Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Басты назарда – тұрғындар қауіпсіздігі

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өңірді қысқы мерзімге дайындау жөніндегі штаб отырысы өтті.

подготовка

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мұрат Иғалиевтің мәліметі бойынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің басым бөлігі орталық жылумен қамтамасыз етіліп отыр.

«Биыл Атырау жылу электр орталығы жүйелеріне «Балықшы» ықшамауданындағы 47 көп қабатты тұрғын үй қосылды. Ал, алты үйдің тұрғындары бұл қызметтен бас тартып, газ қазандықтары арқылы жылу алады. Сондай-ақ, биыл «Нұрсая» ықшамауданындағы 27 көп қабатты тұрғын үй де орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіле бастады. Ал,  қалған 16 тұрғын үйді келесі жылы қосуды жоспарлап отырмыз», – деді Мұрат Иғалиев.

Нысандардың қысқы маусымға дайындау үшін 8,4 млрд. теңге бөлінген. Оның 5,8 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қарастырылған. Өңірдегі жылу және электрмен қамтамасыз ететін кәсіпорындар ауқымды жұмыс атқарып отыр. Қысқы маусымға әзірлік барысында 22,78 шақырым жылумен жабдықтау жүйесі, 773,2 шақырым электр желілері, 3 шақырым сумен жабдықтау және кәріз жүйелері жөнделді.

Сонымен бірге, өңірді сумен жабдықтау жүйесі бойынша маңызды шешім қабылданып отыр. Таяу арада аталған саладағы  жүйелер «АтырауСуАрнасы» КМК-не берілетін болады.

­– Неге біз мұндай шешім қабылдадық? Су беруді ұйымдастыру үшін сенімді басқаруға берілген көптеген объектілер тиісті деңгейде жұмыс істемейді. Тұрғындар қажетті көлемде су ала алмайды. Су жинау ұйымдастырылған жоқ. Оны пайдалануда қиындықтар бар. Жұмысқа техникалық сауатсыз адамдар тартылады. Сондықтан, сумен қамтамасыз ету жүйелерін «АтырауСуАрнасы» мамандандырылған кәсіпорнының теңгеріміне беру туралы шешім қабылданды, — деп атап айтты облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсот Әбуов жылу беру маусымына дайындығы туралы баяндап, газбен жабдықтау жүйелерін пайдалану қауіпсіздігі туралы мәселе қозғады. Әсіресе, өңірде газ техникалық инспекциясын құру мәселесі өткір тұр. Қазіргі таңда мұндай инспекция бірнеше облыста ғана жұмыс істейді. Алайда, бұл мәселеде нормативтік база бойынша нюанстар бар. Ал, бұл осы құрылымдарды құру процесін созады.

– Біз адамдардың қауіпсіздігі туралы ойлауға тиіспіз. Бұл – біз үшін ең басты мәселе. Ал,  оқыс оқиға болса ше? Сол себептен, газ техникалық инспекцияны қысқа мерзімде де құру қажет. Егер заңнамалық базада проблемалық мәселелер болса, біз мәселені депутаттар арқылы шешуіміз керек, — деді осы орайда Нұрлан Асқарұлы.

Штаб отырысында  сондай-ақ, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы мен «ҚазАвтоЖол» Атырау филиалының өкілі жергілікті және республикалық маңызы бар автотрассалардағы қысқы кезеңге дайындық мәселесі туралы баяндады.

– Өңір қысқы мерзімге дайын деп шешім қабылдауға болады. Қысқы маусым  қиындықсыз және төтенше жағдайларсыз өтуі тиіс. Тұрғындардың қауіпсіздігі – біздің басты басымдығымыз. Барлық қызметтер төтенше жағдайлар туындаған кезде жедел және үйлесімді әрекет етуі тиіс, — деп қорытындылады штаб отырысын Нұрлан Ноғаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button