Батылдар таңдайтын мамандық

БАТЫЛДАР ТАҢДАЙТЫН МАМАНДЫҚ Жаңалықтар

Облыста құтқарушылар күні ерекше атап өтілді.

Адамдарды құтқару үшін қиын сәтте отқа да, суға да түсетін Құтқарушылар күні биыл облыста ерекше жағдайда аталып өтті. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев «өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің ауласына қаз-қатар қойылған арнаулы техникалармен арнайы барып танысты. Сол күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алаңында өткен салтанатты шараға да қатынасты.

%d0%b1%d0%b0%d1%82%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d1%80-%d1%82%d0%b0%d2%a3%d0%b4%d0%b0%d0%b9%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d0%bc%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d1%8b%d2%9b

Жыл басынан бері облыста 351 төтенше жағдай орын алды. Соның дені табиғи апат, өрт. Газдан улану, суға кету секілді оқиғалар да аз кездеспеді. Жергілікті құтқарушылар осындай көлденең жағдайлар кезінде жедел қимылдап, талай жанды аман алып қалды.

– Құтқарушы – қиын, бірақ, абыройлы мамандық. Өз өмірлеріне қатер төнсе де олар төтенше жағдай кезінде тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, адамдардың өмірін аман сақтап қалуда. Осы міндетті атқарған мамандық иелеріне әрқашан биік деңгейден көрінулеріне тілектестік білдіремін. Бүгінде аталған салаға ерекше қолдау көрсетілуде. Алдағы уақытта жасалатын жұмыстар да бар. Өрт сөндіру деполарын салу, қажет құрал-жабдықтарды сатып алу, арнайы және медициналық техникаларды жеткізу, мұның бәрі жүйелі түрде жүзеге асады. Апаттардың алдын алу, жол бермеу де маңызды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшылығы, қызметкерлері осынау ауыр жүкті абыроймен атқаруда деп айта аламын, – деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі жаңа жабдық, арнаулы техникалармен де жете танысты. Әсіресе, судан құтқару қызметінде пайдаланатын құрылғыларға ерекше назар аударды. Шап-шағын «көпшік» соның бірі. Кәдімгі жастықтан айырмашылығы жоқ, бірақ, атқаратын қызметі зор болып шықты. Ол тұңғиық тереңдегі ауыр затты су бетіне көтеріп шығара алады. Мамандар оның 40 тоннаға дейінгі ауыр салмаққа есептелгенін айтты. «Зеңбірек» те судан құтқарушы үшін таптырмас құрал. Оның ішіндегі серіппелі арқан 150 метр қашықтыққа дейін жетеді. Әрбір секундтың өзі қымбатқа түскен сәтте ол суға кете бастаған адамды құтқарып қалуға мүмкіндік береді.

Үш тағанды құрылғы да көпшіліктің назарын аударды. Кішкене кран  Индер шахтасында адам өлімі болған кезде қолданылыпты. Жаңа жабдықтың қызметімен танысқан өңір жетекшісі бұл шахтаның қазіргі жағдайын сұрап білді. Байқасақ, мұндағы қауіп әлі сейілмепті. Оның түбінде   қалдырылған жарылғыштар болуы мүмкін. Оған түсу де қиын шаруа. Арнайы киімі, қажетті құралы болмаса тәжірибелі құтқарушының өміріне қауіп төнеді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл мәселеге маңыз беруді жергілікті төтенше жағдайлар департаментінің басшылығына тапсырды.

Арнайы көрме кезінде өрт сөндірушілер жаңа техниканың мүмкіндігін іс жүзінде көрсетті. Камаз көлігіне орнатылған саты 16 қабатқа дейін жетеді. Оның артықшылығы, сындарлы сәтте от ортасында қалғандарды лифті арқылы да, шұлық секілді «қолтықтың» көмегімен де қауіпсіз жерге жеткізетіндігінде. Сынақ кезінде жоғарыдағы адамның төмен түсуі үшін бар болғаны 1 минутқа жетпейтін уақыт кетті. Оның қауіпсіздігі де ерекше ескерілген. Ал, ауыр жүк көлігінің үстіне қойылған реактивті қозғалтқыш алапат өрттің көзін жоюға есептеліпті. Мұны былтыр Қызылорда облысындағы төтенше жағдай кезінде пайдаланған болып шықты. Басқа да техникалардың мүмкіндіктері апаттарды дер кезінде ауыздықтауға жеткілікті.

Облыс әкімі бастаған топ өрт сөндірушілердің спорттық кешенін аралап көрді. Бұдан соң облыстық төтенше жағдайлар департаментінің алаңындағы салтанатты шараға ұласты. Еңбегі еленген бірнеше қызметкер еліміздің ішкі істер министрлігінің және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

– Құтқарушы мамандығын тек батыл адамдар таңдайды. Осы кәсіпті жетік меңгергендер талай жанды құтқарып, қиындықтан шығарды. Жергілікті жерде төтенше жағдайлар қызметіне 19 арнаулы техника, қосымша құрал-сайман, жабдықтар алынып берілді. Бұл апат орын алған кезде жедел қимылдап, оның зардабын азайтуға, ең бастысы халықты аман алып қалуға мүмкіндік береді, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Сағынбек Өмірзақов.

ҚР Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетінің талдауы бойынша республикада 2016-2017 жылу беру маусымы (15 қыркүйек пен 12 қазанға дейін) қарсаңында тұрғын секторындағы өрттің салдарынан 25 адам қаза тапты. Соның біреуі – бала. 9 адам күйікке шалынды, улағыш газбен уланудан 6 адамның өмірі үзілді. Газдан уланғандардың саны 32-ге жетіп отыр.

Азамат Базарбаев

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз