БАЛАЛАРДЫ АРБАҒАН «СИҚЫР ОЙЫНШЫҚТАР» ОНЫҢ ДЕНСАУЛЫҚҚА ЗИЯНЫ ҚАНДАЙ?
Жалпы, осы ел өнімдерінің қай-қайсысына болсын, күмәнмен қарау барлық елдерге тән «мінез» бе деп қаламыз? Бір жылдары Ресей Қытайдан қатынайтын ұшақта берілетін тағам сапасына қатысты әлемдік дау шығарып, олардың «шаңын бір қағып алған» болатын. Ал, одан кейінгі нәрестелерге берілетін құрамында меламины бар сүттің әлемдік нарықтан үлкен айқай-шумен алынып тасталуы тағы бар. Негізінен, пластик жасауы үшін кеңінен қолданылатын улы қоспаның «бала сүтіне қалай қосылып кеткендігін білмейміз» деп бас шайқасқан қытайлықтар әбден тығырыққа тірелген шақта «иә, қосқанымыз рас» деп мойындауға мәжбүр болды. Тіпті, оның ағзаға әнебір айтарлықтай зиян келтірмейтіндігін тағы алға тартып бақты. Десек те, бауыр еті баласының болашағы үшін алаңдамайтын адам кемде-кем, сондықтан сөрелер меламины бар сүттен жаппай арылуға кірісті.
Сиыр, тауық, қой етінің дәмі тәріздес химикаттарға мейлінше бай «тұздығы» бар тез тағам, есірткі тектес дәрі-дәрмектер, құрамы белгісіз тәтті кәмпиттер, балалар ойыншығы. Бұл — Қытайдан әкелініп жатқан үздіксіз тауарлар легінің бір тобы ғана. «Неліктен алып ел қауіпті тауар өндіруші елге айналды?» деген заңды сауал туындайды осында. «Бұл елде өндiрiс орындары өте көп. Әрқайсысы нарықтағы бәсекелесiн басып озу мақсатында тауардың сапасынан гөрi санына мән берерi анық. Сонымен қатар, тұтынушының сұранысына қарай арзан тауар өндiру – қытайлық тауар өндiрушiлердiң негiзгi ұстанымы» дейді саясаттанушылар. Расында да, кез келген заттың көшiрмесiн қытайлық компаниялардың айнытпай, дәл етiп шығаратыны сондай, кейде ажырата алмай қалатынымыз шындық. Адам денсаулығына зиянды, улы заттардан қорғану үшін АҚШ, Жапония, Малайзия секілді елдер Қытайдың көптеген тауарларына тыйым салған.
Деректерге сүйенсек, Қазақстанға келетiн тауарлардың 70-80 пайызы – қытайлық өнім. Олардың iшiнде әлi күнге мәселесi шешiлмей отырған балалар ойыншығы да бар. Қаламыздағы ірі сауда орталығының бірі саналатын «Дина» базарындағы ойыншықтардың бәсі 15-20 теңгеден басталады. Әрі қарай, қалтаңыздың көтеруіне қарай, 15-20 мыңға дейінгі ойыншықтарды саудалай аласыз. Бірде, осы базардың ойыншық бөліміне бас сұққанымыз бар. Шыны керек, қытай ойыншықтарының өзіне тән өткір иісі болады дегенді осы жерде анық сезіндік. Шеткірек тұрған сатушының бірінен тауары туралы сұрап бастадық. «Бізде ойыншықтың барлық түрі бар. Қалағаныңызды таңдай аласыз. Бізге келіңіз» деп сөзге шешенсіп тұрған саудагер газеттен екенімізді білген соң, «алмайтын болсаңыз, қажеті жоқ. Сапалы ойыншық іздесеңіз, «пассаждарға» барыңыз. Бізде бәрі «китайский» деп» әңгіменің ашығын айтып салды.
Көз сүрінер ойыншықтардың қатарында не жоқ десеңізші? Өрмекші адам, небір құбыжық бейнелі мүсіндер, атыс-шабыс құралдарынан көз тұнады. Алайда, бұрымы білектей, қазақы кейіптегі қыз бен жігіт, не домбыра сынды ойыншықтарды мүлдем кездестіре алмай, дал болдық. «Сізге қазақша ойыншықтар керек болса, тойларға «приз» алатын жерге барыңыз. Бізде ондайлар мүлдем болмайды» деп сыртқы базардың сатушылары маған жөн сілтеп жіберді.
Аталмыш қатарға келіп, сұрастырғанымызда, әңгіменің бала ойыншығы туралы емес, қазіргі тойларда кеңінен қолданылып жүрген «беташарға қойылатын қазақша қыз» бен кәдесыйға лайықталған титімдей домбыра туралы екендігіне көзіміз жетті.
«Баланың ойнауына лайықталған ұлттық нақыштағы қуыршақтар бар ма?» деген сауалымызға Гүлбадам есімді сатушы: «Бал-бала» туралы айтып тұрған шығарсыз. Ол бізде сатылмайды. Әрі бағасы тым қымбат қой, оны алатындар «Динаға» тіпті келмейді де» деді. Шыны керек, бала тәрбиесінің ақсап бара жатқандығын айтудай-ақ айтып жүрген танымал продюсер Қыдырәлі Болмановтың бастамасымен сатылымға шыққан ойыншықтардың сапасы мен тәрбиелік мәні туралы әңгіме өз алдына бөлек. Тек, бұрымды қыз Қарақат пен Тазша бала, Алдар көсе сынды ұлттық нақыштағы ойыншықтар бәсінің кез келген үшін қолжетімді болмай тұрғаны өкінішті.
Сонымен, біз базардағы сатушылар атап өткен үлкен сауда орындарына жол тарттық. Расында да, бұл жердегі жағдай мүлдем басқаша. Әр ойыншық өз орнымен. Тауардың өндірілген елі, пайдалану мерзімі, баланың жас ерекшеліктеріне қатысты ескертпе белгілер қосымша жапсырылған. Бұл сауда орындарындағы бағаның төмені 1000 теңгеден басталады. «Ең арзан ойыншықты көрсетіңізші» дегенбіз. Есігі ашылып-жабылатын титімдей ғана темір машинаны қолымызға ұстатты. Астыңғы жағындағы «Қытайда өндірілген» деген жазуды көргенімізде, сатушы «Бұл арнайы фирмада жасалған, құжаттары дұрыс, тиісті тексеруден өтіп, сертификатталған» деді.
Тексеріс туралы сөз болғанда, ойымызға мына жайт оралған-ды. Бiрер жыл бұрын ресми Пекин өз елдерiндегi 242 түрлi ойыншыққа тексеру жұмыстарын жүргiзіп, қорытындысынан қытайлардың өздерi таңырқап, шошынған болатын. Олардың басым бөлігі сапасыз, талапқа сай емес жасалған. Ал, ең қауiптiсi, осы ойыншықтардың 80 пайызының құрамынан хром және мырыш қоспалары табылған.
Осы сұрақпен мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне хабарласқан болатынбыз. «Ойыншықтарды сататын жеке кәсіпкерлер субъектісі мен объектілерінде Қазақстан Республикасының «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» Заңын басшылыққа алып, ойыншықтардың қауіпсіздігін растайтын құжаттардың бар екендігіне, санитарлық-эпидемиологиялық, соның ішінде токсикологиялық сараптауға ойыншықтардың үлгілері сұрыптап алынып, тексеріледі. 2012 жылы ойыншықтардың 34 дана үлгісі Атырау облыстық СЭСО-ның токсикологиялық зертханасында зерттелді. Барлық үлгілер органолептикалық және санитарлық-химиялық, фенол, формальдегид, ауыр металдар тұздарына және т.б. зерттелді. Алынған үлгілер санитарлық талаптардың көрсеткішіне сәйкес болды.
ҚР тұтынушылар базарына қауіпсіз емес ойыншықтардың түсуін болдырмау мақсатында қабылданған Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық бас дәрігерінің 2013 жылдың 29 қаңтарындағы «Балалар ойындары мен ойыншықтарын әкелуге және өткізуге мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды күшейту жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы» қаулысына сәйкес, ҚР ДСМ МСЭҚК Атырау облысы бойынша департаментінде ҚР ДСМ «Атырау облыстық СЭС орталығы» РМҚК, Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті және Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы АҚ Атырау филиалы, Техникалық реттеу және метрология комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мамандарының, Атырау қаласындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлар мен ойыншықтар әкелетін және өткізетін жеке кәсіпкерлердің қатысуымен «дөңгелек үстел» ұйымдастырылды. Шара барысында балалар ойыншықтары, балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлар қауіпсіздігі саласындағы заңдылықтарды сақтауға бақылауды күшейту туралы кеңінен сөз болды» деген жауап алдық.
P.S. Қалай болғанда да бала ойыншығына құр ермек деп қарау әсте дұрыс емес. Ол — жас буынның сана-сезімін қалыптастырушы. Әрі құрамында зиянды химиялық элементтер бар сапасыз ойыншықтың бала ағзасына да айтарлықтай зиян тигізетіні тағы бар. Сондықтан да, санитарлық қадағалау ұйымдары қала дүкендері мен базарларында сатылатын балалар ойыншықтары мен тауарларының сапа құрамын бақылауда ұстағанын қалаймыз. Ал, бұл біздің балаларымыздың денсаулығы мен салиқалы азамат болып өсуінің кепілі болмақ.
Гүлжан ТАСБОЛАТҚЫЗЫ.