Жарнама
Жаңалықтар

«Бәрі де ана, бір өзіңнен басталады»

Атыраудағы «Ақ желкен» шығармашылық орталығында Аналар күніне арналып өткізілген шара осылай аталды.
Биыл егемен елімізде, тәуелсіз мемлекетімізде алғаш рет тойланып отырған осынау атаулы күн бұдан былай  жыл сайын мамыр айының екінші жексенбісінде тойланады.

Бұл туралы облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссияның инспекторы Зәмзәгүл Жалмұрзина айтты. Ол бүгінгі шараның «Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығы жанындағы «Инабат» аналар алаңының ұйытқы болуымен, облыстық ішкі саясат басқармасы Жастар ресурстық орталығының қолдауымен ұйымдастырылып отырғанына тоқталды.  Өзіміз куәсі болғанымыздай, атаулы күнге орайластырылған бұл шараны шынымен де  әр адамның өміріндегі ананың атқаратын рөлі мен алатын орнының маңыздылығын көрсететкен  бір оқиға, тағылымды басқосу ретінде бағалауға болар еді.
«Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем? Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен. Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық Жердің тарту күшінен» деп ақиық ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай,  ана деген дүниедегі баға жетпес ең асыл бейне, адамзаттың ардақтысы. Ана — бір қолымен бесікті, екіншісімен әлемді тербеген теңдесі жоқ тұлға. Ол — ерлікке пара-пар ерен еңбектің иесі, қайраткер. Отбасы, әулетінің тірегі, жанұяның жүрегі. Шаңырақтың, қала берді елдің бірлігін сақтаушы, татулығының тұтқасы.
Аналар күніне арналған шарада осының бәрі әңгіме арқауына айналды.

Басқосуды ,,Елсана» рухани-патриоттық қауымдастығының үйлестірушісі Майра Жәнекешқызы кіріспе сөзбен ашты. Содан соң мерекелік құттықтауларға кезек берілді. Бұдан кейін «Инабат» аналар алаңының мүшелері сахна төріне көтеріліп, әрқайсысы өз аналары жайлы сырларымен бөлісті. Сәбидің аузынан шығатын ең алғашқы сөзі де – ана. Сондықтан бұл өмірде анаға тең келер ешкім жоқ. Қаншама байлық иесі, әлемге әйгілі адам болсаң да, анаңның саған жақсылығын ұмытпау – сенің өмір бойғы борышың. Дүниенің нұры, өмірдің гүлі. Жұмақтың өзі ананың табанының астында. Әңгіменің түйіні осыған тіреліп, тартымды да тағылымды естеліктер айтылды.
Мерекелік шараның құрметті де қадірменді қонағы болған, өмірі өнегемен өрілген, ғибратты ғұмыр иесі атанған, жасыл үлкен, көпті көрген аналарға бұл күні ерекше құрмет пен қошемет көрсетілді. Ұйымдастырушылар тарапынан сый-сияпат ұсынылды. Олар да өз кезегінде риза көңілден ақ баталарын беріп, ақжарма тілектерін ақтарды.

Сонымен бірге  мерекелік шараға арнайы шақырылған бір топ ерікті, белсенді жастардың аналарына ұлағатты ұрпақ тәрбиелегені үшін Жастар ресурстық орталығы атынан Алғыс хат тапсырылды.
Өмірден өткен барша аналардың аруағына бағышталып дұға оқылды.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button