Азия біріншілігінен – байрақпен! (+ФОТО)
Atr.kz/25 қазан, 2019 жыл. Көмірдің отаны Қарағанды қаласында Номад ММА спортынан Азия чемпионаты өтіп, оған Ресей, Иран, Пәкістан, Үндістан, Өзбекстан және Тәжікстан мемлекеттерінен 750-ге жуық спортшы қатысты. Құрлықтық бәсекеде ел құрамасының сапында өнер көрсеткен өңіріміздің спортшылары қанжығаларына 1 алтын, 5 күміс және 3 қола медаль байлап қайтты.
Сегіз бұрышты алаңда үш күнге созылған тартысты кездесулер нәтижесінде жерлесіміз Самат Жағпаров барлық бәсекелерінде биіктен көрініп «Азия чемпионы» атанып, алтыннан алқа тағынды. Ақтық бәсекелерінде ғана сүрінген Құлшарап Дүйсенғали, Сұлтанбек Өсербаев, Артур Нұғыманов, Жарқын Теңелбай және Абдуррахман Жағпарлар күміс жүлдеге ие болды.
Ал, үшінші тұғыр таласында үздік шыққан Арсен Ризуанов, Ерасыл Амангелді Ералы Өмірбековтер қола медаль иегерлері атанды. Жарқын жеңіске жеткен жерлестерімізді жарысқа Берғали Бауыржан, Ибрагим Лұқпанов, Ерман Майлашов, Ануар Батаев, Бердібек Сиражов, Манап Қабдиев сынды жаттықтырушылар дайындады.