Жарнама
Жаңалықтар

Балаларға қарсы қастандық азаяр емес

Atr.kz/1 қазан, 2019 жыл.  Балаларға жасалған қатыгездік, мерзімі өткен тағамдардың «сәбилер үйінде» әлі де қолданылуы, ерте жүктілік, ақырғы шешім, өз-өзіне қол жұмсау…

Құлаққа түрпідей естілетін жағымсыз тіркестер бүгінгі күннің  ащы шындығына айналып отыр. Елде сағат сайын орын алып жатқан сұмдық оқиғалар тәрбиеге, жас ұрпақтың болашағына әлі де тиісті деңгейде мән берілмей жатқанын айқын аңғартса керек. Демек, жүйелі жұмысты жолға қоятын уақыт әлдеқашан жетті. Әсіресе, жантүршігерлік жағдайлар жиі кездесетін ауыл-аймақтағы өзекті мәселелерді шешудің маңызы зор.

Иә, «ауруын жасырған өледі» демекші, дерттің себебін анықтап, дер кезінде тамырын баспаса, бүкіл қоғамды дендеп кетуі ғажап емес. Әр аймақта орын алып жатқан келеңсіз жайттардың түбірін қазір анықтамаса, ертеңгі күні кеш болуы мүмкін. ҚР Президенті Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының облыстарды аралап, қордаланған мәселелерді анықтап жүргені де сондықтан.

Айтқандай-ақ, мұнайлы өлкеде де шешімін күткен өзекті проблемалар аз болмай шықты. Рас, атқарылған жұмыс бар. Тіпті, аймақтағы озық тәжірибелер өзгелерге үлгі етерліктей. Дегенмен, ерте жүктілік, интернатта тәрбиеленетін балаларды ұру дерегінің орын алуы, жүйткіген жүргізушілер кесірінен көз жұмған жігіттің трагедиясы көпшілікті алаңдатқаны даусыз. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиеваның айтуынша, соңғы үш жылда Атырауда бес жүзге тарта бала ерте жүкті болған.

 Сонда жыл сайын 15 жасқа толған 173 өрімдей жас қыздың болашағына балта шабылып отыр. Өйткені, бұл қасірет олардың өмірінде сызат қалдырмай қоймайды. Жастықтың  дәмін татпай жатып, санасыздықтың салдарынан сан соғып қалғанына кімді кінәлаймыз? «Бәріне заман мен қоғам кінәлі» десек, сол қоғамды құрайтын өзіміз емес пе?

 – Өкініштісі сол, кейде маған ерте жүктілікті қоғам қолдайтындай көрінеді. Себебі, он бес жастағы қыздың жүктілігі анықталған жағдайда екі жақ құдаласады да, ерлі-зайыпты атанады. Кейін некеге тұрып, артынан ажырасып кетіп жатқандарды естиміз. Сонда одан кімге пайда, кімге зиян? Оның үстіне, бұл мәселе менталитетімізде «жабық» саналады да, ешкім ашып айтқысы келмейді. Мүмкін, ерте жастан-ақ сақтану жолдары мен оның себеп-салдары түсіндірілсе, мұндай жағдай болмас па еді? Жоғары сынып оқушыларына қазірден бастап жауапкершілік жүгі жеңіл болмайтынын ескертсек, көрсеткіш төмендеуі де мүмкін. Бұл түрлі мінбер, жиындарда бірнеше мәрте көтерілгенмен, әлі күнге аяқсыз қалып келеді, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймурзиева.

 Аймақ басшысының бірінші орынбасары Серік Шапкеновтың айтуынша, ерте жүктілікпен қатар, дін мәселесі де бар. Өйткені, көзқарасын түбегейлі өзгерткен жандар балаларын мектепке бермейді. Дін атын жамылған әйелдер дер кезінде дәрігерге де қаралмайды. Тіпті, өлім мен өмір арасында жатқан келіншектің ер  дәрігерге қаралудан бас тартып, әйел фельдшер күткен фактілер де кездесті. Жасы жеткен шақта мектепке барып, білім алмайтын балалардың құқығын кім қорғайды?

Мерзімі өткен тағам, жарма арасындағы жәндік…

 Үш күн бойы Атыраудағы әлеуметтік нысандарды аралап, балалар құқығының қорғалуын зерделеген топ «Nur  Otan» партиясының облыстық филиалында тексеріс қорытындысын жариялады. ҚР Президенті Әкімшілігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобының жетекшісі Динара Закиеваның айтуынша, облыс орталығындағы бірнеше нысанда өрескел кемшіліктердің беті ашылған. Бәрінен бұрын, осындай келеңсіздіктерге көз жұма қарап, жол бергендердің өздері тас жүрек пе деп ойлайсың. Өйткені, аймақтағы «Жүйке жүйесінде ақаулығы бар балаларға арналған мамандандырылған сәбилер үйі» мемлекеттік мекемесіндегі мынандай жағдай жаныңды ауыртпай қоймайды: Айдың күннің аманында тәрбиеленушілеріне мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен какао ұнтағы мен «Nestogen» сүт қоспасын қолданып отырғандарға не айтар едіңіз? Қазақ қашан жетімін жылатып еді?

Өзіне жетпесе де өзгеге қол ұшын созуға әзір халықтың ұрпағы мейірім атаулыдан мүлдем жұрдай болғаны ма? Әлде осындай нысанда еңбек етіп жүргендердің ешқайсысының аналық сезімі жоқ па? Сонда мұнда жұмыс істейтін қызметкерлер өз ісіне салғырт қарағаны ма? Жиын барысында да көкейдегі көп сұраққа мардымды жауап табылмағаны қынжылтты.

– Облыста осындай бір ғана орталық бар екен. Бірақ, оның жағдайы көңіл көншітпейді. Балалар нысанында камера болуы тиіс. Бұл талап та сақталмай отыр. Білуімізше, осында ғана жүйке жүйесінде ақаулығы бар жетім балалар жатады екен. Аталмыш нысанда сүт тоңазытқышта емес, сөрелердің астында сақталыпты. Тек ескерту жасағаннан кейін ғана орнына орналастырылды. Ерекше қамқорлықты қажет ететін санаулы бүлдіршіндерге жылылық танытып, мейіріммен қарай алмасақ кім болғанымыз? — дейді Динара Болатқызы. Тағы бір алаңдатарлық ахуал №20 «Алтын балық» тіл мүкістігі бар балаларға арналған» арнайы балабақшасында орын алыпты. Мұнда қоймада сақталған жарма арасынан  құрт-құмырсқа секілді жыбырлаған жәндіктер шыққан. Ал, отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар және жасөспірімдер үйінде мерзімі өтіп кеткен консервіленген жүгері табылған. Сондай-ақ, «№3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығындағы» балаларға арналған орындар тіптен  жарамсыз. Себебі, керуеттің өлшемі балалардың бойына сәйкес келмегендіктен, олар аяғын бүгіп жатуға мәжбүр.  Бұл ғимараттың айналасы да стандартқа сәйкес келмейді.

– Әрине, мүлде жұмыс жасалмаған дей алмаймыз. Бірақ, әлі де жетілдіретін тұстар жеткілікті. Мысалы, Махамбет ауданындағы Төленов атындағы мектепте спорт залы жоқ. Оңалту орталығындағы балконның қауіпсіздігі мүлде қаралмаған. Камера орнатылмаған нысандарда баланың да, үлкеннің де құқығы қорғалмаған деуге болады. Өрт қауіпсіздігін айтудың өзі артық, — деді Динара Закиева. Қорытынды жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Жұмабай Қарағаев мұндай өрескел жайттар шынымен де ешқандай сылтау көтермейтінін жеткізді.

– Өңірге арнайы республикалық комиссия келетіндігі туралы бірнеше күн бұрын хабарланды. Сонда ең болмағанда барлығын бақылауға алып, кемшіліктердің алдын-алуға болмас па еді? Қарапайым сүт өнімдерінің тоңазытқышта емес, аяқ астында сақталғаны – өрескел кемшілік. Бұл мәселенің тиісті шарасы алынуы тиіс, — дей келе Ж.Қарағаев аталмыш нысандарды қарамағына алған облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы мен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысынан себеп-салдарын сұрады.

Олардың бірі жұмысқа жақында ғана орналасқанын айтып «ақталса», екіншісі орталықтан бақылау үшін арнайы нысан қажеттігіне тоқталды. Ал, балалар өлшеміне сай керуеттер алу келесі жылдың еншісіне қалғаны белгілі болды. Арнайы топ мүшелерінің баяндауынша, аудандардағы жағдай да мәз емес. Индердегі дене шынықтырусауықтыру орталығының сапасы нашар, Исатай ауданында орналасқан Қамысқала селолық округіндегі мектеп директорының міндетін атқарушының айтары жоқ, тағысын тағылар жетіп артылады.

– Жылыойдың Шоқпартоғай ауылдық округінде болдық. Мұнда дәрігерлік амбулатория да, басқа да нысандар талапқа сай. Округ әкімдігі ауылдағы жағдайдан хабардар. Бұл жағы бізге ұнады. Алайда,Құлсары қаласында туберкулез ауруының өршуі, екпеден бас тарту, уақытылы дәрігерге қаралмау, есепке тұрмау секілді көңілге қаяу түсіретін сәттер кездесті. Бәрінен бұрын осы ауданда бір әйелдің өзінен жасы кіші көңілдесін он бес жасар қызынан қызғанып, баласын интернатқа өткізгенін көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Бүгінде ол қыз Қосшағылдағы интернатта тұрады екен. Сырттай бақылап көрсек, әлгі қыз баланың психологиясы да өзгергенін анық байқауға болады. Себебі, жанындағы балаларға мүлде қосылмайды, әр нәрседен қорқасоқтайды. Ал, ол каникулға шыққанда қайдан пана іздейді? Осы мәселені жергілікті атқарушы билік назарға алып, баланы қараусыз қалдырмаса екен, — дейді топ мүшесі Рысты Жұмабекова.

ТҮЙІН

 Жоғарыдағыдай  кемшіліктерден Мақат, Құрманғазы, Қызылқоға аудандары да құр алақан емес екендігін арнайы жұмыс тобы мүшелерінің жасаған баяндамаларынан анық байқадық. Тексеріс қорытындысы шығар, тиісті шарасы алынар. Біртіндеп келеңсіздіктер де жойылар. Бірақ, бәрібір көңілді бір нәрсе алаңдатады. Өспей жатып, өмірдің ащысын татып үлгерген баланың жүрек жарасын кім емдейді? Жәутеңдеген сәби жанарын кім жұбатады? Суыққа тоңған бүлдіршін жанын кім жылытады? Жалпы,  бүгінгі қоғамда жүрегі еттен емес, ызғары бет қаритындай мұздан жаралған жандар көбейгендей ме?..

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button