Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкология

БАРымызды БАҒАлай БІЛсек қой…

Atr.kz/28 ақпан, 2020 жыл. Жылыойлық оқырманымыздың хаты қолымызға тиген соң оның өзімен хабарластық. Сөйтсек, саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған ардагер біраздан бері осы мәселені қозғап, сөзін ешкімге өткізе алмай жүр екен.

ТІЛШІ ТҮСІНДІРМЕСІ:

Өткен жылғы 3 қыркүйекте «Nur Otan» партиясы Жылыой аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары С.Таласовқа да хат жолдаған. Оған шаруа қожалықтарының жетекшілері Қ.Жұмаханов пен С.Қызылов та қол қойған. Мұнда Жем өзенінің көктемгі тасыған суын пайдалануда олқылықтарға орын беріліп отырғандығын айтыпты. Былтыр да өр суы аз келген-ді.

Соның салдарынан шаруа қожалықтары табиғи шөпті қажеттіліктің небәрі 2030 пайызы шамасында дайындап үлгерген. Басқасын өзге өңірден сатып алуға мәжбүр болған. Осы орайда малбегілері кезінде қыруар қаражатқа (бір миллиард теңге шамасында ақша айтылады) салынған су өткізіп, оны реттейтін шлюздердің түрлі себептермен оң нәтиже бермей отырғанына ренжиді.

Алдағы уақытта байқалған кемшіліктер қайталанбас үшін жобаны жасаушыларды қатыстырып, шұғыл шара алу қажеттігін қаперге береді. Редакцияға жолдаған хатында Ізімғали Сүйесінов өткен жылы Қамыскөлге 25 күн су жіберілгенін айтады. Кейін Шоқпартоғай бағытына небәрі 15 күн бөлінген. Онда да агротехникалық мезгіл өтіп кетіпті. Өйткені, алдымен Қосшағыл селолық округіне қарасты шаруа қожалықтарының малына су жеткізу керектігі туындаған. Екі арада біраз тартыс болғанға ұқсайды.

Соның салдарынан осындағы округке қарасты жерде шөп шығымы шамалы болыпты. Жалпы Жем ауданға кірген соң бес тармаққа бөлінеді. Су аз келген жылы соның бәрін қамту мүмкін емес. Бірақ, барлығы да өз үлесін алуға ұмтылады. Бұл жерде «өз көйлегім денеме жақын» ұстанымы алға шығады. Осы орайда оқырманымыз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында Мәскеуде жасалған жобаны озық санайды. Соны қолданса, аз суды да тиімді тұтынуға болатынын айтады. Оның көшірмесі ауданда да, облыста да сақталған секілді.

Маманның тағы бір ұсынысы – «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Игілік» бағдарламасы арқылы бөліп отырған қаржының бір бөлігін ауыл шаруашылығын суландыруға арнау. Әрине, бұл әлеуметтік бағдарламаға жата ма, жоқ па, оны атқарушы билік анықтар. Егер сол арқылы елді мекен тұрғындарының мал ұстауына мүмкіндік туып, олардың тұрмысы түзелсе, онда осы орайдағы тағы бір проблеманың түйіні тарқатылар еді-ау.

Сөйтіп, аудандағы Айранкөл, Қызылжар, Қараша, Ащыкөл, Жыңғылдыкөл секілді су көздері аршылып, сонау жылдардағыдай жұртшылық игілігіне асуы әбден мүмкін. Жалпы, Ізімғали Сүйесінов Жем өзенін тиімді пайдалану жайында 2010 жылғы 18 ақпанда аудандық «Кең Жылой» газетінде көлемді мақала жариялапты. Оған да, міне, тура он жыл толған екен. Бірақ, өткір мәселе өзектілігін жоймаған.

Оның мақаласында 2008-2009 жылдары Жем тасымауы салдарынан қуаңшылық орын алып, малбегілері біраз қиындықты бастан кешкені баяндалады. Осы ахуал соңғы 2030 жылда бірінші рет кездесіп тұр екен. Яғни, дабыл қағарлық жағдай сол шақта-ақ қалыптасқан. Бірақ, жауапты тұлғалар өзеннің толығуы қыстағы қар көлеміне қатысты болғандықтан, ауа райын бақылап қана отырған тәрізді. Мүмкін кейбір шарасын алуға ұмтылған шығар. Алайда, қолдау таппаған.

Автор осы мақаласында Мәскеу су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты жасақтаған «Төменгі Ембі суландыру жүйесі» жобасын еске түсіреді. Кезінде оған қомақты қаражат жұмсалыпты. Одақ тарап, әркім өз басын сағалап кеткенде оны жүзеге асыру да мүмкін болмаған. Қағаз жүзінде ғана қалған құжатқа қосымша қаржы бөлінбеген. Сонау жылдары «Ембі» кеңшары ішкі мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, өзіне керекті шөбін жеткілікті даярлап алады екен. Қоғам малынан артылғанын жеке тұрғындарға беретін көрінеді.

І.Сүйесінов қазір аса көп қаржы шығармай-ақ, гидротехникалық шараларды талапқа сай сақтау арқылы тығырықтан шығуға болатындығын айтады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының орта шенінде Жем арнасынан асып, Құлсарымен бірге бірнеше елді мекенге жайылды. Аудан орталығында ондаған үй құлап, жүздеген жан баспанасыз қалды. Сонда мол судың далаға жайылып, одан ауылды басып қалуының басты себебі ретінде арналардың аршылмауы аталып еді. Рас, кейінгі жылдары Жылыойға мол су келген жоқ.

Содан ба екен, өзенді тереңдету мәселесі өздігінен ұмытылды. Тіпті ешкім есіне алмайтын тәрізді. Бұрынғы жылдары осы шаруаны біртіндеп реттегенде, мүмкін, қазіргі аз суды кәдеге жаратуға болар ма еді? Биыл Ақтөбе жағында қар қалың. Егер көктемде ретімен ерісе, төменге де мол су келуі әбден ықтимал. Бұл – біраздан бері болғалы тұрған молшылық. Әттең, соны тиімді пайдалануға мүмкіндік туар ма екен? Әлде ен далаға жайылып, еріктен шығып кетер ме екен?

P.S.

Жылыойлық инженер ортаға оралымды ой тастап отыр. Сонау жылдары қолға алынып, кейін жалғасын таппаған жоба ны жаңғыртпақшы. Мамандар пікірлесіп, бірлесіп соны шешім қабылдауына мүмкіндік туды. Ауданда саналы ғұмырын ауыл шаруашылығына арнап, төрт түліктің бабын тапқан малбегілері әлі де бар. Солар егде тартып қалғанымен, елді мекенді көркейтуге қауқары да, тәжірибесі де жетеді. Мемлекеттік қолдауды сезінген жас толқын жетіліп келеді. Тек жағдайы жасалса… Осы орайда өзектілігі одан әрі өскен су мәселесі оңынан шешілгені жөн.

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ

http://atr.kz/bez-rubriki/aty%d2%a3-kim-ajnalajyn/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button