Басты мақсат – әлемдік деңгейден көріну
Облыстың жергілікті басқару жүйесінде мемлекеттік тіл толыққанды қолданылып отыр. Бұл – іс жүргізуге, жергілікті атқарушы органдардың нормативтік-құқықтық құжаттарын дайындауға, ресми шараларды өткізуге – барлығына да қатысты. Оның үстіне, «қазақ қазақша білмейді» деген проблема Атырау өңіріне тән емес.
Дегенмен, азаматтардың, әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік тіл білігін объективті бағалайтын критерийлер болуы керек. Осыған орай, азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын «Қазтест» жүйесін қолданысқа енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Ономастика – мемлекеттік идеологияның бір тірегі
Жұртшылық қызығушылық танытатын, өзекті мәселенің бірі – ономастика, көшелерді атау, қайта атау жұмыстары. Шынында, тарихтың қыр-сыры көп жағдайда атаулармен ашылады. Демек, ономастика, атауларды халықтың тарихымен, тағдырымен тамырлас ұғым деп айтуға болады.
Алысқа бармай, Атырау өңіріне тоқталсақ, осы жылдары ұлттық атауларға басымдық беріліп, ерлігімен, талантымен, өнерімен тарихта із қалдырған ұлы тұлғалардың, өлкеміздің дамуына еңбегі сіңген азаматтардың есімдері ұлығыланды. Мәселен, күй атасы – Құрманғазының, Исатай батырдың, жалынды ақын Махамбеттің есімдерін тұтас бір аудандар иеленді. Атыраудың ардақтылары Дәулеткерейдің, Бейбарыс сұлтанның, Жұмекен Нәжімеденовтің, Хамит Ерғалиевтың, Бала Ораздың, Мақаш правительдің есімдері ауылдарға берілді. Бірқатар білім беру, мәдениет нысандары Жұбан Молдағалиев, Нұрғиса Тілендиев, Смағұл Көшекбаев, Шаймардан Сариев, Фариза Оңғарсынова, Бержан Қанатбаев, Ораз Сарғұнанов, Сүлеймен Қарабалин, Саламат Мұқашев сынды республикаға танымал және Атырауға еңбегі сіңген тұлғалардың есімдерімен аталды.
Соңғы жылдары түрлі объективті себептерге байланысты ономастика саласындағы шаралар тоқтап қалған болатын. Тек өткен жылы ғана Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің – 70, Қазақ хандығының 550 жылдықтары сияқты атаулы даталарға орай, көшелерге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің және қазақ хандарының есімдерін беру жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл үдеріс жалғасын тауып, облыстық ономастикалық комиссияда бірқатар ұсыныстар қаралды. 2015 жылы және 2016 жылдың бірінші, екінші және үшінші тоқсандарында 58 көшеге атау беріліп, селолық округтер әкімдерінің шешімдерімен ресімделді. Тағы 45 көшеге атау беру туралы мәселе бойынша комиссияның оң қорытындысы шықты. Бұдан бөлек, 357 көшенің бұрыннан қалыптасқан, бірақ растайтын құжаттары жоқ атауларын заңдастыру жөніндегі ұсыныстар ономастика комиссиясында мақұлданды. Халықтың пікірін ескере отырып, мұндай жұмыстарды алда да жалғастырамыз.
Бұл жерде айтарым, түскен ұсыныстар бойынша шешім қабылдайтын орган – комиссия. Ал, басқармасының ұстанымы қандай десек, көше, ауылға болсын, нысанға болсын, ат беруде жершілдікке бой бермей, ұлы, тарихи тұлғалар есімдері терең мәні бар қазақы айшықты атаулар берілгенін қолдаймыз. Мысалы, көшенің халық танымайтын адамнан гөрі, жас ұрпаққа тәрбие беретін атауды иемденгені дұрыс қой. Осы пікірімізді комиссия мүшелеріне де, жергілікті жерлерде ономастикалық жұмысты жүргізетін органдарға да, жұртшылыққа да жеткізуге тырысамыз.
Латынға көшу – заман талабы
Әлемде ғылым, білім, мәдениет саласы кітаптарының 90 пайызы латын қарпінде екен. Бұл – латын графикасын пайдаланатын елдер заманауи ғылым-білім, техника, технологиялар саласында артықшылыққа ие болады деген сөз. Ендеше, Батыс мемлекеттерін былай қойғанда, Түркия, Малайзия, Индонезия, Әзірбайжан, Өзбекстан түскен жолды біздің де таңдауымыз заңды. Тіпті, олардан бір артықшылығымыз – олардың оң тәжірибесін де, теріс тәжірибесін де ескеріп, бірден оңтайлы әліпби жасап алуға мүмкіндік бар. Ғылыми қауымдастық бұл мәселеге ерекше мән беріп, қазақ жазуын латын қарпіне көшірудің жүзден астам жобасы ұсынылғаны белгілі.
Ең бастысы, қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру тілімізді жаңғыртуға, оның әлеуметтік, коммуникативтік әлеуетін арттыруға мол мүмкіндік береді. Бұған көзіміз жетіп отыр және бұл жөнінде саяси шешім бар. «Біз 2025 жылдан бастап, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік меңгеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген Президентіміздің сөзі бізге басты бағдар, ұстаным болмақ.
Ендігі міндет – латын қарпіне көшу ісінің басты-басты мәселелерін (лингвистикалық, дидактикалық, мәдени-ақпараттық, баспаханалық, қаржылық, т.б.) шешу. Сөйтіп, қазақ тілін әлемдік лингвокеңістікте өзіндік орны бар, қазіргі заманның сынына төтеп беретін қуатты тілге айналдырамыз.
Ең бай тіл
Кейбіреулер «қазіргі заманда интернеттің шұбар тіліне төтеп беруге қазақ тілінің сөздік қоры жете ме?» деп күмәндануы мүмкін. Айтарым, біздің сөздік қорымыз аса бай. Әңгіме – сол байлықты пайдалана білуде. Мысалы, Бұқар жырауды (1693-1787) оқып отырып, мынадай сөздерге кезіктім: пұсырман, маһи, көрпелдес, мортық, мамыр, көлем, һәммәт, шеншік, талыс, арсы мен күрсі, шадияр, кебе… Кейбір сөздердің мағынасы көмескілеу болса да түсінікті, кейбіреуі – бейтаныс, жұмбақ.
Абайдың да көп сөздері қазіргі қазаққа түсініксіз: нөпіл, бергек, бадалық, серменде, құтпа, шардақ, бәһра, бәңгі, басқа да көптеген араб, парсы сөздері. Кез келген қазақ жазушысының шығармаларынан (әсіресе, тарихи тақырыпта жазылған Есенберлин, Кекілбаев, Мағауин, Жұмаділов романдарынан) қазақтың көне сөздерін көптеп табасыз.
Қазақтың күнделікті тұрмыс-салтына, жер бедеріне, мал шаруашылығына, туыстық қарым-қатынасына, этнографияға, қолөнеріне, санаға, дүниетанымына байланысты ұғым-атаулар санында шек жоқ. Жылқы мен түйеге қатысты сөздердің өзі жүздеп саналады. Бір киіз үйдің төңірегінде жүз сөз табылып қалады. Міне, осы қазақ тілінің орасан зор байлығы қолданыстан шығып, ұмытылып барады.
Менің пікірімше, ана тіліміздің әлеуеті орасан зор. Соны тиімді пайдалана білсек, қазақ тілі басқа тілдермен терезесі тең және жоғары технологиялар, интернет заманында өзін жоғалтпай, бәсекеге кабілетті болып дами береді. Әліпбиімізді латын графикасына көшіру мәселесін осыған қол жеткізудің құралы ретінде қарастыру қажет.
Баязи ӘБДЕШЕВ,
облыстық тілдерді дамыту
басқармасының басшысы.
— Бүгінгі күні облыстағы 248 әкімшілік-аумақтық бірліктің (облыс, аудан, қала, кент, ауыл, ауылдық округтар) 224-і қазақша аталады. Ал, 4159 геонимнің (көшелер, өткелдер, даңғылдар, саябақтар, т.б.) 1468-і сандық ретпен тұрса, қалған 2691 атаудың 2396-ы (89%) – қазақы атаулар.
— 2005 жылдан бері 25 елді мекен, 8 ауылдық округ, 1682 көше, даңғыл, басқа да геонимдер қайта аталды, жаңа атауға ие болды немесе транскрипциясы нақтыланды.
— «Қазтест» бойынша 6700-ге жуық адам қамтылды.
— Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, ұлттық қауіпсіздік, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, дәрігерлер, мұғалімдер, халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлері бар.