды ғана жақсы біледі. Сол себепті өзге де ақындар мен жазушыны танымал ету үшін олардың кітаптарының аудармаларын жасап, жарыққа шығаруымыз керек. Екі жылдың ішінде Түркияда қазақтардың 25-тен астам кітабы жарық көріпті. Мұның өзі аз. Түркия – 80 миллион халқы бар үлкен ел. Онда әдебиетке, өнерге, театрға деген көзқарас зор. Орта есеппен, 100 мыңнан 500 мыңға дейін таралыммен кітаптар шығады. Соңғы жылдары Түркия халқы тарихи романдарды оқып жүр. Сұраныс зор.
Мұқанғали ТОМАНОВ,
театрдың бас режиссеры:
Қоғамдық өзгерістерді қамтыған
— Режиссерлер өзінің бағын ашатын «жақсы шығарма кездессе екен» деп тілейді. Қазір бәрі пьеса жазғыш болып кетті. Соның ішінде қазақ драматургиясының кешеуілдеп қалғаны «бірсарындылықтан» деп ойлаймын. «Музыка басталады, шымылдық ашылды, Гүлайша құмыраға гүл қойып, үйді тазалап жүр…» Осындайдан әріге аспаппыз. Солай жүргенде өзге ұлттар бізден едәуір асып кеткен. Қазір тұспалдап айту, жазу ғана қажет. Рахымжан аға «Мәлік Нұржанұлының шығармасын қарап берші, қоюға келе ме?» деп ұсыныс айтқаннан кейін, шығарманы бастан аяққа оқып шықтым. Маған ұнағаны – 1917-1945 жылдардағы қоғамдық формациядағы өзгерістер. Осы қойылымда сол кезеңдегі оқиғалар тұспалданып, өте жоғары деңгейде берілген. Сол себепті, бірден сахналауға кірістім.
Нұрғали ОРАЗ,
жазушы-драматург,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
Мәлік түрікше де әңгіме жазады
— Мәлік Отарбаевтың «Ой қазан» кітабы шыққанда «таным-түсінігі жоғары адамдарға арналған кітап деп бағалаған едім. Тағы бір ерекшелігі, біз бала кезімізде батыстың, орыстың әдебиетін оқып өссек, Мәлік – шығыс әдебиетін терең меңгерген, солардың үлгісімен келген жаңа толқын. Мәліктің алғашқы әңгімелері де «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрді. Соның себебі болар, кешікпей «Серпер» Жастар сыйлығының лауреаты атанды.
Түрік тілін де өте жақсы біледі. Түркияға қонаққа барғанымызда, дастархан басында әңгімелесіп отырған түрік ақсақалы «Мәліктің сөйлеу сауатына байланысты түрік» деп ойлағанын айтады. Қазір түрікше әңгімелерді де жазады. Оны оқыған Әзербайжан ақыны өте жоғары бағасын бергенін көрдім. «Мәлік сынды білімді ұлдар қазақты әлемге таныта берсе екен» деп тілеймін. Өйткені, халықты өнерден артық танытатын нәрсені өзі басым білмеймін. Қойылымда да көптеген ұлттың мәдениетін қамтыған. «Көпшіліктің көкейінде жүрген мәселені уақытында көтере білді» деп ойлаймын.
Нұргүл Сәкенқызы