«Қазақ халқына шексіз ризамыз»

«Қазақ халқына шексіз ризамыз» Жаңалықтар

Өзге этнос өкілдерінің ортақ ойы осындай

«Алғыс ал» деген ақ тілек – баға жетпес баталы сөз. Расында да, алғыс айту да, алғыс алу да – үлкен мәнге ие. Алмағайып заманда жатты жатсынбай, құшағын айқара ашқан дархан пейілді қазақ – алғыс арқалаған халық. Елбасы 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Алғыс айту күнін белгілеу туралы ұсыныс білдірген еді. Кейін бұл ұсыныс көпшіліктің қолдауына ие болды. Ал, былтыр алғаш рет Алғыс айту күні аталып өтті.

«Қазақ халқына шексіз ризамыз»

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында айтулы күнге орай ұйымдастырылған салтанатты шара қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Оған арнайы қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жиналғандарды атаулы күнмен құттықтады.

«Бұл күннің мән-маңызы атынан-ақ белгілі. Жеке адамдардың алғыс айтуы емес, тұтастай халықтың бір-біріне деген шынайы пейілін білдіруге мүмкіндік беретін ерекше күн. Даламыз қандай кең болса, халқымыздың пейілі де сондай. Қазақта «бірлік бар жерде тірлік бар» дейді. Тату өмір, бейбіт заман – бағзыдан қазақтың аңсаған арманы. Қазіргі таңда Қазақстанды мекен еткен 130-дан астам этнос болса, соның 90-ға жуығы Атырау облысында тату-тәтті тірлік кешіп, ел дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Бүгінгі күні елімізде ұлты мен ұлысына, тілі мен дініне қарамастан, өмірден өз орнын табуына барлық жағдай жасалған. Бұл – Елбасының сарабдал саясатының жемісі» деп атап өткен аймақ басшысы бірлік пен ынтымақтың маңызына тоқталды. Бұл ретте орталық, жергілікті атқарушы билікке үлкен  жауапкершілік жүктелетінін де, саяси тұрақтылықты дамыта түсуге атсалысу қажеттігін де жеткізді. Шара қатысушыларына шынайы алғысын жеткізген облыс әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

«Қазақ халқына шексіз ризамыз»-2

«Достық, бірлік ұғымы – қашан да қадірлі. Бір үйдің баласындай бірлігі жарасқан бейбіт өміріміз – әлемге үлгі. Осы игі мұраттың бастауында Ұлт Көшбасшысының тұрғаны ертеңгі күнге деген сенімді молайта түседі». Салтанатты жиында сөз алған «Тхоньил» корей этно-мәдени орталығының жетекшісі Людмила Ли осылай дей келе, Қазақстан халқы Ассамблеясының алғаш құрылған күнімен тұспа-тұс келуінің үлкен символикалық мәнге ие екендігіне тоқталды. «Біз үшін Алғыс айту күні – қазақ жеріне, қазақ халқына, аға буынға, ата-анамызға деген пейілімізді білдіру күні. Біз ең алдымен қазақ халқының қамқорлығын еске аламыз. Неліктен дейсіз бе? Себебі, сонау бір қиын шақтарда қазақ халқы депортацияға ұшыраушыларды жатсынбай, дос көңілмен бауырына басты. Осы жерден әр этнос өз үйін, өз Отанын, өз отбасын тапты. Біздің түріміз бен тіліміз бөлек, дініміз бен діліміз өзге. Десек те, Елбасы ұстанымына сай, қазір бізде Отан – ортақ, ол – бейбіт Қазақстан. Осы тұста біз бейбіт өмір моделін қалыптастырған, ұлтымызға қарамастан, бәрімізді бір шаңырақ астына біріктірген Ұлт Көшбасшысына шексіз алғыс білдіреміз» деді ол.

Жиын соңы мерекелік концертке ұласып, көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, қазақ тілінде алғыстарын білдірген өзге ұлт өкілдері де салтанатты шара мәнін аша түсті.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Суреттерді түсірген: Ерлан Алтыбаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз