Батырлар институтын құру қажет
«Ерлік білекте емес, жүректе» дегенді аталарымыз бұдан бұрын айтып кеткен.
Отан қорғау, əскер қатарында қызмет етуді де абыройлы міндет, парыз санаған. Ендеше, тепсе темір үзетін бүгінгі жастардың əскерден жалтаруы қоғамға сын болса керек. Көпке топырақ шашпаймын. Алайда, Отан алдында кез келген жағдайға сай тұратын сарбаздардың саны сиреп барады. Бұрын кеңес заманында мынадай жүйе болған: Ол кезде жастардың жоғары білім алуы қиын еді. Ал, əскерге барып келгенді жоғары оқу орнына бірден қабылдайтын. Бұл əскери адамға берілген құрметтің көрінісі еді. Осы тектес ынталандыру шараларын жаңғырту керек деп ойлаймын. Қорғаныс саласының дамуы санға емес, сапаға байланысты.
Осы тұста отбасылық тəрбие мен мектептегі патриоттық сабақтар қоғамдық мəселені шешуге ықпал етеді деген пікірдемін. Сондықтан ата-ананың ерді намысшыл, нағыз азамат етіп өсіргені маңызды. Ол үшін алдымен жақсы жағдай туғызып, мүмкіндік пен мотивация беруіміз қажет. Атақты батырлардың ерліктерін жастарға жігерлі жазбалармен үлгі етіп насихаттағанымыз абзал. Өзіміз «Молодая гвардияны» оқып, «Как закалялась сталь» көркем фильмін қайта-қайта көріп, басты кейіпкерлеріне еліктеп өскен жоқпыз ба?
Бұрын екі немесе үш жыл əскерге шақырылған жастар көп жағдайда Қазақстаннан тыс жерлерде Отан алдындағы əскери борышын өтеуші еді. Қазір əскери борыш мерзімі – бір-ақ жыл. Оның үстіне ел аумағында əскери қызметін атқарады. Солай болғанымен кейбір жастар армиядан қашқақтайды. Қазір мектепте алғашқы əскери даярлық сабағында теориядан өзге практикалық білім берілуі керек деп санаймын. Ал, осы пəн тиісті деңгейде өтіп жүр ме? Бұл да зерттеуді қажет ететін мəселе.
Меніңше, жастарды əскерге ынталандыру үшін батырлар институтын құрып, олардың əскери-стратегиялық тактикаларын үйретуіміз керек. Сонда жігерсіз жастар рухтанып, Отан алдындағы борышын атқаруға ынталанар еді. Қалай болғанда да, өскелең ұрпақ елдің Ата Заңын құрмет тұтып, оның 36-бабы, 1-тармағына сəйкес Қазақстан Республикасын қорғау – оның əрбір азаматының қасиетті парызы жəне міндеті деп есептеймін.
Ерлік ТАЙЖАНОВ,
Парламент Мəжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс жəне қауіпсіздік комитетінің мүшесі, генерал-майор