Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

Азық-түлік бағасы қалай реттеледі?

ҚАЗІР ЕЛ ТАРИХЫНДА ТАҒЫ БІР ДАҒДАРЫСТЫҢ ТОЛҚЫНЫ ЖҮРІП ЖАТЫР. ТЕҢГЕНІҢ ҚҰЛДЫРАУЫ ҚАЙ САЛАНЫ БОЛМАСЫН ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАТЫП, ХАЛЫҚ ҚЫМБАТШЫЛЫҚТЫҢ ҚАМЫТЫН КИЕ БАСТАДЫ. ӨЗГЕ ДҮНИЕНІ БЫЛАЙ ҚОЙҒАНДА, ТАМАҚ ҚҰНЫНЫҢ ӨСУІ БІРАЗ ОТБАСЫНЫҢ БЮДЖЕТІНЕ ОҢАЙ СОҚПАУДА. ОСЫ МӘСЕЛЕНІҢ ШЕШІМІН ТАБУ ҮШІН ҮКІМЕТ ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ ШАРАЛАР ЖАСАЛЫП ЖАТЫР? ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІММЕН ТОЛЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ НЕ КЕДЕРГІ? ШАРУАГЕРДІ ШАРШАТҚАН КІМ? НОРМАТИВ НЕ ДЕЙДІ?

ОСЫ СҰРАҚТАРДЫҢ АЯСЫНДА РЕДАКЦИЯДА ҚҰЗЫРЛЫ МЕКЕМЕ БАСШЫЛАРЫ ЖӘНЕ ШАРУАГЕРЛЕРМЕН «ҚЫМБАТШЫЛЫҚТАН ҚАЙТСЕК ҚҰТЫЛАМЫЗ?» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛДЕ БАС ҚОСЫП, ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰРТТЫ ТОЛҒАНДЫРҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП АЛДЫҚ.

Назарбек ҚОСШИЕВ, «Аtyray» газетінің бас редакторы:

– Осы жерде жергілікті жердегі шаруа қожалықтардың әл-ауқатын көтеру мақсатында құрылған «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының өкілі бар. Дмитрий Эдуардович, шаруагерлерге қандай көмек бар?

Дмитрий ДЮ, «Атырау » әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру департаментінің директоры:

– Қазіргі таңда бағаны тұрақтандыру мақсатында корпорация 0,1 пайызбен заем береді. Оның өзінің арнайы талаптары бар. Қарыз алушы – тауар өндірушінің, сауда желісі немесе базарларда өнімін өткізетін сауда нүктелері болуы керек. Қарыз ең төменгі пайызбен беріледі, бірақ міндеттемеге сай кәсіпкер келісілген уақыт ішінде шекті бағаны ұстауы қажет.

Алтынай ЕРУБАЕВА, Атырау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

– Егер кәсіпкер осындай кешенді жасауға ниеттеніп, қолға алса біз Үкімет тарапынан қолдауға дайынбыз. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жергілікті шаруашылықтарға 0,1 пайызбен қарыз ұсынып отырмыз. Сататын орнына дейін тауып берсек те, шаруагерлер қарызды алып, шаруасын жүргізіп, бағаны ұстауға құлықсыз. Олар одан 16-17%-бен банктен ақша алып, өнім піскен кезде қымбат бағасына Ресейге сатқанды жөн көреді. Былтыр желтоқсан, биыл ақпан айында облыстың арнайы делегациясының құрамында оңтүстіктің шаруагерлерімен кездесіп келдік. Алдын-ала берілетін ақшаны бәрі алғысы келеді, бірақ баға саясатын ұстауға ешқайсысы келіспейді.

Әлем УӘЛИЕВ, облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:

– Қазақстан Республикасы Әкімшілік Кодексі бойынша бағаны шектен тыс өсірген жағдайда кәсіпкерлер мен әкімгерлерге әкімшілік шара қолданылады. Ол үшін шекті баға уақытында бекітіліп, бақылау жасалып тұруы керек. Баға өсіру фактісі бойынша жергілікті атқарушы органдар Әкімшілік кодекстің 202-бабы бойынша 2020 жылы да, 2021 жылы да бірде-бір хаттама жасамаған. Демек екі жылдың үстінде тиісті функциялар орындалмаған. Дәрігерлер ем жасар алдында бірінші сараптама жасап, диагноз қояды. Сол сияқты, бағаны реттеу үшін алдымен мониторинг жасау керек. Бізде шетелден қанша тауар, қандай бағамен кіргенін бақылап, тіркеп отыратын арнайы органдар бар. Соның барлық деректерін саралап, сараптап, анықтамай біз бағаны реттей алмаймыз. Қымбатшылықтың тағы бір себебі, мәселен Атырауда халықтың 50 пайызы 200 мыңға дейін, 40 пайызы 600 мыңға дейін, 10 пайызы 1 миллионнан аса жалақы алады дейік. Дәріханада бір дәрінің құнын 30 мың теңге деп қояды. Жаңағы миллионнан аса жалақы алатын адам келіп «Баламнан аяймын ба?» деп дәріні сатып алады. Демек, нарықта сұраныс бар, тауар өтіп тұр. Ол бизнестің заңдылығы. Сондықтан сатушы да бағаны соған сай қояды. Бұл да бір бағаның жоғары болуына бірден-бір әсер ететін фактор.

(Жалғасы бар…)

Салтанат САНСЫЗБАЙҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button