Жарнама
Жаңалықтар

БАҒА – ТҰРАҚТЫ БАҚЫЛАУДА

Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаевтыңайтуынша, базарлар мен супермар­кеттердегі азық-түлік бағалары күн сайын бақылануда. Әзірге сауда орындарындағы азық-түлік бағаларында айтарлықтай өзгеріс байқалған жоқ. Мәселен, еттің келісі 950-1100 теңге аралығында сатылып тұр. Ал, «АтырауАгросервис» ЖШС облыстық тұрақ­тандыру қорынан босатылатын көкөніс өнімдеріне ең төмен бағаны белгілеп қойған. Мысалы, өзге өңірлерден әкелген картоптың бір келісі 100-120 теңге аралығында болса, аталған серіктестік 75 теңгеден халыққа ұсынуда. Сол сияқты, пияз – 65 теңге, қырыққабат, қызылша мен сәбіз – 75 теңге, күнбағыс майы – 250 теңге, макарон өнімдері 110 теңгеден сатылуда. 

— Бағаны негізсіз өсірмеу, сонымен бірге, тұрақтылығын сақтау – басты міндет. Көріп отырғанымыздай, азық-түлік, көкөніс бағаларында өсім байқалмайды. Сөредегі әр азық-түлік тұсында міндетті түрде бағасы көрсетіліп тұруы тиіс, — деді облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Кейін облыс әкімі бастаған топ сүт өнімдері бөлімшесінде болып, мұндағы мән-жайға да қанықты. Бұл жерде «Бірінші мамыр» ЖШС-нің сүт өнімдері халыққа арзан бағамен сатылуда. Атап айтсақ, қаймақтың келісі – 1400, ал, сүттің бір литрі 160 теңгеден сатылымда тұр. Сондай-ақ, базар сөрелерінде көршілес Ақтөбе облысынан да сүт өнімдері бар. Ақтөбелік қаймақтың келісі 1000 теңге болғанымен, оның құрамында майлылығы аз. Сондықтан, оның бағасы да арзан. 

Сонымен қатар, бөлімше сөресінде ешкі сүті өнімдері де орын алған. Сатушы Анаргүл Жұмағұлованың айтуынша, күніне шамамен 30 шақты сүт бөтелкесіөтеді. «Жалпы халықтың ешкі сүті өнімдеріне сұранысы жоғары. Жас ерекшеліктеріне қарамай, егде адамдармен қоса, балалар да келіп, тұрақты тұтынушыларымызға айналуда», — дейді ол.    

«Дина» сауда орнында тек азық-түлік өнімдері ғана сатылып қоймай, киім-кешек сататын да арнайы ғимараттары бар. Аймақ басшысы базардың екі қабатты жаңа нысанында да болды. Мұндағы киімдердің басым көпшілігі Түркия елінен әкелінеді.

Аталған сауда орталығының басшысы Төкен Жұмағұловтың айтуынша, мұнда 220 дүңгіршек (бутик) бар. Әрқайсысы айына 80-100 мың теңгеге жалданады. Базар іші жарық, жылы, сауда жасауға барлық жағдай қарастырылған.

Ең бастысы, сауда болған жерде тәртіп болуы керек. Осыған орай сауда орталығы әкімшілігі базар жанынан арнайы күзет қызметін де ашып қойған екен. «Хазар» ЖШС күзет қызметі тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар атқаруда. Камерадан бақылау арқылы биыл үш қылмыс дер кезінде ашылып, заң бұзушы адамдар бірден қолға түскен.

— Арнайы монитор арқылы әр бутикті бақылап отырамыз. Бес жыл бойы қалалық ішкі істер бөлімімен тығыз байланыста жұмыс жасап келеміз, — дейді оператор Құралай Мамекова.

Сонымен қатар, облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы облыстық прокуратура жанындағы «Идеал» супермаркетінде де болып, мұндағы азық-түлік тауарлары бағасын да қарап шықты. Әсіресе, отандық өнімдерге ерекше мән берді. Бір үлгі тұтарлығы, аталған сауда орнында отандық өнімдерді насихаттайтын арнайы блок ашылған. Онда тек елімізде шығарылған өнімдер сатылып келеді. Аймақ басшысы мұндай арнайы блоктарды барлық сауда орындарында да ашу керектігін баса айтты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button