Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

«Балықшы» ықшамауданының 2500 пәтері орталық жылу жүйесіне қосылады

Бүгінде 36 көп пәтерлі үйге жылу берілді, деп хабарлады Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

WhatsApp Image 2018-10-17 at 10.50.56 (4)

Кеше «Балықшы» ықшам ауданындағы жаңа жылу энергетикалық кешеніне Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев барды. Өңір басшысы тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын тексеріп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Қалалық құрылыс бөлімінің ақпараты бойынша, орталық жылу жүйесіне барлығы 53 үй қосылады, мұнда 2500 пәтер бар. Балықшы ықшам ауданындағы кварталішілік жылумен жабдықтау желілерін реконструкциялау шеңберінде жалпы ұзындығы 8 шақырым жер үсті магистральдық құбыры жүргізілген. Жылу желілері трассасының жалпы ұзындығы 22 шақырымды құрайды.

«Әзірге Балықшыдағы 36 тұрғын үйге жылу берілді. Жалпы, барлық 53 үйді толық қосуды 20 қазанға дейін аяқтау жоспарлануда», –дейді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев.

Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес «Балықшыдағы» үйлер жылу электр орталығына тәуелді схема бойынша жылытумен және ықшам ауданның тарихында алғаш рет ыстық сумен қамтамасыз етілетін болады. Магистральдық жылу трассасы мен жылу пунктінің құрылысымен «Арал Сервис» ЖШС, кварталішілік жылу трассасы құрылысымен – «Гранд Мастер» ЖШС айналысты. Жоба 90 пайыз жергілікті бюджеттен және 10 пайыз республикалық бюджеттен қаржыландырылды.

«Бүгінгі таңда жоба аяқталды. Ол үш бөліктен тұрды: бірінші бөлім – магистральдық жылу желілері, екінші бөлім – орталық жылу пункті және соңғы тармақ. Бүгінгі күні орталық жылу пунктінің қуаты 15 мегаватт – ыстық суға, 15 мегаватт – жылуға, жалпы 30 мегаватты құрайды. Үш жобаның жалпы құны – 3,3 миллиард теңге», – деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тимур Басаров.

Балықшы кентінің тарихы 1937 жылдан бастап Атырау балық консервілеу комбинатының құрылуынан бастау алады. Осы уақытқа дейін кент тұрғындары үйде ыстық сумен қамтамасыз етудің және жылу берудің нашарлығынан үлкен қолайсыздықтар көріп келген еді.

«Бұл үйлерде ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры болған жоқ, Ал көпқабатты үйлер газ қазандарымен жылытылды, олардың қуаты барлық үйлерді жылыту үшін жетпеді. Өткен жылдың күзінен бастап Атырау қаласының әкімдігі «Балықшы» ықшам ауданында жаңа жылу энергетикалық кешен салу жобасын жүзеге асыруға кірісті. Қазіргі уақытта үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу аяқталуда. Енді осының арқасында «Балықшы» тұрғындарының үйлеріне жылу және ыстық су келеді», – деді Атырау қаласының әкімі Алимұхаммед Құттұмұратұлы.

Атырау облысының әкімі «Балықшы» ықшам ауданындағы үйлерді орталық жылу жүйесіне қосу бойынша барлық жұмыстарды аяқтауды, ақаулықтар мен апатты жағдайларды болдырмау үшін бүкіл үйлерді аралап шығуды тапсырды.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button