Балаларға арналған үздік бағдарлама
29 шілде — 23 тамыз аралығында Атырау қаласындағы 65 мектептен 7482 баланы жаңа оқу жылына дайындау мақсатында «Балақайлар мектебі» мектепалды даярлық курсы өтіп жатыр. Бұл туралы Атырау қалалық білім бөлімі басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аниса Унгаралиева мәлім етті,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
А.Унгаралиеваның айтуынша, бұл курс ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бағдарламасы аясында ұйымдастырылып отыр.
⁃Әр топта 20-25 бала қамтылды. Сабақ 5 күн бойы 30 минуттан, арасында 10 минуттық үзілістермен өткізілуде. «Балақайлар мектебі» жобасы бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің бейімделуі, педогогтердің болашақ оқушылармен жақынырақ танысу, ата-аналарға балаларды мектепке оқуға дайындауы үшін зор мүмкіндік. Балалар оқып, санаумен қатар, қоршаған ортасына, мектебіне бейімделеді,- деді А.Унгаралиева.
Алмалы орта мектебінің директоры Айгүл Ахметова аталған бағдарлама балалардың дамуына арналған үздік жобалардың бірі екенін атап өтті.
⁃Алмалы орта мектебінде «Балақайлар мектебі» жылда өтеді. Нәтижесі үздік көрсетіп келеді. Қазіргі уақытта 50 баладан екі топ оқуда. Мектептің тәжірбиелі, білімді бастауыш сынып мұғалімдері тәлім беруде,- деді А.Ахметова.