Жарнама
Жаңалықтар

«Бауырмал қазақ болмаса, қайтер едік…»

Жайық бойын жайлаған бір ғана Махамбет ауданында  19 ұлттың өкілі бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп, ынтымақты тұрмыс кешуде. Олар негізінен Махамбет, Сарытоғай, Сарайшық, Бейбарыс ауылдарында қоныстанған. Жыл сайын 1 наурызда тойланатын Ассамблеяның құрылған, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен былтырдан бері ел көлемінде атап өтіле бастаған Алғыс айту күні қарсаңында солардың бір тобының жүректен шыққан жылы лебіздеріне құлақ түргенбіз.

Татулық, достық – туымыз

Александр ЛОЗАК, венгр ұлтының өкілі (Сарытоғай ауылы):

Құдалығымыз – мыңжылдық

 — Өзім   Закарпатьеде дүниеге келгенмін. 1959 жылы дәм бұйырып, отбасымызбен осы елге, соның ішінде Жайық бойындағы Сарытоғай ауылына көшіп келдік. Осында неміс қызы Фрида Егоровна Розеновамен бірге шаңырақ көтер-дім. Содан бері міне, жарты ғасырдай ынтымақты, жарасымды ғұмыр кешіп келеміз. Отбасында бес перзент (үш ұл мен екі қыз) тәрбиелеп, өсірдік. Бүгінде олардың әрқайсысы өз алдына отау тігіп, ошақтарының түтінін түтетуде.

Марина атты қызымыз  ауылдасымыз Әнуар есімді жігітпен тұрмыс құрып, қазірде үлкен бір әулеттің (Битуриндер) сыйлы келіні атанса,   Надеждамыз (қа-зақша Үміт дейміз) көр-шілес Орал қаласында тұрады. Ол да бір қазақ шаңырағының тұтқасын ұстап, берекесін келтіріп отыр. Ұлдарымыз Александр, Леонид пен Николай да өзге ұлт өкілдерімен көңіл жарастырып, тату тірлікте өмір сүруде.

Өзім осыдан он үш жыл бұрын зейнеткерлікке шыққанға дейін шаруашылықта құрылысшы, Төмен-гі Жайық суландыру мекемесінде моторист болып еңбек етсем, зайыбым, Фрида Егоровна медицина саласында, аудандық обаға қарсы күрес бөлімшесінде қарапайым ғана қызмет атқарды. Тәуелсіздіктің арқасында бейбіт заманда, тыныштықта, тату тірлік пен баянды бірлікте өмір сүріп жатқанымызға қуаныштымыз және тәуба дейміз.

Закира ҚАПАНОВА, башқұрт ұлтының өкілі, (Сарытоғай ауылы):

Бізді ешкім ажырата алмайды

— Мен тағдырдың таңдауымен Төлеу Қапанов есімді жергілікті қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Қазіргі күнде ұрпақ  қызығын көрген бақытты ана- әжелердің бірімін. Өзім  башқұрт  тілінде еркін сөйлей аламын. Біздің  дәстүріміз  қазақ халқынікіне ұқсас. Олар да қазақтар тәрізді қайыстан, теріден дайындалатын  ер-тұрман, ат әбзелдері сияқты бұйымдар  мен тұрмыста қолданылатын үй жиһаздарын жасап, киіз басып, текемет пен терме алаша тоқиды. Жыл сайын Ораза мен Құрбан айт,  Наурыз мейрамдарын, көктемгі егіс және тойы  сабан тойларын өткізеді.

Элла ЛИ – зейнеткер, ұлты кәріс, (Махамбет селосы):

Бақытымды  Махамбеттен  таптым

— Әке-шешем 1936 жылы Қиыр Шығыстан Талдықорған өңіріндегі Үштөбе елді мекеніне көшіп келген. Осында 1941 жылы мен дүниеге келгенмін. Георгий Канмен осы жерде отбасын  құрғанмын. Соңынан ол гидромелиоративтік  техникумды бітіріп, жолдамамен Атырау қаласына жұмысқа орналасты. Сөйтіп, осы өлкеге қоныс аудардық. Жұбайым 1959 жылы Махамбеттегі Төменгі Жайық суландыру басқармасына инженер болып тағайындалды. Осы ұжымда табан аудармастан отыз жылдай еңбек етіп, сол 1989 жылы қайтыс болды. Ұлымыз Анатолий қазақтың қызы Венера Садықовамен отасып, жарасымды жанұя атанды.

Адельфина РОГА, орыс қызы, (Махамбет селосы):

Жолдамамен келіп, өмір бойы қалдым

-Менің әкем мен анам соғыс басталған жылы Мәскеуден  Ташкент қаласына қоныс аударған. Өзім Алматы қаласының медучилищесін 1951 жылы бітіріп, сол жылы Махамбет ауданына жолдамамен санитарлық бөлімге келдім. Ол уақыттарда мамандарға деген сұраныс жоғары еді. Оның үстіне, тәртіп тым қатал болатын. Оқуды бітіргесін жолдама берілген мекемеде үш жылға дейін еңбек етуге міндеттісің. Егер талапты орындамасаң,  диплом берілмейтін. Өзім қазақша білмесем де, түсінбесем де тәуекел етіп, қызметімен кірісіп кеттім. Ауданда жалғыз лаборант болып, клиникалық зертханада  жұмыс жасадым. Ол мезгіл өңірде  неше түрлі тері ауруларының өршіп тұрған кезі-тұғын.

Алғашында қызметтес апайдың үйінде тұрдық, артынан тағы да мамандар келе бастаған соң, екі бөлмелі пәтер берді. Содан бір жылға жуық уақыт өткенде қазақтың Мұхамеджан атты азаматымен бас қостым. Ол кісі бұрын көп жылдар тракторист, бертін келе «Қазавтожол» мекемесінде бас механик болып қызмет етті.  Отбасымыздың қызығын да, қиындығын да бірге көріп, дүниеге үш ұл әкелдік. Үшеуі де ержетіп оқып-тоқыған соң, отау құрды.  Келіндерімнің бәрі де – қазақтың қыздары.

Дәулетқали АРУЕВ

Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button