Қазақстан-Корея: іскерлік байланыс іздері
Қос ел арасындағы әріптестікті нығайту мақсатында құрылған Қазақстан-Корей орталығының өкілдері Атырауға арнайы ат басын бұрды. Осыған орай, олар облыс әкімдігінде басқармалар мен бизнес-құрылымдар басшыларымен кездесіп, іскерлік бағытта құнды пікір алмасты.
Алдымен қонақтарға «қош келдіңіз» айтқан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Гүлзада Қайырғалиева өңірдің экономикалық-әлеуметтік ахуалы мен тауар айналымының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып өтті.
– Инвестиция тарту бойынша аймағымыз республикада көш бастап тұр. Осындағы өнеркәсіп өндірісінің республикадағы үлесі 25 пайыздан асады. Жалпы ішкі өнім көлемі мен орташа жалақы мөлшері бойынша да алдыңғы орында келеміз. Мұнда «Теңіз» және «Қашаған» секілді алып мұнай-газ кен орындары бар. Олардың жалпы қоры – 4,5 миллиард тонна мұнай мен екі триллион текше метр газ. Бұл жер ұлттық мұнай-газ кластерін құру үшін таптырмас орын. Яғни, мұнай химия мен мұнай-газ машиналарының құрылысын және өзіндік құны жоғары өнімдерді тереңірек қайта өңдеу жұмысын жолға қоюға болады.
Сонымен бірге, энергетика, құрылыс индустриясы, ауылшаруашылық саласы біртіндеп дамып келеді. Бүгінде әлемнің жүз мемлекетімен әріптестік байланыс орнатылған. Мыңнан астам біріккен және шетелдік кәсіпорындармен тығыз жұмыс жасап отырмыз, — деді ол.
Тағы бір ерекше атап өтер жайт, кедендік санақ көрсеткіштеріне сүйенсек, биыл Корея республикасымен тауарайналым көрсеткіші екі есе артқан. Облыс аумағында корейлік бес кәсіпорын тіркелген. Онда жеке жылжымайтын мүлікті басқару, тұрғын емес үйлер мен инженерлік ғиамараттар құрылысы және денсаулық сақтау саласы қамтылған.
Өз кезегінде, Қазақстан-Корей орталығының директоры У Джон Хи (Woo Jong Hee) делегация мүшелерімен таныстырып, сапардың басты мақсатына тоқталды.
– Әріптестік қатынасты одан әрі нығайту үшін осында «Dong Eun Plantech Offshore» (DЕРО) және «DE-K&K» компанияларының өкілдері келіп отыр. Біздің орталық өткен жылы ашылды. Экономикалық-әлеуметтік, қоғамдық-саяси, сауда-саттық, білім, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және басқа да салаларда бірлесе жұмыс жасағымыз келеді. «DЕРО» мекемесі кәсіби инженерия, өнеркәсіптік нарықтағы сараптамалық-техникалық қызмет аясында қызмет көрсетеді. Мұнай-газ және энергетикалық жобаларды іске асырып, теңіз жағалауындағы зауыттардың ішкі құрылысын жүргізеді, — деді ол.
Соңында кездесуге қатысушылар «ЖігерМұнайСервис», «АтырауМұнайМаш», «ПКФ Континет» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін аралап, ондағы негізгі жұмыс бағытымен танысты. Сондай-ақ, қонақтар үшін жаңа монша кешенінің жобасы таныстырылды.
Амандық Абдолов.