Жарнама
Жаңалықтар

БАСПАНАЛЫ БОЛУ БАҚЫТЫ

Бұл күні бес қабатты жаңа үйдің аулаларында көңілді әуен қосылып, жүзінен қуаныштың лебі сезілген тұрғындардың қарасы көп болды. Салтанатты шарада облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жаңа пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтады.

— Құрметті атыраулықтар! Таяуда ғана осы мөлтекауданнан 555 пәтердің кілтін тапсырдық. Кеше халқымыздың әйгілі қызы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова апамызға ескерткіш орнаттық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикадағы ең үлкен тапсырмасы – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту. Бұл орайда еліміздің түкпір-түкпірінде үлкен істер жүзеге асырылып жатыр. Үкіметіміз жыл сайын жаңа мемлекеттік бағдарламаларды іске қосып, оның негізінде тұрғын үй, мектеп, балабақша, денсаулық сақтау мекемелері ашылуда. Биылғы жылы біз 1132 пәтерді тапсырғалы тұрмыз. Бүгін 165 пәтердің кілті өз қожайындарына табысталады. Мұндай қуаныш кезінде бәріміздің басымыздан өтті. Адам өмірінде ең керекті нәрсенің бірі – баспана. Сол үшін қызмет етеді. Кезекке тұрады. Күтеді. Көріп тұрсыздар, үйлердің іші мен сыртының келбеті көз тартады. Атырауда көптеген игі істер жүзеге асып жатыр. «Нұрсая» – тұрған жері тамаша шағын аудан. Соңғы кездері салынған Салтанат сарайы, көрме залы, «Сарайшық» коммуналдық базары орналасқан, теннистік корттың құрылысы жүріп жатыр, жастар сарайы да салынады. Сондықтан, қаланың орталығы осы жер, — деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.

Салтанатты рәсімде қуаныш иелері атынан сөз сөйлеген Бисембай Тәмпиев Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған «Өңірлерді дамытудың – 2020» бағдарламасының қарапайым тұрғындар үшін тиімділігі зор екенін айтып, облыс басшылығына ерекше ризашылығын білдірді. Жарқыраған жайлы пәтерге қол жеткізген ол баспана кезегінде 12 жыл тұрыпты.

Бұдан кейін сөз алған Сабыр Қазыбаев атындағы №1 мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Юрий Есинов те қуанышын жасыра алмай, облыс басшылығына алғысын жеткізді

— Бүгін мен де баспаналы болып, қуанышқа кенеліп отырмын. Бұл – мен үшін үлкен көмек. Ата-анасыз балалардың мемлекеттен басқа қамқоршысы жоқ. Бізді ұмытпай, қолдау көрсетіп жатқандарыңызға алғысым шексіз. Осының барлығы – Елбасының сындарлы саясатының арқасы — деді ол.

Лента қию рәсімінен кейін облыс әкімі орынбасарлары, шаһар басшысы Нұрлыбек Ожаев және мердігер компаниялар мен қаржыландырушы банк жетекшілерімен бірге пәтерлердің ішін аралап көрді. Жаңа баспана иелеріне сыйлықтарын тарту етті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button