Балалар баспаналы болды
Көпбалалы Дауылбаевтар отбасының қуанышында шек жоқ. Бірер ай бұрын 2015 жылы қабырғасы қаланған үйлерін су басып, бес бала баспанасыз қалған еді. Қарғын судан үйдің қабырғасы қопсып, тұруға жарамсыз деп танылған. Бүгін су тасқынынан зардап шеккен Дауылбаевтар отбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жүректен жүрекке» қайырымдылық жобасы аясында баспаналы болды.
Айта кетелік, жетім балалар 2015 жылы әкелерінен айырылса, 2021 жылы аналары өмірден озған. Нағашы әжесінің қолында өсіп, тәрбиеленіп жатқан олар табиғи апат салдарынан баспанасыз қалған болатын. Бүгін бұл отбасы үшін ақ түйенің қарны жарылған осынау сәт көптен күткен оқиға еді.
– Жылыой ауаны әкімдігі хабарласып, Атырау қаласынан пәтер берілетінін жеткізгенде қуанып қалдық. Әжем де тасқын кезінде ауырып, сырқаттанып қалған-тұғын. Енді облыс орталығында өзіміздің шаңырағымыз бар, студент болғандықтан, өз үйімізден қатынап оқитын боламыз, – деп қуанышымен бөлісті Шаттық Дауылбай. Бар жағдайы жасалып, заманауи үлгідегі жиһаздармен қамтылған пәтер білім ошағына таяқтастам жерде. Жақын арада тұрмысқа қажетті нысандардың бәрі бар.
Жетім балалар жақсылыққа кенеліп, шат-шадыман болып қалды. Жарқыраған үйдің кілтін Қазақстан халқы Ассамблеясы қорының басшысы Рафик Мирзоев табыстады.
Табиғи апаттың алғашқы күндерінен бастап ҚХА арнайы республикалық «Жүректен жүрекке» жобасын қолға алды. Барлық облыстардағы Достық үйлерінде штабтар, волонтерлік орталықтар мен гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ұйымдастырылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауының арқасында Ақмола және Қостанай облыстарының ауылдық аймақтарынан тағы бірнеше отбасы жаңа баспанаға ие болған еді.
– Мемлекет басшысы, ҚХА-ның Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ХХХІІІ сессияда Ассамблеяның су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық және қайырымдылық көмек көрсетудегі маңызды рөлін атап өтіп, баспанасыз қалған тұрғындарға ерекше көңіл бөлу қажеттігін де тапсырған болатын. Бұл ретте Ассамблея шын мұқтаж жандарға көмектесуде. Тұрғын үйлерді халықтың әлеуметтік осал топтарына, асыраушысынан айырылған, жеке тұрғын үйі жоқ көпбалалы отбасыларға алып беруде.
Бұл жолы ҚХА мүшелері мен меценаттарының қаражатына Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы баспанасынан айырылған отбасыларға үй сатып алынды, — дейді ҚХА қорының басшысы Рафик Мирзоев.
Айта кетелік, аталған акция аясында апат аймақтарына жалпы сомасы 770 миллион теңгеге жуық сомаға 1500 тоннадан астам азық-түлік пен ең қажетті тауарлар жеткізілді. Керекті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, Ассамблея мүшелері мұқтаж жандарға қол ұшын созып, су тасқынынан зардап шеккендерге барынша қолдау көрсетуді жалғастыра береді. Бұл халқымыздың қандай қиындықта да бірлігі мен ынтымағын ыдыратпағанын дәлелдейді.
Рита ӨТЕУҒАЛИ