Жарнама
Жаңалықтар

«Бабалар ізімен…»: «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жаяу жорығы басталды

Қазақстан – кең байтақ. Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасындағы сайын даланың төсін мекендеген дарқан көңілді халықтың өзара байланысы, тығыз қарым-қатынасы әу бастан тонның ішкі бауындай байланысып жатыр. Ұлы дала төсін бұрынғы дәуірде руаралық тамырластық болса, бүгінде өзара өңіраралық қарым-қатынас сабақтастырады. Сондай әдемі байланыстың бірі облыстық «Atyray`» қоғамдық-саяси газетінің бастамасымен қолға алынғалы отыр. «Бабалардың ізімен…» атты тарихи-этномәдени «Қызбел-Қандыағаш-Қарабау» экспедиция-жаяу жорығы арқылы Қостанай облыстық «Қостанай таңы», Ақтөбе облыстық «Ақтөбе» және Атырау облыстық «Atyray`» қоғамдық-саяси газеттерінің арасында өзара тәжірибе алмасу және ақпараттық-шығармашылық қарым-қатынас қалыптаспақ.

Облыстық «Atyray`» қоғамдық-саяси газетіне Нұр-Сұлтан қаласынан хабарласқан кәсіпкер Марат Мұханбетқалиұлы Якупов еріктілердің тың бастамасын айтты. Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Қызбел ауылдық округінің орталығы – Саға ауылынан еркін күрестен бапкер Сәттібек Ысмайылов пен жеке кәсіпкер Ерлан Хұсайынов есімді екі азамат жоңғар шапқыншылығында қаза тауып, Атырау облысындағы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылы маңына жерленген Өтей батырдың рухына зиярат ету ниеті бар екен. Бұрынғы Торғай өлкесіндегі Торғай және Тобыл өзендерінің бойын мекендеп, Ойылдың құяр сағасындағы Қарабау жерінде мәңгі тыныс тапқан Өтей батыр Бекімбетұлы тарихшылардың айтуынша, шамамен 1714-1749 жылдары өмір сүрген.

Ол дәуірде ел шетіне жау тигенде, арғы-бергі ағайынға жаушы жіберіліп, көмекке қол жиналады екен. Оған себеп – Жетісудан әрі жатқан жоңғарға арқа сүйеген Еділ қалмақтары Ойыл өзеніне дейінгі кең жазираны өктемдікпен басып алып, иелік құра бастайды. Байырғы әдетпен Орта жүздің батыры Өтей өз жасағымен бірге Кіші жүздегі Еділ бойы қалмақтарымен соғысуға келсе керек. Ақсақалдардың ауызекі әңгімесіне қарағанда, сол жолы Өтей батырды Кіші жүз қазақтарына көмекке жұмсаған атақты Шақшақ Жәнібек көрінеді.

Пешенесіне солай жазылған ба, әлде қанқұйлы жаудың күші басым болып жазым тиді ме, әйтеуір қиян-кескі ұрыста есіл ер ерлікпен қаза тауып, қазіргі Қарабау ауылының күнбатыс бетіндегі биік дөңнің басына жерленіпті. Сол кезде Өтей батыр Бекімбетұлы 35 жаста екен.

Жау кетіп, апа-сапа басылған соң жергілікті халық батырдың қабірін сыпалап, топырағын жел суырмасын деген ниетпен басына бейіт тұрғызады. Қасына осы аймақтағы қайтыс болған қарапайым адамдары да жерленген. Біртіндеп бейітке жерленгендер көбейе бастаған соң, жерін жаудан азат ету жолында опат болған ердің есімін ұмытпау үшін тұрғындар мұны «Өтей қорымы» деп атап кетіпті. Кейін есімі көзінің тірісінде-ақ әділ билігімен исі қазаққа аты мәлім болған Есентемір Бөкен би Қосалұлы да өзінің мәңгілік орнын осы қорымнан таңдаған деседі. «Мені Сәдірге (Есентемір руының дәулеттілері жерленген қорым – авт.) емес, Өтейге жерлеңдер. Көзімнің тірісінде мені бағалаған айналайын халқым еді, өлгенде де солармен бірге боламын» деген бидің өсиетін ұрпақтары мүлтіксіз орындаған.

Өтей батырдың мәңгілік мекенін таппай жүрген ұрпақтарына хабарласқан бір азамат жазушы Нәбиден Әбуталиевтің «Шоқ жұлдыз» және «Бөкен би» туындыларында Арғын Өтей батырдың бейіті Бөкен бимен қатар екенін айтады. Сол бойынша 2007 жылы бұл қорымды арнайы іздеп тапқан батырдың ұрпақтары 2008 жылы Бөкен би мазарының солтүстік-батысынан ескерткіш орнатты. Қызыл граниттен қашалып жасалған құлпытаста: «XVII ғасыр басында жоңғарлармен шайқаста ерлікпен қаза болған бабамыздың есімі мәңгілік жадымызда. Ұрпақтары», – деп жазылған. Дәл осындай ескерткіш батырдың тарихи отаны – Қостанай облысы Жангелдин ауданының Қызбел ауылына да қойылған.

Ал, Қызбелден шыққан қос азаматтың Қарабауға дейінгі жаяу жүріп өтетін ара қашықтығы – 1200 шақырымның шамасында.

– Ең басты қиындық – Қызбел мен Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі және Ақтөбе облысының Ойыл ауданының орталығынан Атыраудағы Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылына дейінгі аралық. Жігіттердің қолдарында байланыс құралы, басқа да қажеттіліктері жеткілікті. Ақылдаса келіп, Сәттібек пен Ерлан Қызбелден Қарабауға дейінгі ара қашықтықты 25 күнде жүріп өтуге бел байлап отыр. Бұл – бір жағынан, осы кең байтақ жерді сақтап, бізге аманат еткен бабаларымызға тағзым, екіншіден республика өңірлерінің арасындағы өзара байланысты нығайту, сол арқылы ішкі туризмді дамыту. Мұндай игі іске қолдау көрсетіп жатқан Қостанай, Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдеріне ерекше ризашылығымызды білдіреміз, – дейді бастаманы қолдап, барлық істі ұйымдастырушы Марат Якупов.

6 қазан күні басталып, «Қызбел-Бидайық-Сарат-Қарабұтақ-Қандыағаш-Шұбарқұдық-Ойыл-Миялы-Тасшағыл-Қарабау» бағытымен жүретін тарихи-этномәдени тақырыптағы «Қызбел-Қобда-Қарабау» экспедиция-жорығына Қостанай облысындағы «МИЛХ-Новый день» ЖШС (директоры С.И.Блок) демеушілік жасап, «Ұрпақ» қоғамдық қоры қолдау білдірді. Ақпараттық тұрғыда қолдау көрсетіп отырған ««Қостанай таңы» газетінің редакциясы» ЖШС (директор-бас редакторы Ж.Аязбеков), «Ақтөбе Медиа» ЖШС (директоры Р.Отыншин) және «Атырау-Ақпарат» ЖШС (директоры – Ы.Егембердиев). Ал, жобаның идеялық авторы – Атырау облыстық «Atyray`» қоғамдық-саяси газетінің редакциясы.

Жобаның бастамашылары демеушілердің көмегімен экспедиция басталмас бұрын ата-бабамыздың ұлы ерлігін насихаттап, жас ұрпақ санасына сіңіру мақсатында және жаяу жорық жобасының тұсаукесері ретінде «Ұрпақ» қорының қолдауымен Қостанай облысының кітапханаларына қаламгерлер Қайсар Әлім мен Сәлім Меңдібайдың «Терең тамыр» кітабының 80 данасы сыйға тартылды.

Қуандық ШӘКІРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button