Айсұлудың ұлттық киімдері
Айсұлу Оразбаева – жергілікті кәсіпкер. Жақында «Атырау аруы — 2016» байқауының іріктеу кезеңінде ол топтама өнімдерін жұртшылыққа таныстырды.
Кәсіпкер әйелдің айтуынша, арнайы ғимараттың болмауына байланысты алғашқыда үйде жұмыс істеуіне тура келген. Ол өз өнімінің танымал болуы үшін он жыл талмай тер төкті. Жеткен жетістігіне тоқтап қалған жоқ. Киім тігуді де қолға алған Айсұлу соңғы екі жылда жаңа өнімдерінің топтамасын шығару туралы көп ойланды.
— Менің жұмысыммен жақсы таныс адамдар біледі, оның негізгі ерекшелігі – түсі. Қазір қазақстандықтар ұлттық бояумен көмкерілген киімдерді көбірек кие бастады. Бұл, әлбетте, қуанарлық жағдай. Әйтсе де, біздің өңірімізде «Атырауда жасалған» деген маркамен шығарылып жатқан ұлттық киімдер жоқ. Ал, соны неге қалыптастырмасқа, – дейді кәсіпкер келіншек.
Осы мақсатта бизнес иесі арнайы құрал-жабдықтар сатып алып, қажет мамандарды жұмысқа ала бастайды. Міне, осы тұста тағы бір мәселе туындайды. Іскер әйелдің айтуынша, ісмер тігіншілерді табу оңайға соқпаған. Жұмысқа жаңадан келгендерге барлығын қайтадан үйретуге тура келеді. Сол себепті олар жарты жылда тек 40 үлгі дайындай алды. Барлық үлгілер алғашқы көрсетілім барысында таныстырылды. Олар – ою-өрнектермен көмкерілген камзол, кеудеше, пальто, көйлек секілді киімдер. Сонымен қатар, ұлттық нақышта безендірілген сөмкелер де болды.
Көрсетілім көрермендердің көңілінен шықты. Енді кәсіпкер әйел өнімге сұраныс бұдан да артады деп үміттенеді. Айта кетерлігі, бағасы да қолжетімді. Бүгінде бұрынғы шағын салон үлкейтіліп, аты «Сәнді үй Айсұлу» болып өзгертілді. Онда он тігінші тұрақты жұмыс жасайды. Өндіріске қажетті материалдар Алматы мен Түркиядан тасымалданады.
— Мен күнделікті киімдерімізде ұлттық нақыштың көрініс бергенін қалаймын. Ұлттық киімдерді тек мерекелік шараларда ғана киіп жүрмесе екен деймін. Біздің тарихымыз бен мәдениетіміз – өте бай, ұлттық киіміміз – оның басты ерекшелігі. Сол себепті осы сұлулықты жарыққа шығарып, баршамен бөліскім келеді, – деп атап өтті Айсұлу.
Нұрислам ҒҰМАР