Балабақша кезегіне онлайн тіркелуге болады
Атырау тұрғындарына енді бүлдіршінді балабақшаға тіркеу және кезегін білу үшін ХҚО мен қалалық білім беру бөлімінде ұзын-сонар кезекке тұрудың қажеті жоқ, деп хабарлайды Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі.
2018 жылы 5 қыркүйектен бастап Атырауда garden.atyrau.gov.kz сайты жұмыс жасай бастады. Мұнда онлайн режимде балабақшаны таңдауға, ол туралы толық ақпарат алуға, мектепке дейінгі мекемелерге кезегін қадағалауға, сондай-ақ SMS немесе e-mail — хабарлама арқылы кері байланыс алуға болады.
Қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Алмабек Абдоловтың айтуынша, сайт ата-аналардың уақытын үнемдеуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелін және қалалық білім бөлімі мамандарымен жеке байланыс жасауды болдырмауға көмектеседі.
— Бүгінгі күні Атырау қаласындағы 42 мемлекеттік балабақшада 13 219 орын бар, оның 1141-і бос. Ата-аналардан 24 925 арыз түсті. Оның ішінде кезекте тұрғандар — 22 408, жеңілдік санатындағы азаматтар — 2 517, — деді Алмабек Абдолов.
Сонымен қатар, сайтта қаладағы барлық балабақшалардың толық тізімі, арыздардың кезегі, бос орындар бюллетені, алынған жолдамалардың жиынтығы орналастырылған. Ата-аналар үйден шықпай-ақ, балабақшаға кезегін тексеріп, жолдама ала алады. Бұл жерде жеке меншік балабақшалардың тізімі мен бос орындардың саны туралы ақпарат та орналастырылған.