Балықшыда су да бар, жылу да бар!
Атырау қалалық құрылыс бөлімінің мәліметі бойынша, Балықшы ықшамауданына қарасты көп қабатты 53 үй орталық жылу жүйесіне қосылуға тиісті болатын. Аталған ықшамаудандағы кварталішілік жылумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жұмыстары шеңберінде жалпы ұзындығы 8 шақырым жерүсті магистралдық құбыры жүргізілді. Жылу желілері трассасының жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрады.
Қазіргі таңда ықшамауданның 47 тұрғын үйіне жылу берілді. Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, Балықшыдағы үйлер жылу электр орталығына тәуелді сызба бойынша жылытумен және ықшамауданның тарихында алғаш рет ыстық сумен қамтамасыз етіліп отыр.
Иә, бұл қазіргі жағдай. Ал, осыдан ширек ғасыр бұрын кенттегі тірлік мүлдем басқаша-тұғын.
Қадірі қашқан кент еді
Іргесі 1937 жылы балық-құты комбинатын салуға байланысты қаланған Балықшыда балық-уылдырық, кеме жөндеу зауыттары, тұрмыс қажетін өтеу мекемелері, үш орта мектеп, теңіз-балық колледжі, мәдениет үйі, екі аурухана, тубдиспансер, балабақшалар жұмыс жасады. Тұрғындар облыс орталығымен және елді мекендермен автомобиль жолы арқылы байланыс жасады.
Кезінде Балықшы ауданының орталығы мәртебесіндегі жиырма мыңдай тұрғылықты халқы бар кенттің коммуналдық проблемаларының өзі бастан асып жығылатын. Қаһарлы қыста кентте жылудың зардабын шегетіндер жергілікті билік басындағыларға арызды қарша борататын. Ал, көктем мен күзгі жауын-шашында кент пен оның маңайындағы елді мекендерде лайсаң батпақтан аяқ алып жүрудің өзі мұң болды. Тіпті балықшылықтардың жанайқайы облыс асып, республикалық телеарналар арқылы талай мәрте көрсетілгені көпшіліктің әлі жадында шығар. Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде жөні түзу көп қабатты үйі, кентішілік жолы болып көрмеген аудан орталығының толғақты проблемаларын шешуге қаражаттың тапшылығы жергілікті биліктің қолын қысқартты, атқамінер азаматтардың басын ауыртты. Көп қабатты үйлердің тұрғындары ыстық суды айтпағанда, ауызсудың өзіне зар болды. Содан болса керек, мұндағы тұрғын үйлер құны арзан болса да өтпейтін. Балықшыдан баспаналы болу бақыты бұйырсын дейтіндердің қарасы тым аз-тұғын. Газет беттерінен де, теледидардың жүгіртпе жолдарынан да «Тек Балықшыдан баспана ұсынбауды өтінеміз» деген жарнамаларды жиі оқитын едік.
Басшылықтың бастамалары
Өткен жылы магистралдық жылу трассасы мен жылу тарату орталығының күрделі құрылыс жұмыстарымен «Арал-Сервис» ЖШС, ал, кварталішілік жылу трассасы құрылысымен «Гранд Мастер» ЖШС маман-жұмысшылары айналысты. Аталған жобаның 90 пайызы жергілікті бюджеттен, ал, қалған 10 пайызы республикалық бюджеттен қаржыландырылды.
– Бүгінгі таңда жоба бойынша құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Аталған жоба үш бөліктен тұрды. Магистралдық жылу желілері, екіншісі орталық жылу тарату пункті және соңғы тармақ. Бүгінгі күні орталық жылу тарату пунктінің қуаты 15 мегаватт – ыстық суға, 15 мегаватт – жылуға, жалпы 30 мегаватты құрайды. Осы жобалардың жалпы құны – 3,3 млрд. теңге, — деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тимур Басаров.
–Балықшының көп қабатты тұрғын үйлерінде ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры болған жоқ. Ал, үйлер газ қазандарымен жылытылды. Олардың қуаты барлық үйлерді жылыту үшін жетпеді. Өткен жылдың күзінен бастап Атырау қаласының әкімдігі Балықшы ықшамауданында жаңа жылу энергетикалық кешенін салу жобасын жүзеге асыруға кірісті. Қазіргі уақытта үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу аяқталу үстінде. Балықшының үйлеріне жылу мен ыстық су келіп, тұрғындар қуанышқа кенелуде, — дейді Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттымұратұлы.
Дерек пен дәйек
Қалалық мәслихат депутаттарының шешіміне сай 2013 жылы Балықшы кенті Атырау қаласына қосылып, ондағы жергілікті тұрғындар облыс орталығын мекендеушілердің жалпы тізіміне енгізілген-ді. Сол кездегі депутаттық корпустың бұл таңдауы Мемлекет басшысының облыс орталығынан бес шақырым қашықтықта орналасқан ауылдық округ пен поселкелерді оңтайландыру бағытындағы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатынан туындаған болатын.
Міне, содан бері аталған кенттің жалпы ауданы 1703 гектар жері облыс орталығының құрамына өтті. Құрамына бес елді мекен, яғни, Балықшы кенті, Ақжайық, Водников, Көкарна және Құрсай ауылдары енетін аумақтың жалпы тұрғындар саны 28 мыңдай болса, оның жиырма мыңға жуығы Балықшыда тұрады.
Сертіне берік серіктестер
Қаланың жылу-электр орталығының жылу жүйесінен Балықшыдағы жылу беру орталығына диаметрі 530 миллиметрлік тұрбамен 7952 метрлік құбыр тарту жұмыстарын жүргізген бас мердігер – «Арал Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маман-жұмысшыларынан құрылған бес бригада жаз бойы тынымсыз еңбек етті. Нәтижесінде күзгі-қысқы жылу беру науқанына дейін белгіленген жұмыс ауқымын толық аяқтап, көп қабатты үйлерге жылу мен ыстық су жеткізудің алғышартын жасады. Ал, кварталішілік жұмыстарды өз мойнына алған «Грант Мастер» ЖШС екі жарым мыңдай тұрғынды қуанышқа кенелтіп отыр.
«Арал Сервис» ЖШС техникалық директоры Талғат Бисеновтың айтуынша, қазір бір бригада «Атырау су арнасы» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорнына қажетті резервтегі қосымша су құбырын тартумен шұғылдануда. Яғни, мердігер компания жұмысшылары Балықшыдағы жылу беру орталығынан жалпы ұзындығы 290 метр болатын су құбырын Қожақаев көшесіндегі негізгі су желісіне қосуды міндетіне ал-ған екен.
– Күн райының қолайлы сәтін қалт жібермей, бұл шаруа-ны сапалы аяқтауымыз керек. Қазір жылу тарату орталығындағы барлық агрегаттар қалыпты режимде жұмыс жасап тұр. Жұмыс толық аяқталған соң бұл нысанда мемлекеттік қабылдау болады. Тұрғын үйлерге тұрақты жылу беруге қатысты емес жұмыстарды таяу уақытта аяқтаймыз, — дейді мердігер компанияның техникалық директоры Талғат Бисенов.
Балықшының жылу тарату орталығының жұмыс барысымен таныстық. Учаске мастері Асхат Ізбасаров Балықшыдағы екі, үш және бес қабатты 47 тұрғын үйдің орталық жылу жүйесіне қосылғандығын және тұрғындар ыстық суды пайданала бастағандығын жеткізді.
– Атырау жылу-электр орталығынан құбырмен +70 градус температурамен осы орталыққа келетін судың теплообменник арқылы температурасы 81 градусқа дейін көтеріледі. Жылу батареясынан ыстық су 45-50 градусқа дейін төмендеп, жылу тарату орталығына келеді. Мұндағы Германия елінен шыққан қондырғылар мен сорғылардың жұмысы толықтай автоматтандырылған. Оларды үш ауысымда жұмыс жасайтын кезекші оператор бақылап отырады, — деді учаске мастері.
Құбырмен келетін судың қысымы тым көтеріліп кеткен жағдайда жылу тарату орталығында жалпы сыйымдылығы 15 тонналық үш резервуар орнатылған.
Бақытжан ЖҰМАТ