Балық «барымташылары» басынбасын десек, оларға қарсы кешенді шаралар әлі де ширатуды қажет етеді
Балық қорғаушылар браконьерлердің олқы тұсын тапты. Енді теңізге қуаты күшті қайықтар жіберілмейді. …Ойына келгенін жасаған ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолы кесіле бастады. Балықшы кооперативтерінің де заңды белден басатыны анықталып отыр. Мұның бәрі – «Бекіре – 2017» акциясының алғашқы аптадағы нәтижесі.
Жуырда Жанбай ауылында болған оқиға жұрттың жадында. Ол туралы «Атырау» газеті облыстық ішкі істер департаментінен ресми ақпарат алған болатын. Ел назарын аударған ерекше жағдайдың ұзын-ырғасы мынадай:
Полицейлер теңіз жағалауынан ырғала қозғалып келе жатқан «Газельді» тоқтатады. Көлікті тексеру барысында оның заңсыз балыққа толы екені анықталады. Бағалы бекіренің де саны көп. Алайда, техниканы әп-сәтте бетперде киген адамдар қоршап алып, жолды кес-кестейді. Екі тәртіп сақшысының қалың топтың ырқына көнуден өзге амалы қалмайды. …Кейін оқиға орнына облыстық ішкі істер құрылымының басшылары барды. Погондыларға қысым көрсеткендерді іздеу шаралары қолға алынды. Ал, осы келеңсіздік немен аяқталды?
Биылдан бастап (балық аулау маусымы кезінде) айдын бетіне қуаттылығы 20 ат күшінен асатын қайықтар («казанка») жіберілмейді. Жаңа талапты түсіндіру мақсатында арнайы топ акция басталмас бұрын негізінен балық шаруашылығымен айналысатын Жанбай, Зинеден ауылдарының (Исатай ауданы) тұрғындарымен кездесті. Мұнда өндірістік мақсаттағы балық аулау тек «будара» деп аталатын құрал арқылы жүзеге асатындығы айтылып, түсіндірілді. Қуат күші 20 ат күшінен асатын қайықтарды айдынға шығармау талабы қаншалықты орындалуда?
«Бекіре – 2017» балық қорғау акциясының өткізілуіне байланысты құрылған үйлестіру штабының отырысында осы және өзге сауалдар ортаға түсті.
Сіз не дейсіз?
Мұрат ЕРМЕКҚАЛИЕВ,
орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі облыстық аумақтық инспекциясының басшысы:
Балықшыларға мүмкіндік берілді
– Жанбайдағы жағдайға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен қосымша жоспар жасақталған болатын. Бүгінде оны жүзеге асыру шаралары қолға алынуда.
Өздеріңізге белгілі, айдын бетіндегі «байдалардың» қуат күші 200 ат күшінен асады. Осындай қайыққа мінген браконьерлер қуғанға қарасын да көрсетпейді. Сондықтан, Үкіметтің кезінде шыққан қаулысын кеңінен насихаттау мақсатында облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев бастаған арнайы топ акция басталмас бұрын Исатай ауданының Жанбай, Зинеден ауылдарында болды. Балықшылармен кездесіп, жаңа талаптарды түсіндірді. Яғни, талап бойынша 20 ат күшінен асатын қайықтар теңізге жіберілмейді.
Жанбайлық балықшылар жергілікті кооперативтердің жұмысшылары болып саналады. Табиғат қорын пайдаланушыларға белгілі талаптар қойылуда. Оның міндетті түрде орындалуы талап етіледі. Қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты балықшыларға қуатты қайықтарын алуы үшін бір апта уақыт беріліп отыр. Ал, келесі аптадан бастап бақылаушы органдар («Бекіре – 2017» акциясына қатысушы) өкілдерінен тұратын жұмысшы тобы жергілікті жерге барып, жағдайды саралайды. Атап айтылған «байдаларға» қатысты шаралар алынып, кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Әрине, біз ешкіммен «соғыспақ» емеспіз. Бар болғаны заңның орындалуын талап етіп отырмыз.
Владимир МАЛАХОВ,
мамандандырылған табиғат қорғау
прокуроры:
Тұрғындармен байланыс жеткіліксіз
– Биылғы балық қорғау акциясы қарқынды басталуда. Әсіресе, облыстық ІІД балық қорына қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қарқынды қызметін ерекше айтуға болады. Мәселен, күні бүгінде тәртіп бұзушылардан 44,6 тонна балық алынса, соның 33 тоннасы оларға тиесілі. Қалғаны – өзге органдардың үлесінде. Яғни, бұл жергілікті құрылымдардың қазіргі қызметінің көрсеткіші болса керек.
Кездескен заң бұзушылықты, соған байланысты қозғалған материалдарды тіркеуде асықпаушылық байқалады. Қауырт жұмыс, теңіз бетінен оралғанша біраз уақыт өтетінін түсінеміз. Дегенмен, алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол берілмесе дейміз.
«Бекіре – 2017» балық қорғау акциясына байланысты құрылған үйлестіру штабының қоғаммен байланысы ақсап тұр. Халық браконьерлік фактілерді көрсе оның жолын кесуге, алдын алуға дайын. Алайда, олар қайда хабарласатынын білмейді. Байланыс телефондары жоқ.
Ал, Жанбайдағы браконьерлік туралы ұзақ айтуға болады. Бастысы, барлық мәселе заңның шеңберінде жүзеге асуы қажет.
Серік ЖАНҰЗАҚОВ,
ІІД балық қорына қолсұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы:
Бәріміз де жауаптымыз
– Біз Жанбай ауылының төңірегін тікұшақпен шарлап шыққанбыз. Сол кезде теңіз жағалауында бірнеше байданың тұрғанын байқадық. Мәселен, «Ракуша», «Амангелді» кооперативтеріне тиесілі жерлерде браконьерлік қайықтар бар. Шындығында, шаруашылықтар балық аулау маусымы басталғанға дейін жұмысты ұтымды ұйымдастыруы, заң ауқымындағы шараларды жүзеге асыруы қажет еді.
Жанбай шекаралық аймақ болып саналады. Оның аумағындағы қалыптасқан жағдайға тек шекарашылар емес, балық қорғау акциясына қатысып жатқан барлық орган да жауапты.
Айта кетейін, Үкіметтің 2013 жылы қабылдаған қаулысында шағын көлемді кемелердің жалпы жүрісін шектеу көзделген. Маусым кезінде 20 ат күшінен асатын қайықтардың айдынға шығуына үзілді-кесілді тыйым салынды. Балықшылардың тіліндегі «казанка» – балық аулауға емес, серуендеуге арналған суда жүзу құралы.
P.S.: Жанбайдағы жағдай, балық аулауға қатысты өзге де мәселелер заң талаптарының сақталмауынан орын алып отыр. Осы салада жүрген өндірістік кооператив басшылары да жауапкершілікті жете сезінуі тиіс. Негізінен балық аулаумен айналысатын ауылдарда кәсіптің басқа түрлері көбейіп, жұмыспен қамтылуына маңыз берілсе келеңсіз жағдайлар азаяр еді. Әрине, бұл – кешенді түрде шешілер ауқымды мәселе.
«Бекіре – 2017» акциясы басталғаннан бері тіркелген заң бұзушылық – 114. Оның ішінде 31—і өрескел сипатта, 14—і балық және балық өнімін заңсыз тасымалдау бойынша анықталды.
Браконьерлерден 44 тонна 664 келі балық алынды. Оның ішінде 232 келі бекіре тұқымдас балық, 251 бірлік аулау құралы, 7 автокөлік, жүзу құралы.
Әкімшілік жауапкершілікке 82 балық аулау ережесін бұзушы тартылды. Оларға 952 980 теңге айыппұл салынды. 23 қылмыстық іс қозғалды.
Су айдындарын сүзу нәтижесінде 50 бірліктен астам иесіз ау мен басқа да заңсыз аулау құралдары алынды.
Атырау, Ақтау және Орал қалаларындағы балық өнімдерін заңсыз сату орындары бойынша мониторинг жүргізіліп, ақпарат жиналады.
Азамат БАЗАРБАЕВ.