Қазақстанда тағы бір мереке пайда болуы мүмкін
Atr.kz/18 наурыз, 2019 жыл. Атыраулық халық қалаулысы, Сенат депутаты Сәрсенбай Еңсегенов 14 наурызды Көрісу күні мерекесі деп белгілеуді ұсынды.
Сенаттың жалпы отырысында депутат Сәрсенбай Еңсегенов премьер-министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Сенатор 14 наурызды Көрісу күні мерекесі етіп белгілеуді ұсынды.
«Заманында Көрісу еліміздің барлық аймағында болған, халқымызға кеңінен таралған. Бірақ әртүрлі себеппен бұл дәстүр кей жерлерде ұмытыла бастады. Қазіргі мезгілде ол Қазақстанның басқа да облыстарына таралып, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып жүр.
Бүгінде Көрісу жекелеген аймақтың немесе тек қазақ халқының мейрамы емес. Оның аумағы мен ауқымы өсіп, елдің қоғамдық өміріндегі рөлі артып келеді. Шын мәнінде ол азаматтарымыздың дәстүрлі түрде аталып өтетін мерекесіне айналды», — деді Еңсегенов.
Ол алыс-жақын шет мемлекеттерде жүрген қандастар да осы атаулы күнді мерекелеп, шетелге таныстырып жатқанын атап өтті.
Сенатор «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес, елімізде ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және өзге де мерекелер тойланатын еске салды. Заңның төртінші бабына сәйкес, кәсіби және өзге де мерекелік күндер тізбесін Қазақстан үкіметі белгілейді.
«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, халқымыздың салт-дәстүрін қолдау және оны дәріптеу мақсатында 14 наурызды Көрісу күні мерекесі деп белгілеу жөнінде ұсыныс енгіземін және тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма беруіңізді өтінемін», — деді Еңсегенов.
Дереккөз: «Спутник Қазақстан»