Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Еңбектің наны тәтті» дейді мүмкіндігі шектеулі Әлия Исимова

Atr.kz/10 наурыз, 2020 жыл. …Жап-жас келіншек Әлия да отбасын асырау үшін базарға шығып, печенье, кәмпит секілді тәттілер сатумен айналысты. Әрине, базарда бұдан басқа да жүздеген сатушы бар, бірде молырақ, бірде азырақ кіріс түседі.

«Әйтеуір, балапандарым ашығып қалмаса жарар» деген жас ана нандығын тауып жүреді. Жалдап тұрып жатқан пәтері бесінші қабатта болатын. Босаған картон жәшіктердің артығын шатырға жинауды әдетке айналдырған. Ойында ештеңе жоқ, тағы да солай қарай беттеді. Кенет аяғы тайып кетіп, цемент еденге жауырынымен тарс етіп құлады. Содан қатты зақым алған Әлия қанша емделгенмен, орнынан тұрып кете алмады. Жұлынға зақым келіп, бірінші топ мүгедегі болып қалды.

Жас әйелдің тәні де, жаны да әбден қиналды. Азапты күндер басталды. Әйтеуір, бар серігі – қағаз-қалам. Қозғалмастан жатқан күйі облыстық газет редакциясына, телеканалдарға, қала мен облыс басшыларына бәріне хат жазды, жағдайын айтып, көмек сұрады. Біз де Әлияның редакцияға жазған алғашқы хатын алысымен оған көмектесуге асыққанбыз. Болған жайды баяндап, үйкүйсіз жүргенін тілге тиек етіп мақала жаздық. Сәтін салып, осыдан кейін ол жайлы баспанаға қол жеткізді. Сәл кейін ауласы кең жер үйлі болды.

– Төсек тартып жатқан адамға түрлі ой келеді екен. Бір күні өзіме: «Осылай жатқаныма ондаған жыл өтті. Не өзгерді? Мұным жарамас, одан да бірдеңемен айналыса-йын. Өзіме, ұрпағыма талғажау болатын кәсіптің көзін аша-йын…» деген тоқтамға келдім. Осы ойымды ұлдарым Жүсіп пен Нұрланға, келіндерім Альбина мен Эльмираға айтып көргенмін, олар мені бірден қолдады. Тиісті орындар мен құзырлы органдар өкілдерінен ақыл-кеңес алып, тігін ісімен айналыса бастадық. Әрине, бәрі оп-оңай болды дей алмаймын. Сан түрлі кедергілер мен қиындықтар кездесті.

Бірақ, біз барынша сабыр сақтап, өзімізді өзіміз жұбатып отырдық. Қазақ қашаннан ырымшыл ғой, тұңғыш немереме Мақсат деген есім беріп едім. Ойлағандай арманмақсатымызға қол жеткізіп жатырмыз. Бүгінде жұмыссыз жүрген он адамды тұрақты қызметпен қамтып отырмыз. Тапсырыспен киім-кешек, көрпе-көпшік, той мен түрлі мерекелік кештерге киетін әдемі көйлектер, сондай-ақ, балабақша бөбектері мен мектеп оқушылары үшін сахналық қойылымдарға арналған сан түрлі костюмдер тігеміз. Ал, Геологтағы отбасылық үлгідегі «Шаңырақ» балалар ауылы тәрбиеленушілеріне қажет киімдерін өз материалдарынан тегін тігіп берсек, көп балалы ана Зухра Сәрсемалиеваға барынша көмектесудеміз — дейді кәсіпкер Әлия Исимова.

Жуырда аймақ басшысының бұқарамен басқосуына орай түрлі кәсіп иелерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сонда Әлия да тігін цехының өнімдерін апарып, көпшілікке жария етті. Әдемі тігілген киім-кешек
пен төсек-орын жабдықтарын көрген облыс пен қала басшылары мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан, кәсібін дөңгелентіп отырған Әлияның жағдайын білді.

Бұл туралы Әлияның өзі: «Облыс және қала басшылары Махамбет Досмұхамбетов пен Қайрат Оразбаев жаныма жақын келді. Өмірім мен кәсібім жайлы сұрады. Тігін цехымызға қазіргі заманғы жазу машинасын алсақ, деген арманымыз бар еді. Бірақ, оған қаражатымыз жетпей жүрген. Мен осы мәселені тілге тиек ете бастағанымда, қос азамат әңгімемді аяғына дейін тыңдап, болашақта демеушілер арқылы алып беруге жұмыстанатындарын айтты. Бұйырса, «атасының баласы», «әжесінің еркесі», «әкесінің қызы», «анасының ұлы» деген жазуы бар жейделерді өзіміз шығаратын боламыз», — дейді.

Лиза СЕЙТІМОВА

*Сіз не дейсіз?

Гүлнар ЕРАЛИНА, Гүлмира ҚАЙДАРОВА, Эльнар ӨТЕҒАЛИЕВА,

Бірлік ауылының тұрғындары:

– Адам болған соң киім-кешегіңді қысқартпай, қайта өңдетпей отыра алмайсың. Бұрын біз осындай шаруалармен «Дина» базарындағы тігіншілерге баратынбыз. Соған жарты күніміз кететін. Өз ауылымыздан Әлия апайдың тігін цехы ашылғалы бері басқа жаққа бет бұрмайтын болдық. Тігін цехының қызметі сапалы. Қызметкерлерінің келушілермен қарым-қатынасы жақсы. Бір сөзбен, бәрі ойдағыдай.

http://atr.kz/bez-rubriki/%d2%b1ltty%d2%9b-%d2%9bauipsizdik-komiteti-zhusan-operatsiyasyny%d2%a3-to%d2%9btatylu-sebebin-ajtty-video/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button