Жарнама
Жаңалықтар

«Бала — өмір гүлі»

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау қаласында ұйымдастырылған мерекелік шараның бірі осылай деп аталды.

Балаларды қорғау — әрбір сәбидің тыныштығын қорғау, тәтті ұйқысын бұзбау, алаңсыз күлкісін тоқтатпау деген сөз. 1 маусымда аталып өтетін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Атырау қаласындағы №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында осында қызмет алушылар үшін «Бала — өмір гүлі» атты мерекелік шара ұйымдастырылды.
Шараға қатысқан облыстық мәслихат депутаттары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның, «AMANAT» партиясының өңірлік филиалының жетекшілері, облыстық полиция департаментінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары, адам құқықтары жөніндегі өкіл балаларды мерекелерімен құттықтап, игі тілектерін жолдады. Бұдан соң оны өткізуге қолдау көрсеткен мемлекеттік мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар мен бизнес, қаржыландыру құрылымдарының қызметкерлері мереке иелеріне жылы лебіздерін білдірді. Сый-сияпаттарын ұсынып, көңілдерін көтерді. Олардың қатарында «Болашақ Атырау» компаниясы, Халық банкі облыстық филиалы, «Атырау-06 Регион», «Алаш-лицейі», «Теңіз жүрегі» қоғамдық бірлестіктері «Басаров», «Жайық-Недоа» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін атауға болар еді.
Сонымен бірге кеш қонақтарының назарына Құрманғазы атындағы мәдениет сарайы өнерпаздарының, сондай-ақ, арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығынан қызмет алушы арасынан шыққан өнерлі балалардың дайындаған өнер кезектері ұсынылды. Концерттік бағдарламадағы «Қолшатыр» биі, «Ақылды достар» деп аталған шағын сахналық қойылымдар көрермендердің көңілінен шығып, көптің қошеметіне бөленді. Соңынан балалар үлкендермен бірге осында орнатылған тілек ағашына өз қолдарымен жазылған тілектерін ілді.
Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button