БАҚ – Тәуелсіздік тетігі
Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел өміріндегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Көптеген тың бастамаларды ортаға салды. Солардың арасында Бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін нығайту туралы арнайы сөз етті.
Кез келген дамыған қоғам тәжірибесінен белгілі: БАҚ еркіндігінсіз еш мемлекет алға жылжи алмайды. Президент осы ретте «Бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керек. Бұл қағидат қазір кез-келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды. Отандық ақпарат құралдарының Қазақстанда, өңірде және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуға тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты», — деді.
Мен осыған дейін Қазақстанда БАҚ туралы Заңды қайта қарау керек, журналистердің әлеуметтік мәртебесін анықтау қажет деп бұрынғы Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған едім. Сырғытпа жауап алдым. Мәселе шешімін таппай қалды. Енді міне, Президент еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен ұлттық идеологиясын жасау туралы нақты айтып отыр.
Президенттің «Мемлекет ашық ақпараттық кеңістік пен сұранысқа ие әрі пәрменді ақпарат құралдарын құруға айрықша назар аударады. Бұқаралық ақпарат құралдары билік пен халықтың арасындағы тиімді байланыс арнасы бола отырып, елдегі қордаланған мәселелерді көтере алады және көтеруге міндетті. Бірақ, мұны жоғары азаматтық жауапкершілікпен жасау керек», — деген пікірінде үлкен салмақ жатыр.
Қазіргі қазақ журналистикасы – пресс-релиздік журналистика. Әбден тұмшаланған, еркіндігі байланған, таптаурын сала. Журналистикада жаңалық болмайынша, қоғамда жаңа нәрсе орнықпайды. Осы уақытқа дейін қазақ баспасөзі елге барынша жанашыр болып келді. Өте қиын сәттер мен кезеңдерде халықты жұбата білді. Ел ертеңі жақсы болады деген сенімді орнықтырды. «Журналистер өз еліне және азаматтарына шынайы жанашыр болуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары бекерден бекер «төртінші билік» атанбаса керек. Сол себепті сіздер жұрттың санасы мен сезіміне ықпал ету мәселесіне мұқият қарағандарыңыз жөн. Мен мұны журналистер қауымына арнайы айтып отырмын», — деп Президент бұл туралы да айтып өтті.
Әйтсе де қазіргі журналистика сөзді сататын болды. Тапсырыспен мақала жазатын, біреуді әдейі қаралайтын әріптестер де пайда болды. Бұл елдігіміз бен мемлекеттілігімізге нұқсан келтіретін нәрсе. Мемлекет басшысы «Біздің қоғамымызды ыдырату үшін сырттан берілетін тапсырыстармен жұмыс істеуге немесе көлеңкелі қаламақы үшін саяси кландардың астыртын тартысына қатысуға болмайды», — деп өзекті мәселенің түйткілді тұсын ашық айтты.
Президенттің «Тәуелсіз әрі жауапкершілігі жоғары бұқаралық ақпарат құралдары болмаса, қоғамды одан әрі демократияландыру мүмкін емес екеніне сенімдімін. Сондықтан мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму үрдісін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек», — деген ұсынысын толық қолдаймын.
БАҚ – барынша еркін және ашық болуы тиіс. Қоғам өз қотырын өзі емдеп жазуы керек. Бұл бұлтартпас аксиома. Биылғы Жолдауда Мемлекет басшысының БАҚ саласына айрықша маңыз беруі мені журналист ретінде қатты қуантты және көкейге ақпараттық саланы дұрыстайтын болдық-ау деген сенім ұялатты.
Нұртөре ЖҮСІП,
Сенат депутаты