БАЛЫҚШЫНЫҢ МЕРЕЙІ ҮСТЕМ БОЛҒАН КҮН
Жыл сайын шілде айының екінші жексенбісінде тойланатын кәсіби мереке — Балықшы күнін атыраулықтар да көтеріңкі көңіл күймен атап өтті.
Осыған орай Жайық-Каспий облысаралық бассейндік инспекциясында мерекелік шара ұйымдастырылды. Оны кіріспе сөзбен ашқан инспекция басшысы Нұрлыбек Гайсиннің айтуынша, жылдағыша биыл да балық аулау мен өңдеу жоспары артығымен орындалып, осы саладағы шаруашылық субъектілері қабылдаған міндеттемелерінің межесінен көрінді.
Мемлекеттік құрылым басшысы одан іэәрі есепті мерзімде еншіленген жетістіктерге тоқталып, алдағы жоспарларын саралады. Соның ішінде, облыстық әкімдіктің көмек, қолдауымен балық қорғау басты міндеті болып саналатын мекеменің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай нығайтылғанын айрықша атап өтті. Атап айтқанда, инспекцияның техника паркі теңізде және өзенде жүзуге арналған су кемелерімен, қызметтік автокөліктерден, сондай-ақ жолсыз жерлермен жүруге ыңғайлы квадроциклдермен толықты. Осындай қамқорлығы үшін облыс басшылығына алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.
Салтанатты шараға облыстық табиғи ресурстар және табиғат қорғауды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева, ауыл шаруашылығы қызметкерлері кәсіподақтары облыстық кеңесінің төрағасы Жұмазия Есімова, облыстық мәслихаттың депутаты Айбар Ерекешов қатысты.
Кәсіби мереке иелерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірген олар облыс әкімдігі мен мәслихат, республикалық салалық кәсіподақтар федерациясы атынан Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарын және «Еңбек Даңқы» төс белгілерін тапсырды.
Осындай құрмет «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшылығы тарапынан да үлгілі қызметкерлерге көрсетілді. Өз кезегінде сала ардагерлері де ұлықталы, лайықты сый-сияпат ұсынылды.
Соңынан мекемеге жаңадан келген техникалар таныстырылып, кілттері салтанатты жағдайда табысталды.
Дәулетқали АРУЕВ,
Суреттерді түсірген автор