Жарнама
Жаңалықтар

Балық шаруашылығы баса назар аударуды қажет етеді

 

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың мұнайлы өңірдегі кезекті кездесуі Атырау бекіре балығын өсіру зауытының ұжымымен өтті. Ашық әңгіме, еркін пікір алмасу жағдайындағы жүздесуге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып отырды.

Атырау бекіре балығын өсіру зауыты 1998 жылы пайдалануға берілді. Содан бергі уақытта Жайық-Каспий айдынына 71,4 млн. дана бекіре тұқымдас балықтың шабағы жіберіліпті. Зауыт директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, нысанның жобалық қуаты жылына 3,5 млн. дана су маржанын өсіруге есептелген.

— Сөз жоқ, сіздердің еңбектеріңіз елеулі. Мұндай нысандардың қажеттілігін өмірдің өзі көрсеткен еді. Оны салу еліміздің тәуелсіздік алған жылдарында ғана мүмкін болды, — деп бастады әңгімесін Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов. – Балық шаруашылығының жағдайы бұрынғы қоғамда қандай болғанын білеміз. Бағалы бекіренің билігін кеңес үкіметі ұстады. Оған жергілікті атқарушы орындар тұрмақ, республика басшылығының өзін араластыра қоймады. Енді, міне, тәуелсіз Қазақстан қай мәселені де ешкімге жалтақтамай, дербес шешіп жатыр. Соңғы жылдары республика бойынша 1300 мектеп, 1400-ден астам аурухана салынып, пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандармен қатар, халықтың хал-ахуалын көтеруге күш салынды. Басқаны айтпай-ақ, бұрынғы Гурьев пен қазіргі Атырауды салыстырып көрер ме едіңіз, жер мен көктей ғой. Ендеше, мұның барлығы егемендігіміздің арқасында ғана жүзеге асты.

Халық қалаулысы ауыл шаруашылығы мәселесінен де айналып өтпеді.

— Бірде Алматының іргесіндегі «Байсерке» шаруашылығында болғанымыз бар. Мал қорасына келгенімізде оның соншалықты таза, жарық та кеңдігін көріп таң қалдым. Оны «қора» деуге аузың бармайды екен. 350 сиырды қаршадай екі қыз компьютер арқылы сауып отыр. Бұрын ол үшін бір топ адам жүретін еді. Сиырлардың қолға үйретілгені соншалық, сауын уақыты келгенінде өздері ыңғайланып тұра қалады. Мұның бәрін айтып отырғаным, біздің ауыл шаруашылығындағы іскер азаматтарымыз бүгінде тың жобаларды қолға алуда. Өйткені, ескі әдіс, артта қалған техникамен ұшпаққа шықпайтынымыз анық. Озық мемлекеттердің осы заманғы технологиясы арқылы ғана өркендей аламыз. Біздің мемлекеттің ауыл шаруашылығын дамытудағы басты бағыты осы, — деді Қуаныш Сұлтанов.

Кездесуде Атырау бекіре балығын өсіру зауыты ұжымының өкілдері өздерінің пікірлерін білдіріп, сауалдарын қойды. Мәселен, ұзақ жылдар бойы техник-балық өсіруші болып еңбек етіп келе жатқан Гүлжан Ихсан көпшіліктің көкейіндегі мәселелерді қозғаса, балық аулау шебері Руслан Сүлейменов Жайықтың теңізге құятын арнасын тазалау қажеттігін баяндады.

— Бұрын балық өзеннен ауланса, қазір тартым жұмыстары Каспий айдынында жүруде. Бұл өсіп жетіле қоймаған бекіре шабақтарының азаюына себепші болып отыр. Сонымен қатар, басты мәселе – елімізде Балық шаруашылығымен тікелей айналысатын комитеттің жоқтығында. Қазіргі бары Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің құрамында. Сондықтан, бүгінде аталған комитетті жеке құру қажеттілігі туып тұр немесе балық шаруашылығына басым назар аударылуы керек дер едім. Атырау айдынында өндірілген су маржанының өнімі Еуропа нарығына тікелей шығарылмайтындығы да – ескерілетін мәселе. Браконьерліктің жолын кесу туралы да осыны айтуға болады. Әлемде бекіре балығын қолдан өсіріп, уылдырығын сатып, пайда тауып отырған елдер көп. Республиканың өзге облыстарында да мұндай мысалдар бар. Өйткені, бекіре балығының қоры ұтымды ұйымдастырылса, орны толатын, табыс түсіретін, адамдарға жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін үлкен сала. Сондықтан, бұл біздің басты назарымызда болады, — деп сөзін қорытындылады облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button