Жарнама
ЖаңалықтарМедицинаСарапTime

Балаларда тіл мүкістігі неге көп?

Atr.kz/26 шілде, 2019 жыл. Жасыратыны жоқ, бүгінде балалар арасында тіл кемістігі аз емес. Дыбыстарды дұрыс, әрі анық айта алмайтындарды күнделікті кездестіріп қаламыз.

Олардың бірқатары логопед маманмен де жақсы таныс. Әйтеуір, қалада бұл маманға деген сұраныс өте жоғары. Ал, ауыл балалары мұндай маманды көбіне білмейді. Неге? Қазір балғындардың тіл кемістігінің артуына не себеп? Мәселенің алдын алудың жолы қандай?

«А» ДЕЙДІ, «Б» ДЕЙДІ «Р»-ҒА ТІЛІ КЕЛМЕЙДІ…

Журналистік зерттеуге арқау болған осы және өзге де сауалдар аясында ең алдымен бүлдіршіндерді бақылап көрдік. Бес-алты жастағыларының бірқатары «р»-ды «ыл», «ш»ны «с», «ж»-ны «з» деп айтады. Мамандардың айтуынша, мұндай жастағы балалар дыбыстарды дұрыс айтпаса алаңдауға негіз бар. Егер әрбір ата-ана баласынан осындай тіл мүкістігін байқаса, міндетті түрде логопед маманына жүгінуі қажет.

«Бала тілі ұсақ моторика арқылы дамиды. Яғни, саусақтарының ұшындағы бұлшық еттерінің дамуы, оның үнемі қозғалысқа түсуі тіл бұлшық етін жетілдіреді. Осы арқылы бала тілі қалыптасады. Негізінен үш-төрт жастағы баланың дыбысты дұрыс айтпауы қалыпты құбылыс дейміз. Алайда, бала тілі шыға бастағанда да айтқан сөздерінің дыбысталуына баса мән беру қажет.

Ал, егер бұл кемістік бес жасқа дейін түзелмесе, логопедтердің көмегіне жүгінбеске болмайды. Маман баламен тығыз жұмыс жасау арқылы, оның кемістігін түзетуге бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асырады. Баланың қабілетіне, дағдысына қарай әртүрлі сеансты қажет етеді» дейді логопед Күлсім Медетова.

Оның айтуынша, логопедиялық массажды кез келген балаға жасауға болмайды. Дизартрия, реаналик, кекеш диагнозы бар балаларға массаж, уқалау жасалады. Оның да өзіндік тәртібі мен реті бар. Ал, дыбысты дұрыс айта алмау ғылым тілінде «дислалия» деп аталады. Дислалияның жеңіл және күрделі түрлері бар. Оларға артикуляциялық жаттығулар жасалады.

Мамандар балаларда тіл мүкістігінің пайда болуының бірнеше себебі барын айтады. Анасының жүктілігі кезінде ағзаға қажетті дәрумендердің жетіспеушілігі, жүкті кезінде кез келген жағдайдан күйзеліс алу, босану кезінде баланың ішекке оралып қалу жағдайлары да осындай мәселенің туындауына себеп.

Кейбір жағдайда тілдің қысқалығы да дұрыс сөйлемеуге әсер етеді. Негізінен бала «р»-ды айтқанда тілде діріл болуы тиіс. Егер бұл болмаса, «р» «л»-ға айналады. Тілде діріл пайда болуы үшін логопедтер балаға тілдің бұлшық етіне әсер ететін түрлі жаттығулар жасатады. Жасы кіші балаларға мұндай сабақтар ойын ойнау әдістерімен де жүргізіледі.

ТЕЛЕФОНҒА ТЕЛМІРГЕННІҢ САЛДАРЫ

Бала бір жаста «ата», «мамалап» сөйлей бастайды. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл жаста балалар он шақты сөзді айта бастауы қажет. Баланы сөйлету, сөздік қорын дамыту ата-аналардың олармен көбірек сөйлесуі нәтижесінде пайда болады. Сәбидің тілі «га-га», «гу-гу» деп шыға бастағаннан-ақ көңіл бөліп, дамуына бейжай қарамау маңызды. Бұл пікірді облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Жансұлу Төремұратова да қостайды.

«Меніңше, бүгінде тіл мүкістігінің басым көпшілігі туабіткен кемістіктен пайда болып жатқан жоқ. Қазір ата-аналардың уақыт тапшылығын сылтау қылып баланы дамытумен айналыспайтыны рас.

Бұрын ата-әжелер баланың әрбір қылығына ерекше мән беріп, оларды сөйлететін. Бала «ма», «па», «ла» , «га-га», «гугумен» дамиды. Ал, қазір балалар ата-әженің емес, түрлі гаджеттердің тәрбиесіне үңілетін болды. Телефонға телмірген бұл тірліктен баланың дамуы шектеледі. Ми қыртысында тоқтау пайда болады.

Бүгінде ата-аналар баласына түрлі дәмді тамақтар беріп, жылтыраған киімдер кигізіп, қажетті заттарын сатып әперіп, материалдық жағынан толықтырып отырсам, оның жағдайын жасадым деп ойлайды. Теледидарға телміртіп қояды. «Жыламаса болды» деседі. Ал, шындығында олар бұл әрекеті арқылы жас ұрпаққа рухани азық беруде олқылық танытуда. Бүгінде тіл мүкістігінің көбейгені осының салдары» деген Жансұлу Менешқызы өз ұсыныстарын да айтты.

– Дамыған шет елдердің мектептерінде балаларға гаджеттер беруге мүлдем тыйым салынған. Финляндияда балаларды партада отырғызып қана оқытпай, жалаң аяқ ойнатып, сабақты әртүрлі форматта өткізу дәстүрлері қолға алынуда. Негізінен мұның бәрі – қазақтың ұлттық педагогикасында бар дүниелер. Бізде жоғалып бара жатқан осынау үрдістерді қайта оралту қажет. Бұл ретте мен ұлттық педагогика қауымдастығын құруды ұсынамын, — дейді ол.

АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗБАЙДЫ

Расымен де, заман өзгерген сайын баланың тәрбиесі де өзгерді. Бұрын балалар аулада жалаң аяқ құмның ортасында ойнап өсті. Оларды үлкендер қуалап жүріп үйге әзер кіргізетін. Ал, қазір олай ойнаған баланы кездестірмейтініміз рас. Топ болып аулада асық ойнағандарды мүлдем көрмейміз. Тіпті, асықтың не екенін білмейтіндер де бар. Бұл мәселеге тоқталып отырғанымыздың басты себебі, мамандардың айтуынша, «р»ды баланың «ыл» деуінің сыры осы ұлттық әдет-ғұрыптан ажырағандықта да жатыр.

Жоғарыда айтылғандай, ауыл балаларының сөйлеуінде мұндай мәселе жоқтың қасы. Өйткені, олар – сәби шақтан сүйек кеміріп, құрт сорып, жалаңаяқ құм басып, ата-әжесінің ертегісін тыңдап өскендер. Мұның барлығының баланы ерте жастан дамытуда, ой-өрісін дұрыс қалыптастыруда маңызы зор. Сондықтан, тіл мүкістігін алдын алуда бүгінде жоғалған ұлттық педагогиканың орнын толтырудың мәні бөлек. Дәрігерлер де асық ойындары баланың саусақтағы сезім, жүйке нүктелеріне әсер ететінін растайды.

Сәби шақтан жаңылтпаш, мақал-мәтелдер тыңдап, ертегі мен батырлар жырымен сусындап өскен баланың тіл мүкістігі болуы мүмкін емес.

Олай болса, тақырыпқа арқау болған осынау мәселенің алдын алу ұлттық тәрбиеден бастау алатынын естен шығармаған жөн-ау. Сонда ғана логопед іздеп, талай табалдырықты тоздырмас та едік. Ал, сіз балаңызды қалай тәрбиелеудесіз?

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

*Сіз не дейсіз?

Қаламқас МҰХАМБЕТҚАЛИ, психолог:

– Бүгінде аймақта логопед мамандар тапшылығы байқалады. Облыс орталығында бір ғана коррекциялық балабақша бар. Бұл тұрғындар үшін аз. Яғни, арнайы балабақшаға кезекке тұрғандардың саны көп. Ал, ата-аналар ақылы логопедтерді жағалап жүр. Қалтасы көтермегеннің салдарынан да баласының тіл мүкістігін түзете алмай жүргендері қаншама?

Мектеп партасында отырғандардың өзінде осы проблема кездеседі. Оларға арнайы маманның сабақтарын алу қажеттігі ұдайы ескертіліп отырады. Бірқатар балалар инклюзивті сыныптарда білім алуда.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button