Балаңызға абай болыңыз!
Жаздың аптап ыстығы басталысымен шомылу науқаны қыза түседі. Ал, осы кезде суға кету деректері көбейетіні жасырын емес. Мамандар қауіпсіздік шаралары сақталғанда қайғылы жағдайдың алдын алуға болатынын ескертеді. Дегенмен, судың да тілсіз жау екенін естен шығарып аламыз.
Мәселен, биыл ата-ана бақылауынсыз қалған төрт бала судың құрбаны болды. Сәуір айының ортасында Махамбет ауданында бір үйдің бір жарым және үш жастағы екі баласы суға кеткені естіген адамды есеңгіретті. Тапа-тал түсте ата-аналары балаларын таба алмай, оларды үйінен 20 метр жердегі жағалаудан іздей бастаған. Ал, сәл кейінірек туыстары ағыс бойымен екі шақырымдай қашықтан қыздардың жансыз денесін тапты. Өкініштісі сол, осы аудандағы бұл соңғы оқиға болмады.
Атырау маңындағы Еркінқала ауылында екі жасар ұл өзенге батып, ажал құшқанын да көпшілік ұмыта қойған жоқ. Бұдан бөлек тағы бір қайғылы оқиға өзенге жақын орналасқан Махамбет ауылында орын алды. Балалар үлкендердің қарауынсыз судың жағасында ойнап отырған кезде кенеттен өзен жарқабағы опырылып, екі жарым жастағы ұл суға құлаған. Оқиға куәгерінің шақыруымен құтқарушылар кешікпей жеткенімен, балдырғанды құтқарып қалу мүмкін болмады. Бұл биылғы көктемде Жайық суынан ажал құшқан төртінші сәби еді…
Байқасаңыз, оқиғалардың барлығы өзенге жақын орналасқан ауылдарда болған. Оның үстіне, балалар бақылаусыз жүрген. Орын алған оқиғалар бала қауіпсіздігі туралы қанша айтылғанымен, нәтиженің жоқтығын көрсетеді. Әлі оңы мен солын танып үлгермеген бүлдіршіннің өзін қараусыз далаға жіберу – ақылға сыймайтын іс.
Жуырда ата-ана салғырттығына қатысты бір әкімшілік іс қозғалып, мәселе сотта қаралған болатын. Қаладағы Құлманов көшесінде көп қабатты үйлердің қауіпті биіктіктегі қылтимасында (балкон) 6 және 10 жастағы балалар жүрген. Тіпті сол сәтте үйде ересектер болмаған. Мұны байқаған қала тұрғыны дереу полицияға хабарласып, бір қатердің алдын алған. Ата-анасы өз кінәларын мойындамаса да, Атырау облыстық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-ші бабы («Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы») бойынша оларға айыппұл салынды.
Айыппұл әрине, қайғылы жағдайға душар етер қателіктің орнын толтырмайды. Дегенмен, баланың аман-есен ер жетуіне, тәлімді тәрбие, толыққанды білім алуына ең алдымен ата-ана жауапты екенін ұмытпайық.
Мәлике МӘЛІК