Жарнама
Жаңалықтар

БАЛЫҚШЫЛАР МЕРЕЙІ ӘРҚАШАН ДА ЖОҒАРЫ

balukshi23Мерекелік сәтті Атырау қаласы әкімінің орынбасары Амантай Айтбаев ашып, облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен қала әкімі Серік Айдарбековтің атынан бір топ балықшылар мен ардагерлерге Алғыс хат пен бағалы сый-сияпаттарын ұсынды. Олардың қатарында облыс әкімінің алғысын алған Гүлмара Қадырқызы, Тұрсынбай Смақұлы, Өмірзақ Жақсылықұлы, Жалғас Икрамұлы, қала әкімінің Алғыс хатымен марапатталған Бақтығали Сағатов, Жұмабай Шалқаров басқа да өз кәсіптерінің құрметіне бөленген мамандар бар. Бұдан кейін Балықшы аймақтық соғыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлібек Түсібалиев құттықтап, балықшыларға мықты денсаулық тілеп, ел мәртебесінің асқақтай түсуіне деген ыстық ықыласын білдірді.
Өңір экономикасының маңызды бір саласы болып табылатын балық шаруашылығында еңбек етіп, табиғат байлығын ел несібесіне жаратуда балықшылардың еңбегі ұшан-теңіз. Осы орайда Атырау қаласында ғана іргесін қалаған бекіре тұқымдас балықтарды өсіретін екі зауыт, тоғыз өндірістік кооператив ұжымы өздерінің төл мерекелерін қол жеткен толымды табыстарымен қарсылап, алдағы жоспарларын да діттеп қойғанға ұқсайды.
«Амангелді» өндірістік кооперативінің директоры Салахадин Калимов өзі басқарып отырған мекемеде жеті звено жұмыс жасап, барлық күштің бір бағытқа жұмылдырылып отырғандығын айта келіп: «Мақсат айқын, жетістігіміз бар, ол біздің міндетіміз. Бұған қоса шешімін күткен өзекті мәселелер де жетеді. Балық шаруашылығындағы бүгінгі күннің басты проблемаларының бірі — бекіре тұқымдас балықтардың азайып кетуі. Осы орайда табиғат байлығын сақтауға өз міндетімізді қосуға тиістіміз. Үстіміздегі жылы үш жүз дана бекіре тұқымдас балық аулап бердік. Одан өндірілген шабақтардың ашық айдынға жіберіліп жатқанын білесіздер», — деп өз ойын ортаға салды.
balushilfӨңіріміздегі балықпен айналысып отырған іргелі мекемелердің бірі – «Інжу-маржан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Орайлы сәтте аталған серіктестік директоры Гүлфара Исмағұлованы сөзге тарттық. «Балықпен айналысу – біз үшін атакәсіп. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деп халқымыз бекер айтпаса керек. Бізде де атқарылар істер өте көп. Жұмыс болғасын қиындығы да, қызығы да қабаттас жүреді. Бұл заңдылық деп есептеймін. Ұжымымызда маусымында екі жүзден астам адам еңбек етеді. Берілген жоспар есебінен шығып келеміз. Салауат Тілепбергенов, Зайдолла Кенжебеков, Жолдасқали Құмарғалиев сияқты өз ісінің шебері атанған кәнігі мамандардың өндірісті алға апарып, кейінгі жастарға тәлімгерлік жасап жүргендіктерін мақтанышпен айта аламын. Кәсіби мерекемен барлық әріптестерімді құттықтап бастарына амандық, дендеріне саулық тілеймін» деп жүрекжарды пікірімен бөлісті.
Мерекелік салтанат бұдан әрі спорттық жарыстармен жалғасты. Кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күресінен жарысқа түскен жігіттер жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, өздерінің салауатты өмір салтын дамытуға ерекше үлес қосып жүргендігін көрсетті. Жарыс қорытындысында арқан тартудан Еркінқала әкімдігінің командасы, кір тасын көтеруден еркінқалалық Азамат Ізбасов, ал қол күресінен Атырау бекіре өсіру зауыты ұжымы бірінші орындарды иемденді. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button