Жарнама
Жаңалықтар

Балықшыға қысым емес, көмек қажет

Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Құрманғазы ауданында іссапарда болып, аймақтағы балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланған көшпелі кеңеске қатысты. Сондай-ақ, аудан активімен кездесті.

БАЛЫҚШЫҒА ҚЫСЫМ ЕМЕС, КӨМЕК ҚАЖЕТ

Лимит неге орындалмай отыр?

Көшпелі кеңесте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сырым Рысқалиев Жайық және Қиғаш өзендерінің балық жүретін каналдарын тереңдету жөніндегі жұмыстарды жандандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

— Бұл мәселеге орай ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне өткен жылы екі рет хат жолданды. Ол ҚР Үкіметінің отырысында қаралатын Атырау облысының проблемалық мәселелері тізіміне енгізілді. Алайда, министрлік елдегі экономикалық ахуалға орай балық шаруашылығы мелиориациясына республикалық бюджеттен қаражат қаралмағандығын хабарлады.

Осы проблеманы шешу бағытында Жайық өзенінің Яицкий каналына (ұзындығы 65 шақырым) және Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің Ганюшкин каналына (ұзындығы 131 шақырым) балық жүретін каналдардың түбін тереңдету жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға облыстық бюджеттен 65 млн. 900 мың теңге бөлінді. Яицкий каналында 12 таяз учаске анықталды. Ганюшкин каналында 95 шақырым және теңіз бөлігінде 1,9 шақырым қазылатын учаске  белгілі болды. Жобалық-сметалық құжат мемлекеттік сараптамаға 20 наурызда тапсырылады. Аяқталу мерзімі 2017 жылдың 5 мамырына жоспарланып отыр, — деді басқарма басшысы.

Атырау қаласында балық сататын тоғыз сауда нүктесі мен 69 сауда орнында нейлоннан жасалған ау-құралдарын саудаға қоюға, заңсыз балық сатуға тыйым салынған. Бұл теңізге балық аулауға шығатын шағын кемелер мен аулау құралдарының азаюына, яғни, экологиялық ахуалдың жақсаруына мүмкіндік бермек. Қазіргі таңда бір ғана шаруашылықтың жүзге тарта қайығы су айдынында жүретінін айтқан Сырым Рысқалиев алдағы уақытта бұған да тыйым салынатынын жеткізді.

Ол, сонымен бірге, төмендегідей мәліметтерді келтірді. Бес жылда облыста балық аулау көлемі 14 мың тоннадан 12 мың тоннаға төмендеп отыр.  Белгіленген  лимит  те 26 мың тоннадан 19 мың тоннаға дейін кеміді. Көрсетілген талдаудан лимиттің игерілу пайызының артуы облыстағы мекемелердің балық аулау көлемінің ұлғаюынан емес, жыл сайынғы бөлінетін лимиттің азаюынан екенін айта кету керек. Құрманғазы ауданында соңғы бес жылда балық аулау көлемі 5,3 мың тоннадан 4,5 мың тоннаға төмендеді. Жылдар бойынша лимитті игеру көрсеткіштері біртіндеп азайған. Өткен жылы оның тек 78 пайызы игерілген. Облыс бойынша 19 табиғат пайдаланушының 82 пайызы өнімін Ресейге экспортқа шығарып отыр. Балықты өңдеп сататындар қатарында «Каспий балық», «Амангелді» секілді өндірістік кооперативтер бар.

Бүгінгі таңда балықты аулаумен бірге, өсіру ең маңызды мәселе болып табылады.  Осы бағытта алты инвестициялық жобаны іске қосу жұмысы жүргізілуде. Алдағы уақытта өз қаражатын жұмсап, балық өсірумен айналысатындарға лимит көптеп берілетін болады. Өйткені, бұл – Елбасының Атырауға келгендегі тапсырмасы.

Талқыланған мәселе бойынша облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өз ойын білдірді.

— Табиғат пайдаланушылардың барлығы бірдей лимитті игере ме? Өткен жылы облысқа берілген квота 19240 тонна, оның тек 12 мың тоннасы ғана ауланған. Егер ауламайтын болса, оны неге төмендетпейміз?  Бір жағынан ол қоршаған ортаға пайдалы, балықтың қоры да өседі.  Балықшылармен кездесуімізде лимиттің жетпейтіні жиі сөз болады. Демек, бұл жерде бір шикіліктің тұрғаны анық. Лимитті пайдалана отырып, ауланған балықты заңсыз шығаруға негіз болып отыр. Мұны тоқтату керек.

Сонымен қатар, балық өнімдерін Ресейге тек шикізат ретінде ғана сатып келгендігімізді де айтуға тиіспіз. Ары қарай ресейліктер оны терең өңдеп, біздің өнімнен бірнеше есе пайда көруде. Елбасы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласы еліміз үшін стратегиялық басым бағыттардың бірі екендігін атап көрсетті. Сол себепті, біз Атырау облысында экономиканы әртараптандыра отырып, экспортқа терең өңделген өнімді шығаруға ден қоюымыз керек, — деп облыс әкімі балықты шетелге өңдеп сатудың маңызын түсіндірді.

 

Сараптама алу қиын

«Каспий таңы» өндірістік кооперативінің төрағасы Бақытжан Теміров зертханадан сараптама қорытындысы ұзақ уақыт дайын болуына орай көптеген мәселелер туындап отырғанын айтты.

— Лимитті 86 пайызға орындап отырмыз. Кейбіреулері оны 100 пайызға жеткізу үшін Ресейден қосымша мердігер алып, жауып отыр. Берілген лимитті әркім өз мүмкіндігінше орындауы керек. Соның салдарынан Ресейдің Астрахан облысынан келіп, заңсыз балық аулайтындардың қатары көбейді. Тағы бір айтарым, көктемде балық аулау науқаны басталғанда, оны сараптамадан өткізу үшін Атырау қаласындағы зертханаға апарамыз. Сараптама қорытындысы он күннен кейін шығады. Жаз кезінде балық  бұзылады, шіриді. Шет елдерден келіп, күтіп тұрған алушылардың бос тұрған күндері үшін қосымша шығынға қаламыз. Анықтама өзіміздің ауданымыздағы зертханадан неге берілмейді? — деген кооператив басшысы облыс әкімінен осы мәселені шешуге ықпал жасауды сұрады.

Кеңес барысында бұл мәселелерге қатысты әр сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді. Ал, аудандық зертханаға облыс бюджетінен қаржы қаралып, қажетті құрал-жабдықтары алынатын болды. Сөйтіп, облыс әкімінің бұл мәселеге тікелей араласуының нәтижесінде алдағы уақытта анықтама ауданнан берілетін болып шешілді.

«Жамбыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Руслан Ысмағұлов көктемгі балық аулау науқанын ұзарту, оны мұз түскен бойда ерте бастау жөнінде мәселе қозғады. Сондай-ақ, «Ақ Жайық» резерватынан өту кезіндегі қиыншылықтарын айтты.

Құрманғазы аудандық  балық инспекциясының ихтиологы Таңатар Қуаналиев саланы дамытудың бүгінгі жайы мен алда атқарылар міндеттер туралы баяндады. Ресей Федерациясынан ауданға қажетті деңгейде су келмейтінін, жазда балық шабақтарын құтқаруды тиімді ұйымдастыра білу қажеттігін алға тартты. Зейнеткер Юрий Лялин бұған қосымша суды тереңдету мәселесін көтерді.

 

Әрбір кемеге бақылау орнатсақ…

Атырау облыстық ішкі істер департаменті бастығының орынбасары Асан Шалқаров облыс бойынша заңсыз балық аулаудың 17 дерегі анықталғанын, отыз  адам әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабардар етті. Оларға бес миллион теңгеден астам айыппұл салынған.

Атырау облысы табиғат қорғау прокуроры Владимир Малахов көтерілген мәселелерді болдырмай, барлығын бақылауда ұстау үшін балықшыларға, олардың қайықтарына электрондық чиптерді енгізу қажеттігі, сонда ортақ база арқылы олар үнемі назарда ұсталынатыны жөнінде ұсынысын ортаға салды.

—  Су маржандарын аулауға беріліп отырған лимиттің шартымен келіспеймін. Онда балықтардың түріне орай 400 тонна шортан, 300 тонна сазан деп бөледі. Ал, бұл жерде біреуінің лимиті тоқтаса, балық аулауға рұқсат етілмейді. Сондықтан, лимитті жоспарға қою дұрыс емес. Тек ірі және ұсақ деп бөлсек жеткілікті. Тағы бір айтарым, алдағы уақытта бұл байлығымыздан айырылып қалмас үшін қыстың кезінде балық аулауға тыйым салынуы қажет. Балық  уылдырығын  шашу, оның  өсіп-өнуіне зиян келтірмеуді қамтамасыз ету бағытында өзендерді тереңдетіп қазу жұмыстарын қолға алуымыз керек.

Балықты өңдеп сатуда Ресейдің нарығына шыға алмай отырмыз, өйткені, кедергілер көп. Қазіргі таңда ресейліктер біздің пайдалана алмаған мүмкіндігімізді өздері іске асыруда. Өңделген балықтар Атыраудың өзінде Астраханнан екі есе қымбат. Сондықтан, қаладан бізге арнайы жер беріліп, дүкен ашуға көмектесуіңізді сұраймын, — деп «Құралай» корпорациясының президенті Әбдібек Бисенов нақты ұсыныстарын келтірді.

Тапсырма орындалуымен құнды

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша аудан әкімі Бибоз Шаяхметов облыс басшысы Құрманғазы ауданына келгенде берген 67 тапсырманың 18-і орындалмай отырғандығын хабарлады. Аудан басшысы олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, түсінік берді.

Облыс әкімі берілген тапсырмалардың күн тәртібінен түсірілмейтіндігін және алдағы уақытта оның орындалу барысы аудан әкімінен және облыстық деңгейдегі тиісті лауазым иелерінен сұралатынын қаперге берді. Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасарлары, 19 ауылдық округтің әкімдері, аудандық мәслихат депутаттары бұған тікелей араласып, жұмыстың жандануына жан-жақты үлес қосу қажеттігін ескертті.

 

Мақсат  айқын, міндет  зор

Түстен кейін С.Көшекбаев атындағы аудандық мәдениет үйінде аудан әкімі Бибоз Шаяхметов өткен жылда ауданның жеткен жетістіктері мен кемшін тұстарын, болашаққа бағыт-бағдары жайлы есебін баяндады.

Аудан басшысының баяндамасынан білгеніміздей, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларындағы өнім өндіруде серпіліс байқалады. Төрт түлік малда да өсім бар.

Жарыссөзден соң мінберге облыс әкімі Нұрлан Ноғаев көтеріліп, ширек ғасырда жеткен жетістіктеріміз бен толағай табыстарымызға тоқмейілсімей, алдағы уақытта да Елбасымыздың бағдарламаларында көрсетілген стратегиялық жоспарларды  жүзеге асыру, қойылған межелерге жету бағытында әлі де жұмыстануымыз қажеттігін айтты.

— Ауданға сапарым барысында облыстың маңызды мәселелерінің бірі — балық шаруашылығын дамытуды талқыладық. Қазіргі таңда оны шешу үшін  су түбін тереңдету бағытындағы жұмыстардың жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау үстіндеміз. Аталған құжаттар наурызда бітеді, мамырға дейін тендер өткізіледі. Сол айдың ішінде бастаймыз деген ойларымыз бар. «Кудряшов ауылдық округіндегі «ММС» мекемесін жандандырып, мемлекеттің қарауына алып, өзендерді тереңдетуді өз күштеріңізбен неге жүргізбейсіздер?» деген сауалдар туындап жатыр. Былтыр Премьер-министр келгенде бұл жұмысқа қаражат бөлуге уәдесін берді және облыстық бюджеттен де ақша бөлеміз деп шештік. Бірақ, аталған мекемені өз қарамағымызға алып, оны ұйымдастыру қазіргі заңнамаға сәйкес емес. Себебі, бұл – бәсекелестік ортаға берілетін қызмет түрі. Атыраудан, Ресейден бірнеше компаниялар, өздеріңіздегі «Арна» АҚ бұған қатысуға ұсыныс беріп жатыр. Тендер өткізіп, жеңімпазды анықтаймыз. Сіздерді бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасатынына сендіргім келеді. Оған қазіргі таңда бізде де қаражат бар, республика да қолдап отыр. Жағалауды бекіту де – өзекті мәселенің бірі. Бұл жөнінде өздеріңіздің ұсыныстарыңызды округ әкімдеріне айтсаңыздар қабылдауға дайынбыз.

Балалар туризмін дамыту үшін  ғимарат салу жөніндегі ұсынысты қолдаймын, білім бөлімі басқармасының басшысы арқылы жазбаша ұсыныс  енгізіңіз. Бұл кешенді іс Құрманғазы ауданы үшін ғана керек нәрсе емес. Туризммен бірге дала туризмін дамыта отырып, елдің, жердің тарихын ескеру үлкен мәселе, — деді аймақ басшысы Нұрлан Асқарұлы.

Ал, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің құрылысына байланысты сауалға облыс әкімі берген жауабында білім ордасының  құжаттары толық дайындалып, мердігер мекеме анықталмағандықтан, жұмыс биыл басталмайтынын айтты.

Сондай-ақ, аудан активі жиынында елу жылдық тарихы бар Киров халық театрына дайындалатын мәдениет үйінің жоқтығы, Бірлік ауылында жүзбелі өткелдің ескіргендігі, Дәшін ауылына  клуб салу, тазалық жұмыстары үшін қаржы мен техника бөлу, контейнерлер алу, Көкарна өзегіне су беру, қыр бойында бұрғылау-зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері де көтерілді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл ұсыныс-пікірлер  алдағы жоспарларға енгізілетінін айтты.

Алқалы жиынға Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қ.Жайсаңбаев қатысып отырды.

 

  • жылға арналған нақты міндеттер:

— Егістік көлемін 800 гектарға, оның ішінде, тамшылатып суару әдісімен  215 гектарға жеткізу;

— Кудряшов ауылына кірме – Жаңа ауыл — Арна  (жалпы ұзындығы   жеті шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар)  автомобиль жолын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды  қамтамасыз ету;

— Ганюшкин, Ақкөл, Бірлік, Котяев, Теңіз, Сафон елді мекендеріндегі кірме және ауылішілік автомобиль жолдарын қайта жаңғыртуға жобалау-сметалық құжаттама жасақтауды аяқтау;

— Ганюшкин ауылындағы «Шипажай», «Болашақ» шағынаудандарында жүргізіліп жатқан инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын бітіріп қабылдау;

— Көнеу, Тухлое, Ягодное өзендеріне салынып жатқан жаяу жүргінші көпірлерінің құрылыс жұмыстарын қабылдап алу;

— Жыланды ауылындағы су құбырлары желілерінің, Дәшін ауылындағы  сорғы стансасының, Азғыр маңы елді мекендеріндегі үйлерге су құбыры желісін жүргізу нысандарының құрылыс-монтаж жұмыстарын аяқтау;

— Қиғаш, Жұмекен, Ганюшкин ауылдарының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысына жобалық-сметалық құжат жасақтауды аяқтау;

  • — Тұрғындарды жұмыспен  қамтуға  ықпал ету жөніндегі  кешенді   жоспарды іске  асыру аясында 2 223 адамды қамтуды  қамтамасыз ету;

 

Атырауды тозған кемелер қорымына айналдырмайық!

Өңір басшысы Жайық жағалауын қараусыз қалған кемелерден тазарту қажеттігін айтты. «Бұл мәселе жылдар бойы өзекті болып келеді, тіпті, Атыраудағы жағалауда бірнеше тот басқан кеме тұр. Олар қаланың көркін кетіреді. Өзен сағасында қаншасы батып кетті? Олар ағысты баяулатып, су  қатынасына кедергі келтіреді. Атырауды тозған кемелер қорымына айналдырмайық», — деді облыс әкімі.

 

Бөлінген учаске жетпейді

Жиналыс барысында жергілікті балықшылар арасында балық аулау квоталарын бөлу мәселесі көтерілді.

– Біз балық аулайтын учаскелерді беру тәртібін қадағалауымыз керек. Егер бір адам аумақты жалға алса, оны өзі қолданбай, басқа балықшыларға жалға беруін болдырмау керек, — деді Нұрлан Ноғаев. — Облыста аталған шаруашылық түрімен айналысуға ниетті жандар бар. Бірақ, осындай алыпсатарлардың кесірінен, балықшыларға учаске жетпейді. Мен табиғатты қорғау прокуратурасына және барлық құзырлы органдарға осы мәселені шешу туралы ұсыныстар енгізуді тапсырамын».

 

* Сіз не дейсіз?

— Біздің бекетіміз өткен жылдың қараша айында ашылды. Бүгінгі таңда еліміздің білім жүйесіндегі оң өзгерістер қосымша білім берудің маңызын арттыруда. Қазір 450-дей оқушы қамтылып, спорттық туризм бағыты бойынша «жаяу жорық» спорттық бағдарламасы жүзеге асырылып, география, тарих, биология, экология үйірмелері жұмыс жасауда. Оқушылар түрлі жорықтарға шығып, туристік шеберлік әдістерімен танысып жатыр.  Бұл олардың  туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, салт-дәстүрімізге, табиғатымызға  зерттеу жасауға үйретеді. Алға қарай бекетте су және велотуризмді дамыту көзделуде. Сондықтан, арнаулы спорттық ғимарат салынса, тау туризмін де оқушылар арасында дамытуға мүмкіндік болар еді.

Алмажи  ӨТЕГЕНОВ,

«Жас  туристер  бекеті» мекемесінің  директоры.

 

* * *

Ш.Уәлиханов атындағы  орта мектеп ғимараты 2011 жылы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің қорытындысымен апатты жағдайда деп танылды. Оқушылар 2013 жылдан бастап Шортанбай орта мектебіне автобуспен тасымалданып оқып жүр. Қысқы  суықта, жаңбырлы күндері біраз қиындық көріп келеміз. Ауылда  жас отбасылар көп, болашақта өсім бар. Сексен орындық негізгі орта мектептің жобалық-сметалық құжаттары жасалып тұр. Білім ордасының құрылысы биыл басталса екен деген тілегіміз бар.

Зирагүл  ҚАНАТОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы орта мектебінің директоры.

 

Айнагүл ШАКУПОВА,  Қанат ҒҰМАРОВ.

Суреттерді түсірген:  Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button