Балабақша педагогтерінің жалақысын көтеру қаралып жатыр
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істеп жүрген педагогтердің жалақысын өсіру бағытында тиісті іс-шаралар пысықталып жатыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында балабақша педагогтерінің орташа жалақысы туралы сұрақ қойылды.
«Егер 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар және ең төменгі ІІ санаты бар балабақша педагогінің орташа айлығына тоқталсақ, шамамен 164-172 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, тәжірибесі жоқ, жұмысқа енді ғана орналасқан жас маманның жалақысы 94-120 мың теңге аралығында болады. Әрине, осы сомадағы жалақы тым аз екенін түсінікті. Сол себепті мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің табысын тағы да кезең-кезеңмен көтеруді қарастырып жатырмыз», — деді М. Адамова.
Осы орайда ол 2023 жылдың аяғына дейін мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің айлығын көтеру мәселесі қарастырылатынын айтты.