Балықтың да киесі бар

316cfaf95347cd5b22c754ec0006a38e Жаңалықтар

90-ШЫ ЖЫЛДАРДЫҢ СОҢЫНДА БІЗ ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒАСЫНДАҒЫ «ОБЩИЙ ДВОР» ДЕГЕН ЖАЙДАҚ АТАУЫ БАР ҮЛКЕН АУЛАДА ТҰРҒАНБЫЗ. МҰНДАҒЫ ҮЙЛЕРДІҢ САНЫ КӨП-АҚ ЕДІ. АЙТАЙЫН ДЕГЕНІМ, ОРТАҚ АУЛА ТҰРҒЫНДАРЫ «ӨЗЕН ЖАҒАЛАҒАННЫҢ ӨЗЕГІ ТАЛМАС» ДЕГЕНДЕЙ, БӘРІ ДЕРЛІК БАЛЫҚ АУЛАП, КҮНЕЛТЕТІН.

Бір күні кешқұрым көшеден шұбырған жұрттың дауысы естіліп, бəрі Жайыққа қарай ұмтылды. Біз де «не болдылап» солардың соңынан ілестік. Байқасақ, біраз жылдан балықшылықпен айналысатын адам суға кетіп қалыпты. Оқыс оқиға, суыт хабар бəріміздің жүрегімізді дір еткізді. Күнде көріп жүрген көршімізге шынымен жанымыз ашыды. Ал, судан құтқарушылар келгенімен,

олардан қайыр болмады. Қас қарайғанша денені іздегенімен таба алмады. Тек арамыздағы жасы 70-тен асқан үлкен кісі ғана сəл шеткеріректе тұрып, өзімен өзі күбірлеп, сөйлеп тұрды. Сонда ол:

– Балықтың киесі ұрған ғой, ақыры алып тынды. Менің ұлым да сөйткен… – деді. Мен соған дейін «балықтың киесі бар» дегенді естімеген екенмін. Осы кенеттен болған оқиғадан соң: «Ойпырым-ай, барлық тіршілік атаулының обал сауабы, киесі болады екен-ау!» деп ойладым. Бұдан кейінгі кездері ағайын-туыс пен тамыр-таныстардың: «Балықшылар теңізге кетіп қалыпты», «түгеншенің

ұлы ау салып жүріп, суға кетті», «жүзгіш жігіт болатын, қалайша өзеннен шыға алмай қалды?!» дегендерді естігенде, көрші тұрған сол қарияның сөзі ойыма оралады. Сондықтан, «су маржанына» аса қатты құныға бермеңіз, ағайын, киесінен қорқыңыз!..

Лиза СЕЙТІМОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз