Азғырдағы 10 елдімекен газбен қамтылады
Аtr.kz/2 мамыр, 2019 жыл. ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаттары Атырау облысына жұмыс сапарымен келіп, бүгін Азғыр өңірінің тұрғындарымен кездесті.
Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұxамбетов биыл мамыр айының соңына дейін 10 елді мекенге газ тартылатынын атап өтті.
«Бұл елді мекендегі ең үлкен жұмыс — газ жүргізу. Біз жұмыс барысының қалай жүріп жатқанын қарап өттік. Ұзындығы 365 км болатын газ құбыры салынып болды. Алдымыздағы мамыр айының аяғында іске қосылуы тиіс. Бұл жерге бір айдың көлемінде көгілдір отын жететін болады. Сонда 10 елдімекен газбен қамтылады», — деді Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Еске сала кетейік, газ жүргізу жобасы 8 мың тұрғыны бар 10 елді мекенді қамтиды. Азғыр аймағындағы газ құбырының жалпы ұзындығы 365,242 километрді құрайды.
«Аtr — Ақпарат»