Жарнама
Жаңалықтар

БӘРІ ДЕ – АДАМ ДЕНСАУЛЫҒЫ ҮШІН!..

 

ЖАҢА  ОРТАЛЫҚТЫҢ МҮМКІНДІГІ  МОЛ

— Әлемде ғасыр дерті деп танылған Жұқтырылған иммун тапшылығы дертінің салдарынан жиырма бес жылда жиырма миллионнан астам адам көз жұмған. Америкада, Оңтүстік, Орталық Африкада және Еуропа елдерінде кең таралған дерттің Қазақстанға келгеніне де біраз жыл болды. Елімізде жеті мың адам осы ЖИТС-ке шалдыққан. Оның ішінде бір жүз алпыс үші Атырау тұрғындары болып отыр. Сондықтан, 1989  жылы ЖИТС-пен күрес орталығы құрылғанымен, заманауи құрал- жабдықтармен жабдықталған  сәулетіне сай бөлек орны жоқ болатын. Осынау олқылықтың орнын толтырмақ мақсатта НКОК компаниясының демеушілігімен жаңа үлкен ғимарат салынды. Бұл жұмысқа қолдау көрсеткен НКОК компаниясының басшылығына және қызметкерлеріне облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан алғыс білдіремін, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Облыс әкімінің орынбасары айтқандай, кез келген дерттің емін тауып, науқастарды одан айықтыруда ақ халатты абзал жандардың көмегі зор. Еселі еңбектің арқасында олар тәулік, тіпті сағат сайын шынайы алғысқа бөленіп жатыр. «Бұл орталық та елдің сенімінен шығатын орталыққа айналатынына сенемін. Мұндай денсаулық сақтау саласындағы ұйымдардың сапасы арта түсуіне бәріміз де мүдделіміз. Соңғы екі жылда жиырмадан астам медицина мекемесінің іске қосылуы сөзімізге дәлел. Бірнешеуі былтыр пайдалануға берілсе, биыл да біразы тапсырылады деп жоспарлап отырмыз», — дей келіп, әлем дертімен күресетін жаңа орталықтың бас дәрігері Күлсім Дүржановаға ғимараттың символикалық түрде кілтін табыс етті.  

Өзінің құттықтау сөзінде НКОК компаниясының Сыртқы қатынастар бойынша директоры Пьер Дельпон бұл нысан консорциумның 1998 жылдан бері Атырау және Маңғыстау облыстарында іске асырып келе жатқан, құны 420 миллион АҚШ долларынан асатын 156 жобаның бірі екенін, алдағы уақытта да аймақ тұрғындарын қолдауды жалғастыра беретінін жеткізді. Оның айтуынша, қазірде бірқатар әлеуметтік жобалар жобалау және құрылыс сатысында.

— Әлеуметтік және инвестициялық жоба Атырау облыстық ЖИТС-пен күрес орталығының ашылуына куәгер болғаныма қуаныштымын. Аймақта қатерлі дертпен күрес орнының пайдалануға берілуінің маңызы зор екенін білеміз. Бұдан басқа да консорциумның жобалары бар. Біз әрқашан жергілікті халықты қолдауға дайынбыз,-деген ол биыл мұнайлы өңірде балалар шипажайы тапсырылатынынан хабардар етті.

Ал, Атырау облыстық ЖИТС-пен күрес және алдын алу орталығының эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Омарова осыдан 28 жыл бұрын елімізде осы ауру алғаш анықталған сәттен бастап-ақ  онымен күрес басталғанын, ол үшін арнайы орталықтар құрылғанын атап өтті.

— Бізде – үлкен қуаныш. Көптен күткен өз ғимаратымыз ширек ғасырдан кейін игілікке берілді. Заманауи талаптарға сай барлық құрал-жабдықтармен жабдықталған ЖИТС-пен күрес және алдын алуға арналған типтік ғимараттың ел бойынша бірінші болып Атырау облысында ашылғанына разымыз. Бізге мұндай мүмкіндікті сыйға тартқан НКОК консорциумына, халық игілігіне керекті әлеуметтік нысанды қатарға қосқан облыс әкімдігіне алғысымызды білдіреміз,-деді бөлім меңгерушісі.

Жаңа ғимараттың лентасын қию рәсімін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мен НКОК консорциумының Сыртқы қатынастар бойынша директоры Пьер Дельпон жасап, орталық ішімен танысып шықты. Бұрын бір ғана серологиялық бөлімшеден құралған зертхана бірнеше соңғы үлгідегі құралдармен қамтылған. Мәселен, зертхана меңгерушісі Татьяна Меньщикованың сөзіне қарағанда, толықтай автоматтандырылған бөлімшеде халық арасында АИТВ антиденелеріне скрининг жүргізіледі. Сонымен қатар, гепатиттер мен ЖИТС индикаторлы инфекцияларды анықтауға мүмкіндік бар. Ал иммунология бөлімшесінде иммундық статусты анықтайтын арнайы құралдар, клиникалық биохимиялық бөлімшеде гемотологиялық анализаторлар орын алған. Мұндағы технологияның барлығы дерлік АҚШ-та жасалған. «Мысалы, біз бұрын кейбір талдауларды Ақтөбе, Оралда жасайтынбыз. Енді ауруды уақтылы анықтауға өзіміздің де мүмкіндігіміз бар», — дейді орталықтың бас директоры.

Айта кетелік, тек өткен жылы облысымызда АИТВ жұқпасымен жиырма алты адам тіркелген. Биылдың өзінде осындай инфекцияны жұқтырған он екі жан анықталды. Анықталғандардың сексен пайызы, өкінішке орай, әйел заты болып отыр.

 

«КҮРДЕЛІ ОТАЛАР ӨЗІМІЗДЕ ДЕ ЖАСАЛАДЫ»

Салтанатты шара әрі қарай Атырау облыстық балалар ауруханасында жалғасын тапты. Онда хирургиялық корпус пен жөндеуден өтіп, қайта жаңғыртылған жаңа ғимарат ашылды. Бұл биыл 40 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған облыстағы бірегей балалар ауруханасы ұжымына үлкен сый болды. Адам жанының арашашыларын атаулы күнмен құттықтаған аймақ басшысының орынбасары Шыңғыс Мұқан елімізде ана мен бала денсаулығын қорғауға ерекше мән беріліп келетіндігін, соңғы жылдары медицина ұйымдарының көптеп тапсырылуы соның айқын айғағы екенін атап өтті.

— Жыл аяғына дейін тағы да бірнеше ғимарат пайдалануға беріледі. Соның ішінде Құлсары қаласындағы 250 орындық, Индер және Геолог елді мекендерінде 100 науқасты қабылдауға арналған емханалар құрылысы басталды. Сондай-ақ, сәбилер өмірге келетін перзентханада, оның аудандардағы өкілдіктеріне қомақты қаражат бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар алынды. Нәтижесінде соңғы уақытта медицина саласындағы көрсеткіштеріміз жақсарып, сәбилердің шетінеуі мен ана өлімі азайып келеді. Балаларымыз ауырмасын, сырқаттана қалған жағдайда қайта жаңғыртылған ауруханадан шұғыл ем алып, тезірек сауығып кетулеріне тілектеспін, — деген Шыңғыс Жұмабекұлы облыс әкімі мен барша атыраулықтар атынан ақ халатты абзал жандарға жетістіктері үшін алғысын айтты.

Аймақтағы балаларды емдейтін бірден-бір ауруханада заманға сай ота жасайтын бөлімшені салып, жөндеп берген НКОК консорциумының Сыртқы байланыстар жөніндегі директоры Пьер Дельпон шынайы тілегін жеткізіп, қуанышқа ортақтасты.

Ал, медицина саласының ардагері Гүлнар Оразова меймандарға «қош келдіңіз» айтып, аурухана тарихынан сыр шерте отырып, жаңа бөлімшенің ашылуының қаншалықты маңызды екеніне тоқталды.

— Бұрынғы ауруханамыздың іргетасы қаланғанына биыл қырық жыл толып отыр. Ол кезде шағын ғимаратта болсақ та, емделуге көмек сұрай келген науқас балаларға көмектесіп келдік. Енді сәулетті, іші кең әсем ғимаратта емделуге келген бүлдіршіндер мен оларды күтуші аналарға барлық жағдай жасалынды. Ауруханамыз заманауи құралдармен, жас мамандармен толықты. Олар өз кезегінде басқа  қалаларға, шетелдерге шығып, кәсіби шеберліктерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттыруда, — деді ол.

Бұдан кейін қайта жаңғыртылған аурухана қонақтар мен емделушілерге есігін айқара ашты. Оның бас дәрігері Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің айтуынша, қабылдау бөлімі халықаралық стандарттарға сай жасақталған. Аурухана емес, құдды бір ертегілер әлеміне енгендей әсер аласыз. Мұның бәрі, әрине, қиналып келген сәтте балалардың көңілін аулау үшін жасалынып отыр. Ал, компьютерлік томография аппараты еліміздің бірен-саран емдеу орындарында ғана бар. Радиолог-дәрігер Сәулебай Байжановтан білгеніміз, 64 кесінді америкалық аппарат науқастың ауруын дәл анықтауға мүмкіндік береді, әрі денсаулыққа кері әсері жоқ.

Облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Орындық Сиплованың айтуынша, енді  жаңа ғимарат 150 орынға тәулік бойы, 25 кереует күндізгі стационарға емделушілерді қабылдайды. Хирургиялық бөлімшеде аймақта алғаш рет ми қарыншасынан құрсақ қуысына шунт салу  отасы жасалған. Бұған дейін науқастарға мұндай ота жасау үшін Астана, Алматы қалаларындағы орталық ауруханаларға жіберілетін. Травмотологияда Иллизаров аппаратымен жоғары мамандандырылған медициналық көмек берілген. Лапароскопиялық ота жасау бір жолға қойылған.

Айбөпе САБЫРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button