Батырлар рухына арналған бокс бәсекесі (+ФОТО)
Atr.kz/10 маусым, 2019 жыл. Өткен аптада Атырау қаласындағы «Жайық» мәдени-спорт кешенінде қазақ халқының батырлары Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының рухтарына арналған бокстан ерлер арасында халықаралық турнир болып өтті.
Мұнайлы өңірде осымен он бірінші рет өткізіліп отырған былғары қолғап додасына биылғы жылы Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстан ұлттық құрамалары және еліміздің өзге облыстарынан 100-ге жуық спортшы келді. Шаршы алаңдағы қызыққа әрі тартысқа толы кездесулер бес күнге созылып, осы сайысқа қатысқан жерлестеріміз Садық Массалимов (49 кг), Олжас Байниязов (52 кг), Райс Нұрқанат (75 кг), жарыс барысында қарсыластарынан озық шығып, турнир жеңімпазы атанса, Еламан Рахметолла (64 кг) қола медалді еншіледі.
Ал өзге саламақтарда Айдос Арапов (Қостанай облысы, 56 кг), Рустам Рустамов (Алматы облысы, 60 кг), Бахадур Усманов (Тәжікстан, 64 кг), Абылайхан Жүсіпов (Қазақстан құрамасы, 69 кг), Әбілхан Аманқұл (Қазақстан құрамасы, 81 кг), Абзал Құттыбеков (Түркістан облысы, 90 кг), Нұрлан Сапарбай (Қазақстан құрамасы, 90+ кг) алдына жан салмай, алтын медаль иеленді.
Жарыстың салтанатты жабылуында жиылғандарға қазақтың қос батырының өр тұлғасын бейнелейтін қойылым көрсетіліп, ринг төрінде Махамбеттің отты жырлары нақышына келтіріліп орындалды. Осыдан соң, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов сөз алып, барлық қатысушыларға жарыс барысында тамаша ойын өрнегін көрсеткендері үшін алғыс айта келе:
-Қанша жылдар мен ғасырлар өтсе де, қазақ батырларының ерлігі ешқашан ұмытылмайтыны анық. Сондықтан, барша әлемге қазақ ұлтын танытып, насихаттауда бұл турнирдің маңызы өте зор. Біз болашақ ұрпаққа рух берер осындай турнирлерді көптеп өткізуді мақсат қылып отырмыз, — деді.
Сондай-ақ, бұл турнирге құрметті қонақ ретінде бокстан Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем чемпионатында екі мәрте күміс медаль иеленген Әділбек Ниязымбетов қатысты.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ