Азаматтардың несиесін кешіру акциясының қашанға дейін жалғасатыны белгілі болды
Atr.kz/9 қыркүйек, 2019 жыл. Азаматтардың кепілсіз тұтынушылық несиесін кешіру акциясы уақытпен шектелмеген.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова осындай мәлімет айтты.
«Бұл бір жолдық акция. Яғни, жалпы берешек сомасы 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 3 миллион теңгеден аспауға тиіс. Маусым айында осы жаңалықты ести салып банктен несие алғандар бұл тізімге кірмейді. Ондай азаматтар болды. Қабылдауға келгендердің арасында да бірен-саран азамат болды. Ал, тізімге енбей қалғандар, өзін аталмыш 5 санатқа жатамын деп есептейтін азаматтар бізге құжаттарымен бірге өтінішін өткізуі керек. Яғни, акция қандай да бір уақытпен шектелмеген. Бұл тұрғыда азаматтардың алаңдауына негіз жоқ», — деді вице-министр.
Cаll-орталық:
111, 87172 74-32-20, 75-01-79, 75-01-78.
Оның айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйесінде 4 мыңнан астам жетім бала мен кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жастар туралы мәлімет жоқ.
«Егер тізімде болмаса, азаматтар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасында жұмыс істейтін cаll-орталыққа жүгіне алады. Ұялы телефон арқылы 200-дей адам маған тікелей шығып, өздерінің тізімге енбей қалғанын хабарлады. Ол кісілерге нақты түрде көмектесуге тырысып жатырмыз. Ал өткен аптаның сейсенбі-бейсенбі күндері ғана 120 кісі қабылдауға келді», — деді Светлана Жақыпова.
Дереккөз: «ҚазАқпарат»